Оңтүстіктегі судьялар аң-таң. Мемлекет меншігіне алу туралы соттың қаулылары шыққанымен сотта айғақты зат болған мүліктер ұшты-күйлі жоқ боп кетеді екен. Бұл жайында облыстық сотта өткен «Сот актілерін айғақты заттарға қатысты бөлігінде орындау» атты дөңгелек үстелде мәлім болды.
Масқара болғанда соттың шешімімен жойылуға тиіс болған кейбір қару-жарақтардың қайтадан қылмыс әлемінде көрініс табуы орын алуда. Яғни, соттың қаулысымен жойылуға тиісті қару-жарақты кейбір пысықтар сатып пайда тауып жүргені айтпаса да түсінікті.
Тіпті ондай факті жуырда тіркелді де. Түлкібас ауданында кезінде сот қаулысымен жойылуға жіберілген 2 шолақ мылтықты 80-82 мың теңгеге саудалап жатқан жерінен құзырлы мекеменің қызметкерінің қолына кісен салынды.
Айтпақшы, жоқ боп кеткен 5 тонна спирттің жайына келейік. ОҚО облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқаның төрағасы Бек Әметовтың айтуынша, бұл спирт Мақтарал аудандық сотының қаулысымен мемлекет иелігіне өтуі керек болатын. Бірнеше жылдан бері сол спирттің қайда кеткені түсініксіз. «Спиртке зәру медициналық мекемелер бар, болмаса техникалық қызмет үшін қажетсініп отырған әскери бөлімдер бар, соларға берсеңдер болады ғой», – дейді Бек Әметов сот актілерін орындау департаментінің өкілдеріне бетін бұрып. Судьяның айтуынша 5 тонна спирт жақында ғана Сайрам аудандық қаржы полициясының қоймасынан табылғаны анықталғандай болғанымен, тағы да ұшты-күйлі жоқ боп кеткен. «5 тонна спирт 5 литр емес қой. Ішіп қоятындай. Қайда кетті спирт?!». Дөңгелек үстелде бұл сұрақ басы ашық күйінде қала бергені қызық болды.
Спирт, қару-жарақ қана емес, осылайша сотта айғақты зат ретінде қолданылған ақшалар да қолды болғанға ұқсайды. Олай дейтініміз, сот актілерін орындау бойынша 2008 жылдан бері есепте тұрған миллиондаған теңгенің тағдыры жұмбақ. Сотта айғақты зат ретінде қолданылған валюта Ұлттық банкке өткізілуі керек. Осылайша ол мемлекет иелігіне беріледі. Өкінішке қарай, бұл теңгелердің қайда кеткені осы күнге дейін дүдәмал күйінде қалып отыр екен. Облыстық соттың судьялары «қолымызда оның Ұлттық банкке өткізілгені туралы анықтама жоқ» деп шырылдайды.
– Соттармен қабылданған актілердің дер кезінде орындалмауы сот билігінің беделін түсіріп отыр, – дейді облыстық соттыі төрағасы Нұрсерік Шәріпов. – Облыс бойынша бүгінгі таңға осындай орындалмаған 111 іс бар. Олардың 44-і 2005-2011 жылдардың еншісіндегі істер. Мұндай істердің көбі әл-Фараби аудандық сотына қатысты болып отыр. Қару-жарақтарды жою, сот қаулы еткен айғақтық мүлікті, затты мемлекет меншігіне алу ісінде салғырттық әсіресе сот актілерін орындау департаменті мен облыстық ішкі істер департаментіне қатысты болып тұр.
Мысалы, Сарыағаш аудандық сотының қаулысымен айғақты зат ретінде алынған 2 млн теңге әлі күнге мемлекет меншігіне алынбаған. Ұлттық банкке түспеген. Сол сияқты Түркістан сотымен айғақты зат ретінде алынған 3 автокөлік те «жоқ» боп кеткен. Осының барлығын тізбектеген ОҚО сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының судьясы Әшірбек Рахымбаев дөңгелек үстелге жиналған облыстық прокуратураның, қаржы полициясының, ІІД-нің, сот актілерін орындау департаментінің өкілдеріне тағы бір рет ескерту жасағандай болды. Алайда, бұл ескертуді орынсыз, «ендігі жерде ҚР Қылмыстық істер жөніндегі заңы бойынша шара көру керек» деген судьялар да болды.
Не десек те, облыстық сотта бұл мәселенің ашық осылай талқыға түсуі алғаш рет болғанын несіне жасырайық. Бәлкім Елбасының кешегі күні құқық қорғау органдары басшыларына берген тапсырмасы әсер етті ме екен, аймақтарда заңсыздықты болдырмауға деген сілкініс пайда болғандай. Ұзағынан сүйіндірсін!
Жәмила Жайлаубекқызы