Аттестация нені аңғартты?

облыстық білім басқармасының бастығы Албина Елшиева журналистердің қатысуымен өткен брифингте аттестация қорытындысымен келіспейтінін жеткізді
облыстық білім басқармасының бастығы Албина Елшиева  журналистердің қатысуымен өткен брифингте аттестация қорытындысымен келіспейтінін жеткізді
облыстық білім басқармасының бастығы Албина Елшиева журналистердің қатысуымен өткен брифингте аттестация қорытындысымен келіспейтінін жеткізді

Аттестацияның әлегі енді білім беру ошақтарын да алқымнан ала бастады. Оңтүстік Қазақстан облысындағы білім мекемелерінің үштен бірі аттестаттаудан өте алмады. Білім саласындағы сапаны бақылау департаменті қызметкерлерінің мәліметтерінше, отыздан астам мектепте балалардың білім деңгейі «екі» және «үш» деген бағаларға лайық. Ал кейбір білім ошақтарында спорт зал, химия және физика зертханалары атымен жоқ. Педагогтардың кәсіби даярлығының деңгейі де төмен. Әсіресе, Мақтарал, Сарыағаш, Сайрам аудандарындағы білім дәрежесі тіптен көңіл көншітпейді.

Алайда, облыстық білім басқармасының бастығы Албина Елшиева журналистердің қатысуымен өткен брифингте аттестация қорытындысымен келіспейтінін жеткізді. Оның пікірінше, мектептерді сынақтан өткізу барысында айтарлықтай олқылықтар орын алған. Оқушылардың үлгерімі мен мұғалімдер біліктілігіне дұрыс баға берілмеген. Білімді бақылаушылардың өңірде білім саласының деңгейі төмен дейтіндей нақты дәлелі жоқ. Сондай-ақ А.Елшиева саладағы кемшіліктердің нақты көрсетілмегенін, мәліметтердің көпшілігі жалпылама берілгенін алға тартты. Мәселен, үлгеру сапасы ережеге сәйкес 70%-дан төмен деп көрсетілген. Бұл негізгі формулаға салынып, есептелмеген. Ал формулаға салса, бұл көрсеткіш 75%-дан да асып кететін көрінеді. Облыстың бас ұстазы жекелеген мектептердегі кейбір тексеру шараларын да сынға алды. Оның ойынша, Сайрам ауданындағы №28 Ақбай орта мектебінде оқушылардың үлгерімі дұрыс бағаланбаған. Тексеруші тарап спорт залы жоқ деп көрсеткен мектептің үлесінде спорт залдың болғаны да анықталып отыр.

Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс ол жағы бізге белгісіз. Белгілісі, білім саласындағы көрсетілген кемшіліктерді толтыруға жарты жыл уақыт беріліп отыр. Осы уақыт аралығында кемшіліктер түзелмесе құзырлы орган тарапынан шаралар көріледі. Ал колледждердің лицензиясы кері қайтарылады. Сондай-ақ Елшиева ханым мұндай аттестаттау шарасын 5 жылда бір рет ұйымдастырса да жетерлік деген ойын да жасырған жоқ.

 

Ал осы кезде

Жаңа әдіс бойынша біліктілікті арттырған ұстаздардың жалақысы көтерілетін болды. Аз емес бірден 30%-дан 100%-ға дейін. Министр Бақытжан Жұмағұловтың сөзіне қарағанда, өткен жарты жылдықта 7 мың мұғалім қайта даярлаудан өткен. Бүгінде кімнің жалақысы қанша пайызға артатыны айқындалып отыр. Қайта даярлаудың үшінші кезеңінен өткендердің айлығы 30, екінші кезеңге 70, ал бірінші кезеңнен өткендерге 100% көбейетін болды.