«Арай-2013» байқауы аяқталды

756
Республикалық "Арай-2013" байқауы мәресіне жетті

 Шымкентте дәстүрлі Республикалық «Арай-2013» жас эстрада әншілері және облыстық мәдени іс-шара жүргізушілері байқауы мәресіне жетті. Өнер додасына еліміздің ең таңдаулы 16-28 жас аралығындағы 32 өнерпаз қатысты. Солардың 15-і — біздің жерлестеріміз.

Мәдина Өтебай, Ерік Серіктегі, Жұлдыз Намаз, Набира Ақынбекова, Бағдат Сейтбеков, «Қуаныш, Айдар, Қуат, Нұрбек» квартеті, Мархаббат Бейсенова, Мұхтар Қосыбай, Серік Нұрекеев, Салтанат Мұханова, Ақниет Олжа, Болат Құрманәлиев пен Айдана Сапарбаева, Сержан Исаев, Гүлхия Жуашбаева, Жанар Исмайлова — жас өнерпаздар арнайы іріктеуден өтіп, байқауда облыстың атынан шығуға жолдама алған. Ал биылғы өнер бәсекесінің ерекшелігі — жас әншілер мен қатар мәдени іс-шаралардың үздік жүргізушілері де анықталды.

Анығырақ айтсақ, 8 өнерпаз байқаудың шарты бойынша жас әншілердің эстрадалық ән байқауын жүргізді. Осылайша жүргізушілік қабілеттері байқалды.

"Арай-2013" Республикалық байқауына еліміздің түкпір-түкпірінен 32 үміткер қатысты
«Арай-2013» Республикалық байқауына еліміздің түкпір-түкпірінен 32 үміткер қатысты

Қазылар алқасының құрамында ҚР Мәдениет қайраткері, ОҚО Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияның директоры Әбдіхан Нұрмағанбетов, ҚР мәдениет қайраткері, халықаралық, респбуликалық байқаулардың жеңімпазы болған әнші Аллаберген Жақсыбеков, композитор Айжігіт Асанов, ОҚО саз колледжінің оқытушысы Балзия Абирова болды.

Ал ҚР Мәдениет Министрлігі, Мәдениет комитетінің музыка өнері басқармасының бастығы Нұрболат Ахметжанов төрағалық етті. Көптен күткен ән байқауын ОҚО әкімінің орынбасары Әли Бектаев ашық деп жариялап, үміткерлерге сәттілік тіледі.

Жас әншілерге 1 патриоттық және еркін тақырыпта ән орындау міндеттелген. Сахна төріне бірінші болып шығып, көпшілік алдында өнер көрсету үлкен жауапкершілікті талап ететінін үміткерлер ғана жақсы сезінеді.

Сонымен республикалық «Арай-2013» байқауының шымылдығын халық әртісі Роза Рымбаеваның репертуарындағы «Атамекен» әнімен Оңтүстіктің аруы Мәдина Өтебай түрді. Бірақ жас әнші әнді сәтсіз бастады, сондықтан соңы да ойдағыдай шықпады десті өнерсүйер қауым. Ал екінші нөмірлі болып шымкенттік Ерік Серіктегі Елбасы Н.Әбішұлының сөзіне, Бекболат Тілеухановтың әніне жазылған “Жерім менің” әнін орындап шықты. Жас әншіге көрерменннің қошемет-ықыласы ерекше болды, қол соғып, “Жарайсың, Ерік!” деген дауыстар әншіге қолдау болғаны анық. 

Республикалық “Арай-2013” байқауында эстрада бөлімі бойынша бас жүлдені (500 мың теңге) Ақтөбе облысынан келген Нұрболат Абдуллин жеңіп алды. 1-орынға (300 мың теңге) шымкенттік Гүлхая Жуашбаева лайық деп табылды. Ал 2-орынды (200 мың теңге) Орал қаласының әншісі Айнара Айтқалиева мен жерлестеріміз Қуаныш, Айдар, Қуат, Нұрбек квартеті иеленді. Ал 3-орынға (100 мың теңге) Түркістан қаласының жас әншісі Жанар Исмайлова, Қызылорда облысынан Индира Ахметова, алматылық Серік Қанибаев қанағат тұтты. Сонымен қоса, “Көрермендер көзайымы” арнайы аталымын маңғыстаулық “Керуен” тобы алды.

“Ең жас әнші” жүлдесімен шымкенттік әнші Ақниет Олжа марапатталды. Сейдолла Бәйтереков атындағы жүлдені Қарағандылық өнер иесі Ербота Ұзақбаев жеңіп алса, Шәмші Қалдаяқов атындағы жүлде Солтүстік қазақстан облысынан ат арылтып келген Қуаныш Ерзатұлына бұйырды. Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының арнайы жүлдесіне Гүлдана Азизхан (Жаңатас қаласы), Дихан Ильяшев (Астана қаласы), Айбек Дәулетқалиев (Батыс Қазақстан облысы) ие болды.  

