Біз жол көлік оқиғаларының азаюын, балалар арасында қайғылы жағдайлардың болмауын қалаймыз! Дәл осындай ұранмен шыққан жол қозғалыс жас инспекторлар түрлі акциялар ұйымдастыруда. Жол полициясы басқармасының аудандық бөлім қызметкерлерімен бірге түрлі шараларға қатысқан оқушылар осылайша жол сақшыларына көмектерін көрсетпек. Бір топ жас инспекторлар арнайы киім формаларын киіп, жол ережесі жазылған парақшаларды таратумен қатар, жүргізушілерге жол ережесін бұзбауды, балалардың өмірін сақтауды өтінуде.
Ал шымкеттік көлік жүргізушілердің өздері мұндай бағыттағы акцияларға қолдау көрсетуде. Олар мектеп оқушыларының белсенділік танытқанын құп көріп, олардың істері өзгелерге үлгі болсын дейді. Өйткені төртінші, бесінші сынып оқушылары осындай шара арқылы өздері де жол ережелерін білумен қатар, өзге сыныптастарына үйрете алады. Оған қоса кішкентай инспекторлардың аузымен айтылып, қолынан шыққан жұмыстар әсерлірек болады деп отыр.
Жол полициясы жеке батальонының командир міндетін атқарушы, полиция капитаны Сәкен Оспанов мұндай шаралардың нәтижесі де жоқ емес дейді.
«Біз мектеп оқушыларынан құралған жас инспекторлармен бірге жиі рейдтік шараларға шығамыз. Олар біз тоқтатқан жүргізушілерге түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Мұның нәтижесі де жақсы. Бұл жүргізушілерге жол ережесін бұзбай көлік жүргізуге ой салады»,-дейді Сәкен Оспанов.
Ал оқушылардың өздері бұл жұмыстарға дән риза. Олар сабақтарын да оқып, түрлі қоғамдық шараларға да қатысып үлгереді. №5 мектепте осыдан бірнеше жыл бұрын құрылған жол қозғалыс жас инспекторлар ұйымына мүше балалардың атқаратын өзара міндеттері бар. Өз міндеттерін жауапкершілікпен атқаратын олар білім ошағында төменгі сынып оқушыларына да жолда жүру ережелерін түсіндіреді.