Әсіресе «Алпамыс» аула клубының бүгінгі сиқын көріп, көңіліңіз құлазуы мүмкін
Әсіресе «Алпамыс» аула клубының бүгінгі сиқын көріп, көңіліңіз құлазуы мүмкін
Әсіресе «Алпамыс» аула клубының бүгінгі сиқын көріп, көңіліңіз құлазуы мүмкін

Шымкенттің аумағы күн өткен сайын үлкейіп келеді. Тұрғындарымен қатар мектеп оқушыларының да саны артқан. Алайда, балаларға арналған аула клубтары бәз баяғы күйде. Қимыл-қозғалыс жоқ. Осыдан бес жыл бұрын жеті клуб жұмыс жасайтын еді. Уақыт өте оның біреуі жабылып тынды. Өкініштісі сол, мұндай орталықтарды ашу әлі жоспарға да алынбаған.

Аула клубтарының аты ғана бар
Аула клубтарының аты ғана бар

«Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы» деп ұрандатқан басшылар қарапайым аула клубтарын ашудың өзін көп көріп жүрген секілді. Қомақты қаражатты талап етпейтін шағын клубтардың бүгінгі апатты жағдайын көріп, ол жерге перзентіңізді жіберуден бас тартасыз. Әсіресе «Алпамыс» аула клубының бүгінгі сиқын көріп, көңіліңіз құлазуы мүмкін. Мұндағы спорттық құрал-саймандардың ескіріп, жарамсыз болып қалғалы қашан. Жаңарту жағы әзірге жоспарда жоқ. Ол аз десеңіз, Қабанбай батыр көшесінде орналасқан аула клубының есік алды қоқысқа толы. Жергілікті тұрғындар қоқысын алысқа бармай-ақ, осы клубтың алдына тастауды әдетке айналдырыпты. Терезеден лақтыра салатындары да бар екен. Ұстаздар қауымы әр пәтер иелерімен сөйлесіп, мәдениеттілікке үгіттесе де, құлақ асар жан табылмаған. Басқа клубтардың да ахуалы оңып тұрғаны шамалы.

Дегенмен, «Сайрам» шағынауданында орналасқан «Жастық» клубының жағдайы «Алпамыстан» тәуірлеу. Жасөспірімдер сарайының қызметкерлері жағдайы жеткенше клубтың ғимаратына жөндеу жұмыстарын жасап жүр. Ұстаздар өз қолымен әрлеп, сырлаумен әлек. Олар осының өзіне шүкіршілік айтады. Күрделі жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен қаржы бөлінбей ғимараттың жағдайы жақсарарына күмәнмен қарайды. Оған қоса мұндағы құрал-саймандар да ескірген. Дойбы, тоғызқұмалақ секілді зияткерлік ойындардың тақтайшалары жетіспейді. Бәрі де қаражатқа келіп тірелері бесенеден белгілі.

Аула клубтарының ахуалы мүшкіл
Аула клубтарының ахуалы мүшкіл

Соңғы екі апта көлемінде облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы тәрбиесі қиын жасөспірімдерді дұрыс жолға салуды өз қолына алды. Бұл – тәртіп сақшыларының ұсынысы. Бірлесе жұмыс жасап, оларды спортпен шұғылдануға шақырмақ. Осындай бұзақы балалардың арасынан епті спортшылар шығатынына бапкерлер сеніммен қарайды. Осы мақсатта спорт шеберлері мен бапкерлер бірқатар орта оқу орындарына барып, тәрбиесі қиын оқушылармен жұмыс жасады. Олардың арасында спорттық секцияларға жазылғандары да бар. Балалар мен жасөспірімдер орталығының ұстаздары аула клубтарының қатары көбейіп, секциялар ашылса ғана бұзақы балалардың қатары кеми түсер еді дейді.

Ал үміт етіп отырған аула клубтарының жағдайы жоғарыдай болса, бұл игі шарадан да әзірге түк шықпайын деп тұр.

Сарбиназ АЛДАБЕРГЕНОВА

Полат Қырықбаев
Полат Қырықбаев

Полат Қырықбаев, ОҚО туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы

– Ішкі істер басқармасының тізімінде 137 бала тұр екен. Бір ай көлемінде осы жеткіншектермен жұмыс жасауымыз қажет. Қолдан келгенше оларды түрлі спорттық секцияларға жазамыз. Негізі, тәрбиесі қиын балалармен дұрыс бағытта жұмыс жасай білсек, епті спортшыларды тәрбиелеп шығуға болады. Спорт шеберлерінің бірқатары да сондай болған ғой. Сол себепті осы 137 баланың тең жартысын дұрыс жолға қоя білсек, оның өзі біз үшін үлкен жеңіс болар еді.