Күдікті азамат тұтқындау кезінде қарсылық көрсеткен жоқ
Күдікті азамат тұтқындау кезінде қарсылық көрсеткен жоқ
Күдікті азамат тұтқындау кезінде қарсылық көрсеткен жоқ

Шымкентте бойжеткенді ұрып-соққан деген күдікпен бір жігіт тұтқындалды. Оқиға былай болған. Түнгі сағат 02-ден 15 минут өткенде ішкі істер департаментінің шұғыл басқару орталығына суыт хабар түседі. Қоңырау шалған қыз көмек сұраған. Ол өзін таныс жігіті сабап тастағанын хабарлайды.

Оқиға орнына тәртіп сақшылары тездетіп аттанады. Полицейлер келген бетте көп ұзатпай күдікті жігіті қолға түсірді. Оны жәбірленушімен беттестірген кезде қыз өзіне қол көтерген азаматты таниды. Содан кейін күдікті азамат Әл Фараби полиция бөліміне жеткізілді.

Осы жерде қылмысты іс қозғап, жігітті қамауға алуға да болар еді. Дегенмен, мәселенің екінші ұшы шықты. Қолға түскен жігіт тергеу барысында оқиғаның қалай болғаны жөнінде өзінің нұсқасын айтып берді. Яғни, бұл қызбен 1 жылдан астам уақыттан бері таныс көрінеді. Осыдан біраз бұрын ашу үстінде қызды ұрғаным рас дейді. Дегенмен, сол кезде бойжеткеннің кешірімін алып, мәселені жылы жауып тастапты. Арада бір жыл өткен соң, осы оқиға қарсаңында таныс қыз (таяқ жеген қыз) осы жігітке қоңырау шалады.

Бойжеткен бейнекамераға жүзін көрсеткісі келмеді
Бойжеткен бейнекамераға жүзін көрсеткісі келмеді

«Мен бұл кезде теміржол вокзалы маңындағы дүңгіршекте отырған едім»,- деп еске алады бұл азамат. Содан екеуі кездесіп, біраз әңгімелеседі. Алайда сөздері жараспаса керек, бойжеткен байбалам салып, бұрынғы таяқ жегенін тағы еске алады. Онымен қоймай, полицейлерге де хабар беріпті.

«Мен бұл жолы аздап ішіп алғанымды теріске шығармаймын. Бірақ, бұл қызға саусағымның ұшын да тигізбедім» деп ақталады күдікті азамат.

Осы арада тәртіп сақшыларын көмекке шақырған қыз түсінік беруден бас таптып, бейнекамераға теріс айналды. Тіпті «камераны алып кетіңіздер» деп айқайлап та жіберді. Соған қарағанда өзінің әрекетінің түбі шикі екенін түсінген болуы мүмкін. Қазір тәртіп сақшылары осы оқиғаның анық-қанығын тексеріп жатыр.