Өңірдегі білім саласынан тағы бір былық шықты. Д.А.Қонаев атындағы №25 колледждің оқытушылары қазақ тіліне қырын қарап отыр. Бұл оқу орнындағы бағдарлама қазақ тілінде болғанымен, сабақ өзбек тілінде оқытылады. Сонда 5 бірдей кәсіп бойынша өзбекше оқыған шәкірттер мемлекеттік тілде берілетін куәлікті қалай алмақ?
Десе де ауылда өзге ұлт балалары арасында қазақ тілінде білім алғысы келетіндер баршылық. Ол үшін оқушылар аудан орталығына не болмаса Шымкентке келуге мәжбүр. Өйткені іргедегі оқу орны мемлекеттік тілді менсінбей отыр. Колледждегі 400 студент өзге тілде білім алуда. Мұнда сабақтар түгелдей өзбек тілінде оқытылады. Бірақ бағдарлама да сабақ кестесі де қазақ тілінде. Білім ошағындағы бұл былықтан білім басқармасының өкілдері де хабардар болып шықты. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары-баспасөз хатшысы Б. Құрманғалиға (Берік Уәлиге-автор) ОҚО білім басқармасы бастығының орынбасары В.Дорониннен осы мәселеге қатысты жауап хат келді. В.Доронин мырза аталған колледж орналасқан Сайрам ауданының Қарабұлақ елді мекенінде 4500 халық тұратынын және олардың барлығының өзбек ұлтының өкілдері екенін айта келе, бүгінгі таңда колледжде өзбек тілінде оқытатын мектепті бітірген ұлты өзбек 374 оқушы білім алатынын жеткізген.
Және «колледжде оқыту тілі – қазақша. Еліміздің жалпыға бірдей білім беру стандарттары мен бағдарламаларына сәйкес колледжде сабақтар мен іс қағаздары қазақша жүргізіледі. Бірақ та сабақ өту барысында өзбек тілінде оқытатын мектепті бітірген оқушылар болғандықтан кейбір түсінбеген терминологиялық сөздіктер бойынша өзбекше қосымша түсіндіру жүргізіледі. Сондықтан ол заңға қайшы әрекет емес» деп жазыпты.
Жарайды, заңға қайшы келмейтін шығар. Бірақ кең қолтық Қазақстан бүгінде ешбір ұлтты жатырқап отырған жоқ. Бауырына басып, барын алдына салып беріп отыр. Есігін қағып, дастарқан басында да қазақша сөйлеңдер, той-томалақтарыңды қазақы салт-дәстүрмен өткізіңдер деп ешкімнің ұлттық болмысына «ұрлыққа» түсіп жатқан жайы да жоқ. Қайта көрегенділік танытып, өзге ұлттардың тілі мен дінінің, ата дәстүрінің дәріптелуіне жағдай жасап, әр ұлттың ұлттық болмысының жоғалмауына оңтайлы саясат ұстанып отыр. Бірақ осының бәріне «рахмет» айтуға жарап жатқан қайсысы бар? Тым болмағанда, қоғамдық орындарда, білім ошақтарында біздің тілде сөйлеп, шама-шарқыларының жеткенінше қазақша қарым-қатынас жасауға әрекеттенсе игі еді дейсің. Біз мұны олардың «қазаққа айтқан алғысы» деп қабылдар едік… Алайда, олай ойлайтын құзырлы орган болмай тұр…
Естеріңізде болса, бұған дейін Сайрам ауданында 120-дан астам қаракөздің өзбек тілінде білім алып жүргені туралы жазған болатынбыз. Аудандық білім бөлімінің бастығы Динара Айкөзова хабарлағандай, қазір оқушыларды қазақ мектептеріне көлікпен апару мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл үшін жергілікті бюджеттен қаржы сұралған. Егер қажетті қаражат бөлінсе, мәселе оң шешімін таппақ.
Түйін:
Өзбекстанға жақын Шымкентте өзбекше білім беріп жатқан осындай оқу ордалары ойымызды онға, санамызды санға бөліп отырса, Ресейдің жалдауына берілген Байқоңырда қазақ тілді балабақша жоқ. Мектептерде Ресейдің тарихы ұлықталуда.
Айтпақшы, осындайда мемлекеттік тілдің жанашыры болып жүрген, Парламент депутаты Розақұл Халмұрадов ойға оралады. Сол Розақұл ағамыз өзі туып-өскен Сайрам ауданында осындай жағдай болып жатқанынан хабары жоқ-ау деймін, шамасы. Әйтпесе, мемлекеттік тілдің шын жанашыры болса аудандағы өзбек мектептерінен қазақша сынып ашуға мүдделі болар ма еді…
Мақпал РЫСБАЕВА
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=XeKCGc492wU[/youtube]