Шымкентте ағайында жас өнерпаздардың шығармашылық кеші өтті

«Романс», «Прелюдия», «Этюд», «Бэссамэ мучо», «Арыс жағасында», «Кешікпей келем деп ең…».  Мұндай таңғажайып туындыларды әуендік аспаптарда ойнауда кішкентай бүлдіршіндер де қызығушылық танытып жүр. Скрипканың, домбыраның, гитараның, саксафонның сырын меңгерген ағайынды 13 жасар Алисұлтан мен 11 жасар Амир бұл күні ең бірінші шығармашылық кешін өткізді. Бүгінде көптеген саз байқауларының жеңімпазы болып үлгерген олар өзі оқитын қаламыздағы №1 Жамал Омарова атындағы мектептің мақтанышына айналуды армандайды.

Алисұлтан Алымжан скрипкада күй ойнағанда жүрекпен сезініп ойнайды
Алисұлтан Алымжан скрипкада күй ойнағанда жүрекпен сезініп ойнайды

Алисұлтан Алымжан: “Мен фортепиано, саксофон, скрипка, домбыра, кернеу сынды музыкалық аспаптарда еркін ойнаймын. Себебі, 1-сыныптан бастап арнайы үйірмелер мен арнайы ұстаздардан сабақ алдым. Әрине, саз әлемін түсіну оңай емес дейді. Бірақ жаныңмен сезінсең, бәрі де артта қалады. Мәселен, менің достарым “бір аспапты таңдап соны терең меңгерген дұрыс” деп санайды. Бірақ мен ешқайсысымен қошатаса алмай жүрмін”.

Амир Алымжан ағама қарап, қолыма музыкалық аспаптарды ұстадым дейді
Амир Алымжан ағама қарап, қолыма музыкалық аспаптарды ұстадым дейді

Амир Алымжан: “Мен Алисұлтан ағам сияқты болуды қаладым. Сондықтан саз әлеміне бет бұрдым. Ол домбыраны қолға алса, мен гитара ұстадым. Сонымен қоса фортепиано, саксафон, кернеу, гитара – осы музыкалық аспаптар мен досыма айналды. Анам да мені қолдайды, ұстаздарым да көмектеседі. Мен болашақта бұл аспаптарды бұдан да жақсы ойнайтын боламын”.

Ал бұл концерттік кешке келген сыныптастары мен достары әрбір күйді ерекше сезіммен тыңдап, қуана қол соғып отырды.

Айман Бақытқызы: «Шынымды айтсам, менің де домбыра тартқым келіп кетті. Алисұлтан мен Амирдің өнеріне таң қалып отырмын. Өздері керемет ойнайды, мен де соларға ұқсап үйренгім келеді. Барлық досатарымыз да тып-тыныш, тапжылмай тамашалап отыр ғой. Енді мен де осындай үйірмелерге қатысатын боламын».

Осылайша ағайынды өнерпаздар өзінің алғашғы кешінде бас-аяғы 17 шығарманы сахна төрінде орындады. Жас өнерпаздардың анасы Әсел баларының талантына тамсана қарап, «атасы ақын, өнерге жақын отбасымыз» дейді мақтана.