Нұрболат Абдуллин бас жүлде алу  3 ұйықтаса да түсіне кірмегенін айтады
Нұрболат Абдуллин бас жүлде алу үш ұйықтаса да түсіне кірмегенін айтады

Нұрболат Абдуллин, бас жүлде иегері: «Байқап тұрған боларсыз, қатты қуанып тұрмын. Негізімен Шымкенте алғаш рет келіп отырмын. Сондықтан болса керек, Шымкентте осындай құрметке ие боламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Алла Тағаланың жазғаны шығар енді. Қуанышым қойныма сыймай тұр. Жігіт болған соң, өз-өзімді ұстаймын ғой. Ал байқауда басты қарсыластарым болған Орал қаласынан келген Айнара Айтқалиева мен қызылордалық әнші Индира Ахметова дер едім. Кәсіби әншілердің өнерін құрметтеймін. Қошемешіт мен құрметян аямаған көрермендерге де айтар алғысым шексіз». 

Ал облыстық мәдени іс-шаралар жүргізушілері арасында бас жүлдені (150 мың теңге) Отырар ауданының өнерпазы Батия Устемирова қанжығасына байлады. 1-орынды (70 мың теңге) Төлебидің таланты Пердебек Есқұлов пен шымкенттік Ақмейірім Қуашбаева еншіледі. Шымқаланың тұрғыны Жандос Өсербаев 2-орыннан көрінсе, 3-орынға Ордасабсы ауданының серісі Берік Бейсенбай мен Шымкенттің үздігі Айгерім Мырзабаева місе тұтты. Ынталандыру сыйлығы Қазығұрт аудынынан келген Бақыт Тастанбеков пен Шынар Оңтуғановаға берілді.  

Нұрболат Ахметжанов байқау әділ өтті деп ағынан жарылды
Нұрболат Ахметжанов байқау әділ өтті деп ағынан жарылды

Нұрболат Ахметжанов, ҚР Мәдениет Министрлігі, Мәдениет комитетінің музыка өнері басқармасының бастығы: «Арай» байқауынан талай эстрада жұлдыздары қанаттанған. Сол себепті байқау-конкурстар ішінде ойып тұырып орын алады. Деңгеі де жоғары. Бұл дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін “Арай” байқауы еліміздің ең таңдаулы таналанттарын, қаймақтарын көрсетуде маңызы зор. Ең алдымен айтарым, бұл байқау жас өнерпаздарға үлкен сахнаға жолдама әперуін жалғастырады. Әрине, 5-10 жыл бұрынғы байқаумен салыстыра қарғанда мынау үміткерлердің ән айту деңгейі, кәсіби шеберлігі, талаптары да анағұрлым артқан, жоғарғы дәрежеде. Жыл өткен сайын өнерпаздардың талғамы да өзгеруде. Бұл құбылыс қазылар алқасы үшін де қуаныш. Қарап отырып мәдениеттің дамуын таразылаймыз. Қатысушылардың барлығы да әрбір облыстың үкілеген үміттері. Ал бүгінгі жеңімпаздар оқ бойы озық шықты, кімнің қандай айтқанын көрермен де көріп отыр. Қазылар алқасының құрамында өнер саласының кәсіби мамандары болған соң, ешқандай талас туған жоқ. Біз бірауыздан әділ бағаладық деп ойлаймын. Нағыз талант ешқашан тасада қалмайды ғой».

Мейрамкүл Адибаева, көрермен: “Мен байқау басталғаннан бері жібермей тамашаладым. “Арайды” жыл сайын асыға күтеміз. Жастолқынның ән орындау шеберлігіне тәнті болдым. Қазылар алқасы әділ бағалады деп ойлаймын. Ақтөбелік Нұрболат пен жерлесіміз Нұрхаяға жүлделі орынмен марапаттағаны дұрыс болды”.

Марат Бақбергенов, көрермен: «Менің ойымша әділ өтпеген сияқты. Сияқты деген себебім, ия таланттар бағаланды ғой, бірақ орын беруге келгенде шатасқандай. Бұл менің жеке пікірім енді. Бас жүлдені Гүлхаяға беру керек еді, бірінші орынды Оралдың аруы Айнара Айтқалиеваға. Ал екінші орынғаНұрболат Абдуллин лайық деп ойлаймын. Әрине, әр кезде көрерменнің тілегі орындала бермейді ғой. Ең бастысы, орынсыз қалмағанына қуандым нағыз өнер иелерінің».

Осылайша марапаттау рәсімі Қазақстан өнер жұлдыздары мен “Арай” байқауы лауреаттарының гала-концертіне ұласты. Келер жылы өнер додасымен қатар байқаудың 20 жылдығы да тойланады деп күтілуде.