Ауылдағы ағайын ауызсуға мұқтаж

424
Балалығын су тасумен өткізген балғындар
Балалығын су тасумен өткізген балғындар
Балалығын су тасумен өткізген балғындар

«Ақ бұлақ» бағдарламасына қыруар қаржы бөлінді дейміз, алайда жергілікті тұрғындар ауызсуға мұқтаж. Мысалы, Ордабасы ауданында жұмысын толық аяқтамай, бөлінген қаржыны түгел қалтасына басқан мердігер ауылға ауызсу беруге асығатын емес.

Айта кету керек, соңғы төрт жылда Оңтүстік Қазақстан облысындағы 217 елдімекенге су құбырлары тартылған. Яғни, 835 мың адам таза ауызға қол жеткізді деген сөз. Алайда, олардың арасында Ақпан аулының тұрғындары жоқ. Ордабасы ауданындағы Ақпан ауылында 70-ке тарта шаңырақ бар. Белшесінен бейнетке батқан ауыл балалары шелекпен, ересектері есек жегіп, арбамен су тасиды.

Елдімекенге су құбырын тарту жұмыстары осыдан үш жыл бұрын басталса да тұрғындар тіршілік нәріне әлі де жарымай отыр. Ауыл тұрғыны Қожатай Матанбетов кейде басқа жаққа көшіп те кеткіміз келеді деп ашынады.

Аудандағы Мамыр ауылындағы ахуал да осыған ұқсас. Жүзге тарта түтіні бар ауылға ауызсу өткен жылы жеткізілуі тиіс болатын. Алайда, екі жыл бұрын басталған құрылыс жұмыстарының шеті көрінетін емес. Су берілмек түгілі, құбыр төселеді деп қазылған орға апта сайын адам, күн сайын төрт түлік түсіп жатады.

Есегі бар ауыл тұрғынының машақаты сәл де болса жеңіл
Есегі бар ауыл тұрғынының машақаты сәл де болса жеңіл

Ол аз болғандай, тұрғындардың айтуынша, осы ор ауыл тірлігіне ауыртпалық салып тұр. Мамыр ауылының тұрғыны Палмахан Өміров былтыр жазда бір түйір сабан немесе шөп түсіре алмағандарын айтады. Көршілері де солай. Өйткені, жолдың екі жағын қазып тастаған. Не трактор кіре алмайды. Не мәшине шыға алмайды.

«Бала-шағамыз оқуға бара алмайды. Тізеге дейін лай боп барады. Қанша мал түсті» дейді ауылдықтар.  Қазір осы олқылыққа қатысты аудандық құрылыс бөлімінің бастығы мен екі мердігер компаниясының басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Енді осы аудандағы құрылысы қабылданып қойған Көлтоған ауылындағы жұмыстар да прокурорлардың назарына ілініп отыр.

 

 

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=TJk0rFtpJow[/youtube]