Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге ҚАЗАҚСТАН мүдделі ме?

1702
Фото //altaynews.kz
Фото //altaynews.kz
Фото //altaynews.kz

ДСҰ дегеніміз не?

Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) — халықаралық сауда ережелерін еркіндік қағидаларына қарай реттейтін халықаралық экономикалық ұйым. Дүниежүзілік сауда ұйымын құру тарихы Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде бастау алғанымен, ол 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастады. ДСҰ басты міндеті – іркіліссіз халықаралық сауда-саттыққа мүмкіндік туғызу. Дамыған елдердің бастамасымен құрылған аталған ұйым халықаралық саудада экономикалық өсім мен адамдардың тұрмыс-тіршілігін көтеруге ықпал етеді деп есептеледі. ДСҰ-ға кіретін елдердің үлесі әлемдік тауар айналымының 95% құрайды, яғни Ресейді қоспағанның өзінде бүкіл дүниежүзілік нарықты қамтып отыр деуге болады.

Ұйымның құрамы қандай?

Бұрынғы кеңестік елдерден оның қатарында қазір Литва, Латвия, Эстония, Грузия, Армения, Молдова, Қырғызстан, Украина және Ресей бар. Бауырлас республикалардың арасынан алғашқылардың бірі болып 1998 жылы 20 желтоқсанда ДСҰ мүшелігіне Қырғызстан қабылданды. Одан соң 1999 жылы 10 ақпанда Латвия, 1999 жылы 13 қарашада – Эстония, 2000 жылы 14 маусымда – Грузия, 2001 жылы 31 мамырда – Литва, 2001 жылы 26 шілдеде – Молдова, 2003 жылы 5 ақпанда – Армения, 2008 жылы 16 мамырда – Украина Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі атанды. Көршілес Ресей Федерациясы ДСҰ құрамына 2012 жылы 22 тамыздан бастап енеді. Бүгінгі таңда Дүниежүзілік сауда ұйымы мүшелігіне 156 ел (155 мемлекет пен Еуроодақ) қабылданып отыр.

Қазақстан бұл ұйымға кіруге мүдделі ме?

Қазақстан Үкіметі ДСҰ-ға кіру – елдің сыртқы экономикалық саясатындағы басымды бағыттардың бірі деп біледі. Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына ену үрдісі 1996 жылы 26 қаңтарда ДСҰ Хатшылығына Қазақстанның Ұйымға енуі туралы ресми өтінішін жеткізген сәтінен бастау алды. 1996 жылғы ақпаннан бері Дүниежүзілік сауда ұйымы Қазақстанды бақылаушы ел ретінде танып отыр. Қазақстанның ДСҰ-ға кіру жөніндегі жұмысшы тобы құрылып, оған Ұйымның 40 астам мемлекеті кіреді. Сонымен қатар, нарыққа тауарларды шығару жөніндегі келіссөздерге 14 ел, ал, қызмет нарығына қатысты 10 ел қатысады. Бүгінгі күні Қазақстанның 29 мүше-елдерімен ДСҰ-ға кіру шеңберінде қазақстандық тауарлар мен қызметтерге қол жеткізу бойынша екіжақты келіссөздердің аяқталуы туралы хаттамаларға қол қойылған.

Қосылу мақсаттары мен міндеттері:

* Дүниежүзілік экономикаға ықпал жасау үрдісін күшейту;

* Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылық тауарларын сатуда тарифтік және тарифтік емес кедергілерді төмендету, халықаралық сауданы әрі қарай ырықтандыру мен дүниежүзілік нарықта еркін және әділ бәсекелестікке жағдай туғызу;

* Әзірленген үрдістер мен ережелердің негізінде қызметтерді халықаралық сатуды реттеу, оны әрі қарай кеңейту және келіссөздерді жүргізу жолымен кезеңдеп ырықтандыру;

* Ұлттық құқықтық жүйелерде айырмашылықтарды есептеумен зияткерлік меншікке құқықтардың сауда аспектілері саласында тиімді қорғау механизмін құру;

