Балуан таптық!

Салмағы 140 келі, бойы 2 метрден асады

Облыс спортының басшылары «Қазақ барысы» турниріне қазірден дайындыққа кіріскендей. Өткен жылғы сәтсіздік сабақ болды ма, әлде газетімізде «Оңтүстіктен «Қазақ барысы» қашан шығады?» деген мақаламыз түрткі болды ма, әйтеуір спорт басқармасы алпамса балуандарды іздей бастады. Таяуда тұрпаты нағыз «Қазақ барысындай» балуанды іздеп тауыпты. Алыстан іздегеніміз, жанымызда жүр екен. Жерлесіміз Әділхан Сұлтановқа енді үлкен сенім артылып отыр.

Салмағы 140 келі, бойы 2 метрден асады
Салмағы 140 келі, бойы 2 метрден асады

Жанайқайымызды естіген облыс спортының басшысы ауыл-аймақты сүзіп шыққандай. Қоңсы Жамбыл облысынан да іздестіріпті. Құр қол келмей, өзіміздің «батырды» тауып келгендігіне бәріміз қуанып-ақ жатырмыз. Алып балуан Қазығұрт ауданының тумасы екен. Бұған дейін еленбей келгендігіне жұртшылық аң-таң. Қызық болғанда, былтыр «Қазақ барысы» атанған жамбылдық Бейбіт Ыстыбаевпен бір кілемде алысып жүрген жігіт. Облыстың шақыртуын қабыл алып, туған жерге бүйрегі бұрған балуанның әрекетіне сүйсіндік. Дене бітімі де етжеңділеу. 25 жастағы Әділханның салмағы 140 келі болса, бойы 2 метрден асады. Көңіл тоятындай-ақ. Бүгінде облыс намысын қорғап жүрген Нұрзат Бекасылов, Сабыржан Әбілдаұлы мен Бақыт Көлбай түйе палуандардың салмағы 100-ге жетпейтін еді. Бұдан былай балуандарымыздың арасында қызу бәсекелестік туатын сияқты. Бәсеке болған жерде ғана нәтиже болары бесенеден белгілі ғой.

Сарбиназ АЛДАБЕРГЕНОВА

 

Полат Қырықбаев
Полат Қырықбаев

Полат Қырықбаев, ОҚО туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы

– Естеріңізде болса соңғы екі жылда Оңтүстіктің палуандары бұл жарыста жеңіліс тауып, осы күнге дейін алып денелі палуанды іздестірдік. Бүгінде жасөспірімдер арасында түйе палуандар жетерлік. Алайда, олар жасы жағынан бұл додаға сай келмейді. Сол себепті де Әділханды алып отырмыз. Енді алдағы жарыста жүлделі боламыз деп үміттенейік.