9-ақпан - Мұқағали Мақатаевтың туған күні

9-ақпан – ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні! Мұзбалақ ақын Мұқағали туған күнін тойлауды армандапты. Көзі тірісінде көбісі поэзия патшасының туған күні түгілі, қадіріне жетпеген деседі замандастары. Ақынның досы Сәрсенбек Сахабат сөз зергерімен 20 жасында Алматыға арман қуып барғанында танысыпты. Кейбіреулер Мұқағалидың отырыстарға келмегенін қалаған ол кезде деп мұңайа еске алады жазушы. Бірақ ақын сырт сөзге мән бермей, жастар үшін келгенін айтады екен.

Сәрсенбек Сахабат Мұқағали өте қарапайым, бір беткей болатын дейді
Сәрсенбек Сахабат Мұқағали өте қарапайым, бір беткей болатын дейді

Сәрсенбек Сахабат, ақын: «Мұқағалидің сөзі сияқты өзі де ірі болатын. Біз студент кезімізде Мұқаңның жырларына сусындап өстік қой. Қасында жүрдік. Студент кезімізде бізді жассың демей, қайта бізбен сырласатын. Бір күні Ғабит Мүсірепов ағамыз жастар поэзиясына арнап баяндама жасады. Үлкен жиналыс өтті республикалық деңгейде. Осы жиынға арнайы шақырылмаған Мұқаң тиіп-жарып келді. Жазушылар Одағының мүшелері сөйлеп қойған, анау баяндамалар оқылып қойған, әйтеуір бір кісілер сөйлеп жатқан кезде Мұқаң келді. Тіке есікті ашып-жарып кіріп келді. Жол бермеуге талпынғандарды қолымен итеріп-итеріп жіберді де ортаға шықты. «Мен Сіздерге келген жоқпын!» деп бастады сөзін. «Мен мына жастарға келдім. Жастарменен сырласқым келеді, мен өлең оқимын, менің басқа айтатын-сөзім жоқ» деп кесіп айтты. Сөйтті де қалтасынан дәптерін алып, қазір «общий тетрадь» деп жүрміз ғой, сондай бір қалың дәптеріне жазылған «Жүрегім, кеудем бар тұлғам, Бұл күнде сымдай тартылған» деп басталатын өлеңін сол арада оқыды. Содан соң қол соққан жастар бір-екі өлеңмен ақынды жібере қоймайды ғой. Осылайша көптеген жырларын бізге арнап оқып берді. Тәнті болдық… Өлеңдерін оқып болған ол ай-шай жоқ сыртқа бет алды, анау төрде отырғандар ұялғандарынан «мұнда отрыңыз, қайда барасыз?» деп төрді ұсынды. Бірақ Мұқаң алған бетінен танбай шығып кетті. Осы орайда, есіме тағы бір оқиға түсіп отыр. Студенттердің дастарханын өздеріңіз де білесіздер ғой. Біз көбіне анау шахта дейміз, университтің асханасының астында жақсы бір тұшпара болатын. Ол басқа жерлерге қарағанда дәмділеу болатын тағы. Анау асханадағылар да біздің студент екенімізді көріп, жаны ашитын болуы керек, басқаларға қарағанда бізге молдау, толтырыңқырап салып береді табаққа. Соны алып жейміз. Сонда Мұқаңның қарапайымдылығы – бізді баласынбай, біздің анау әперген тұшпарамыз болады ма, біздің жаңағы шарабымыз болады ма сол бізбен бірге отырып, ішіп-жеп, әңгіме-дүкен құрып отыра беретін. Бізге ашық сөлейтін, ойын жасырмайтын ешқашан. «Егер сендер шынымен ақын болсаңдар ұлтқа қызмет етіңдер. Мынау заман, мынау дәурен бәрі өтпелі. Тек ұлт үшін жасаған еңбектерің ғана ел есінде, жүрегінде сақталады » деп. Қазір қарап отырып, осы сөздерді түсінемін. Сонымен қоса Мұқаң киімді де үлкен бір талғаммен киетін. Тұрмысы өте төмен болғандықтан қарапайым киінді. Қанша қарапайым болғанымен де ерекше стиль, талғам болатын. Сол кедерде қызыл шұлығы бар еді шалбарының балағын сәл қысқалау етіп алатын да, сонда қызыл шұлығы көрініп тұратын. Бұл да бір Мұқаңның серілігі деп түсінемін. Жұртқа шұлығын көрсеткісі келіп, былааай қалтасына қолын салып, жүрісін өзгертетін. «Аққу» деген дәмхана болатын.  Ол жерде аққу жүзіп жатады. Мына жағында Үкімет үйі, ана тұсында Жазушылар Одағының ғимараты, ал мына тұсында бұрынғы КазГУ-дың бас ғимараты, сол арада аққуға қарап тұрып, (дәл сол кезде «Аққулар ұйықтағанда» деген поэмасын жазып шыққан еді) жұртшылыққа «Сендер менің «Аққулар ұйықтағанда» деген поэмамды оқыдыңдар ма?» дейтін қалтасына қолы салып, кеудесін керіп, бір жағы қызыл шұлығын да көрсеткісі келеді. Міне, дәл осы жүрістері мен бізге айтатын әңгімелері бір кездері бізге тек естелік болып қалады деп ешқашан ойламаппын. Бірақ өмірінің соңғы сәттерінде ақынның жанында болғанымызға қуанамын» .

Ақиық ақынның жаңбырлы жырлары қаламыздағы Б.Өтеп атындағы өнер мектебінің 8-сынып оқушысы Ақсұңқар Ташполатованың да жанына жақын. 15 жастағы оқушы республикалық Мұқағали оқуларында ақының Майгүліме өлеңін орындап, бірінші орынды жеңіп алды.

Ақсұңқар Ташполтова Мұқағали оқуларында 1-орын алатынына сенміді болдым дейді
Ақсұңқар Ташполтова Мұқағали оқуларында 1-орын алатынына сенімді болдым дейді

Ақсұңқар Ташполатова, оқушы: «Мұқағали десе дүркірер алыш ұлың, Ізбасарымын соңынан баратұғын, Отанын сүйіп өткен Мұқағали, Орның бөлек қазақта алатұғын, Халықпен бірге өшпейді мәңгі ұлы атың, Ақындар жоқ-ау ізіңді сенің қуатын, Толғатып елім көрсейші кезің келді ғой, Тағы бір ұлы Мұқғалиды туатын… деп сахнада арнау өлеңіміді де оқыдым. Жеңісім тұғырдан көрінді. Бірінші орынды қанжығама байладым. Мен өте қуаныштымын. Себебі мен Мұқағалидың рухымен, сырларымен, жырларымен тілдесемін.

Сонымен, 9 ақпан ақынның туған күні. Бірақ бұл күн тағы да елеусіз қалғандай… Дүркіретіп бір той жасап берер еді өзі-ақ. Тәңірінің ерте алып кеткені-ай…

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=htCLjoVk24M[/youtube]