Бозторғайдың ұясы бұзылған күн

1010
"Бозторғайдың ұясы" пьесасы 7 жылдан бері театрдың сахнасынан түспей келеді

15 ақпан – Ауғанстан жерінен Кеңес әскерінің шығарылған күні. Қаламыздағы Ж.Шанин атындағы драма -театр атаулы датаға орай жазушы Мархабат Байғұттың «Бозтороғайдың ұясы» атты драмасын ұсынды. Айта кетейік, ауған соғысына 22 мың қазақстандық қатысты, олардың 761-і қаза тапты, 21 адам хабарсыз кеткен.

Пьесада 24 жыл бұрынғы ауғандағы сарбаздарымыздың жау жүрек батылдығы ашық көрініс тапқан. Бұл қойылым есіме жау алдында тайсақтамаған 18-19 жасар өрімдей жас жауынгерлердің жазықсыз құрбан болғанын да түсірді дейді ауған соғысының ардагері Ербол Мәліков. Сұрапал соғысқа қатысқан ардагер қаралы күндер ешкімнің басына түспегенін тілейді.

Ербол Мәліков пьесаға тәнті болғанын жасырмады

Ербол Мәліков, ардагер: «Көзіме жас үйірілді. Пьесаның шынайы шыққаны соншалықты, есіме сол кездер түсіп кетті. Талай боздақтардың өлім құшқаны көз алдымда тұр. Қалай біздің күрескеніміз, ауыр күндер. Бұл ерлік ұмытылмауы тиіс».

«Бозторғайдың ұясы» пьесасының авторы – жазушы Мархабат Байғұт. Қоюшы режиссер – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерғали Уразымбетов. Ал басты рөлдегі Серікжан Елубаевтың рөлін әртіс Ержан Закиев сомдады. Ал Айгүлдің рөлі Бақыткүл Қожамұратоваға бұйырған. Серікжанның анасыны болып ҚР еңбек сіңірген әртісі Құпия Рахымбердиева ойнады.

Қойылым желісі бойынша Серікжан бозторғай ұялаған ағаш түбіне күн сайын келіп, табиғаттың тылсым сырларымен тілдеседі. Сезімтал жігіт бұл кезде ауғанғаннан келер ауыр апатты сезбеген де еді. «Бозторғайдың ұясы» талқандалар күннің жақын екенін білмеген. Ал драмалық қойылымдағы бозбаланың сүйіктісі Айгүлдің рөлін сомдаған Бақыткүл Қожамұратова сахнадағы кейіпкерінің болмысына ену қиынға түскенін айтады.

Бақыткүл Қожамұратова, әртіс: «Әскерге бармай қалған байдың баласы Айгүлді алып қашып кетеді…

Бақыткүл Қожамұратова Айгүлдің бойындағы адалдықты айтып жеткізе алмаймын дейді

Жылдар өтеді. Айгүлдің қанша жыл жыл өмір сүрген күйеуі ғой енді ол, сол күйеуін тастап, баяғы жігіті соғыстан мүгедек, екі аяғы жоқ болып келіп отырса да оған қайту – міне осы екі арада шешім қабылдауы, сөйтіп бір жағына шығуы – сол бір қиындық туғызатын мәселе . Осы бір тұсы маған қиындау болды. Себебі жан дүниеммен сезініп ойнадым, сондықтан екі ортада оның күйін кешу мен үшін ауыр болды дей аламын. Бірақ Айгүлдің бойындағы адалдық пен мейірбандылықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бойынан көп дүниені үйренуге болады. Пьесада режиссеріміз Ерғали Уразымбетовтың арқасында әр адам өз образын сәтті орындап шықты деп ойлаймын».

7 жыл бұрын жазылған «Бозторғайдың ұясы» күні бүгінге дейін театр сахнасынан түспей келеді. Ауғандағы ауыр күндер мен сарбаздардың соғыстағы ерлігін боямасыз жеткізген жазушы бұл туынды қоғам сұранысы дейді.

Мархабат Байғұт, жазушы: «Бұл еңбек алғаш ауған соғысына қатысқан бауырларымыздың сұранысы бойынша жазылған. «Кино жоқ, роман-әңгіме, повестер жоқ, сахнада көрінбейді, Сіз әңгімелер жазатын едіңіз ғой, пьеса жазып көріңізші» дегеннен кейін жазғанмын. Шәріп Өтегенов, Қайрат Тұлғаев дейтін ауғандықтар бар, солардың және басқа балалардың өтінішімен жазылған. Ал «Бозторғайдың ұясы» аталуына келетін болсақ, қазақ ұлты, қазақ халқы ешқашан да өзге елге шабуыл жасамаған. Басқыншылық жасамаған. Бозторғайдың ұясындай жуас, момын ел. Бірақ өзіне шабуыл жасағанды, өзіне жаугершілік жасағанды аямаған, кешірмеген, қарсы шыққан. Туған жерін, туған ұясын қорғаған. Бұл пьесадағы басты рөлдегі Серікжан деген жігіт бозторғайдың ұясындай кішкентай ғана үйінде өмір сүріп жатыр еді. Шешесі бар, әпкесі бар еді. Сол «Бозторғайдың ұясы» тас-талқан болып, ауған соғысына жіберді бұны. Анау ақын Рахман да сондай. Бозторғайдың отбасында туып-өскен. Соңында Рахман қаза табады, Серікжан екі аяғынан айырылып, мүгедек болып оралады. Көптеген бозторғайдың ұялары осылай тас-талқан болады. Сол қазақтың бозторғайын ауғанстанда жүргенде де ұмытпайды. Елестетеді. Сағынады. Сол маңыз-мәнде қойылған дүние. Ия, көпшіліктің көзіне жас үйіріліп отыр. Бармасам да көрмесем де сезініп тұрып жаздым. Біз мына қалам ұстаған азаматтар сезініп, жүрекпен жазумыз міндетті деп ойлаймын. Сонда ғана жұртқа тұщымды дүние сыйлай аламыз».

Ауғандағы сұм соғыстың аяқталғанына қаншама жылдар өтсе де, бұл драмалық қойылым ер батылдығын еске салуын жалғастырады.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=8MSPLmLvyfY[/youtube]