Таяуда Сарыағаш ауданының Тегісшіл ауылында таңғажайып оқиға орын алды. Осы ауылда тұратын Азамат Сапарбай атты кішкентай сәби ғайыптан сүндеттеліп қалды. Анасы Үрзияның айтуынша, жалпақ жұртты таңғалдырған бұл ерекше оқиға 2 ақпан күні түнде болған.
Азамат сол күні түнде ұйықтап жатып қатты шошынған көрінеді. Артынша қайта ұйқыға кеткен балаға ата-анасы ол кезде мән бермейді. Ұлының іш киімі қан-жоса болып бүлінгенін таңертең бір-ақ байқаған анасы баланың сүндеттеліп қалғанын көреді. Уақыт оздырмай дереу оны дәрігерге апарып көрсетеді. Дәрігер баланы қарап болған соң, оны жыныс мүшесі ғайыптан сүндеттелгенін айтады. Сосын кішкентай Азаматты анасы ауыл молдасына алып барады. Ал молда баланы періштелер сүндеттеген деп қорытады. Қазір баланың денсаулығы жақсы. Жалпы, оқиғадан кейін бала мазасызданбаған да сыңайлы.
Азамат әлі кішкентай, алдағы тамыз айында бес жасқа толады. Өткен сейсенбіде Азаматтың ата-анасы қой сойып, ауылдастары мен туған-туыс, дос-жаранға арнап дастархан жайды. Келгендердің барлығы да мұны жақсылыққа жорып отыр.
Ербосын ОРЫН, «Абдул хамит Хаттани» мешітінің найб-имамы: «Қазір ғайыптан орын алатын жайттер көп кездесетін болды. «Алла» деген жазумен туылып жатқан қозылар, осындай таңбамен пайда болған жұмыртқалар. Бәрі де Алланың құдіретімен болып жатыр. Жалпы, дүниеге сүндеттеліп келетін балалар бар. Оларға «Сүндет» деген ат беріледі. Бірақ, мұндайды бұрын-соңды естімеппіз. Діни кітаптарда да пайғамбарлардың не сахабалардың өмірге келгеннен кейін ғайыптан сүндеттелгені туралы ешқандай дәйектемелер жоқ. Жалпы, Сүндет Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) сүннеті болғандығы үшін де мұсылман халықтарында ерекше маңызға ие. Сүндет тазалық деген сөзбен парапар. Сондықтан мұны тек жақсылыққа жориық».