* Сауда дауларын реттеудің тиімді көпжақты механизмін құру;

* ДСҰ мүше-елдердің ұлттық сауда саясатына бақылауды жүзеге асыру;

* Қазақстандық тауарлар мен қызметтерді экспорттау үшін дүниежүзілік нарықтардың қол жетімділігі;

* Халықаралық нормалары мен стандарттарына сәйкес елдің сауда заңнамасын келтіру;

* Елде болжамданатын саудалық-инвестициялық ортаны қалыптастыру;

* Көпжақты сауда келіссөздерін кезеңдеп өткізу үшін «келіссөз алаңшасының» қызметтерін қамтамасыз ету.

Келіссөздер қай сатыда?

Жеке елдермен өткізілген екіжақты келіссөздердің 14 кезеңінің қорытындылары бойынша Қазақстан тауарлар нарығына шығу жөнінде келіссөздердің соңғы мәресіне жетті. Бүгінгі таңда тарифтік міндеттемелерді егжей-тегжейлі талқылап, АҚШ, Еуропалық Одақ, Канада сияқты елдермен диалог құруға қол жеткізді. Сонымен қатар, қызметтер нарығына шығу жөніндегі келіссөздер процесін одан әрі қарқынды жүргізуге негіз қаланды. Қазіргі кезде Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру процесі маңызды сатыда тұр. Келіссөздер жүргізу тұрғысында Қазақстан үшін бес мемлекет, атап айтқанда, АҚШ, Еуропалық Одақ, Канада, Аустралия және Болгария ең маңызды болып табылады. Келіссөздер процесінде уағдаластыққа жету қиыншылықтары тауарлар мен қызметтер нарығына шығуда көп жағдайда олардың нақты коммерциялық мүддені қозғамайтын, тіпті еліміздің экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әсіреқатаң талаптар қоюынан туындауда. Аталған проблемаларды реттеу үшін Қазақстанның ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздер мен ресми кездесулер кестесі әзірленді. Бұл тұрғыда Сыртқы істер министрлігінің шетелдік мекемелері де ДСҰ мүшелері болып табылатын жеке елдерге саяси ықпалды күшейтуге барлық мүмкіндіктер жасауда.

Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру бізге қажет пе?

Кеңес Одағы ыдырап жатқан тұста, Батыс елдері КСРО-ның мирасқоры болып табылатын Ресейдің ықпалын әлсірету мақсатында бұрынғы одақтас республикалар үшін халықаралық ұйымдардың есігін айқара ашып, жеңілдікпен кіруді ұсынды. Ә дегеннен ДСҰ мүшелігіне ұмтылған Ресейдің келіссөздерді 20 жылға жуық уақытқа созылып, ол енді ғана Ұйымға мүше бола алатын болды. Елеусіз Қырғыз Республикасы 1998 жылдың өзінде-ақ Ұйым мүшесі боп шыға келді. Ресейдің бұрынғы тағы жеті бауырлас елдері Ресейдің алдын орап, ДСҰ қатарынан бір-ақ табылды. «Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» деген бабаларымыздың өсиетін өзгенің ұрпағы қағып алған сияқты. «Ерте туып, кеш қалатын» біз ғана. Ресей жаққа қарай алаңдайтын әдетімізді қоя алмаған күйі, «құшағына қуана шақырған» Ұйымнан бастапқыда ойланбастан бас тартып, 1996 жылы жіберген «әбестігімізді» түсініп, ДСҰ-ға ұмтыла бастадық. Ол кезде оған кіру шарттары да күрт өзгерді. «Қысыла-қысыла қыз болдық» дегендейін, жалтақтауды қоятын мезгіл жеткен жоқ па екен осы?! Дүниежүзілік сауда ұйымына Қазақ Елін тәуелді етіп қойып, артық қыламыз деп, тыртық қылып қоймаймыз ба? Осы турасында ойланатын кез келген сияқты, ағайын!..