Бүгін 13-ақпан Дүниежүзілік радио күні. Әлемде сазды әуенмен сан мың ақпарат тарататын толқын көп болғанымен мерекенің атап өтіле бастағанына небәрі 1-ақ жыл болды. Осыдан 67 жыл бұрын дәл осы күні «БҰҰ Радиосы» эфирге шықты.
Оңтүстіктегі ең алғашқы радио мұражайда көз қарашығындай қорғалады. Кәдуілгі келуші бұл құнды жәдігерді көре алмайды. Шыққанына жарты ғасырдан асқан ғажап зат арнайы қоймада тұрады. 7 келілік көненің көзін сақтау үшін мамандар оған арнайы температуралық жағдай жасайды. Ал радио осыдан 20 жыл бұрын Түлкібастан әкелінген.
Аға ғылыми қызметкер Роза Тұржанованың сөзінше, көне экспонат тек арнайы көрмелер кезінде ғана қойылады екен. Есесіне, мұнда тағы бір асылдың сынығын көруге болады. Бұл радиоға соғыс жылдарында «қара тәрелке» деген ат берілген. Бағандарда асылулы тұратын осы техниканың көмегімен жергілікті жұрт майданға кеткен ет жақындарының жағдайын біліп тұрған.
Өкінішке орай, қазір радионы тыңдаушылар аз. Оны тек көлік тізгініндегі адамдар ғана тұтынады десек артық айтпаймыз. Ал жастардың дені IT технологияға есі ауған. Бүгінгі тойланып жатқан әлемдік радио күні де өткен жылы ғана қолға алынды. Атаулы датаның 13 ақпанға таңдалу себебі, 1946 жылдың 13 ақпанында «БҰҰ Радиосы» алғаш рет эфирге шыққан болатын.