Экологиялық таза көлік ойлап тапты

Күннен қуат алатын көлік

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Кентау бөліміне қарасты арнайы мамандандыру орталығының мамандары күн энергия-сымен жүретін көлік құрастырып шығарды. Қол күшімен құрастырылған машина негізгі қуатты күннен алады. Яғни төбесіне орнатылған арнайы құрылғы арқылы энергияны аккумуляторға жинайды. Содан кілтті бұрып, көлікті қозғалысқа түсіруге толық мүмкіндік бар.

Күннен қуат алатын көлік
Күннен қуат алатын көлік

Бас конструктор Сатылмыш Чайыр. Қазіргі кезде ол арнайы мамандандыру орталығында сантехник-сваршик пәнінен дәріс береді. Уақытты босқа өткізбеуге дағдыланған маман қолы қалт еткенде қоғамға қажетті дүние жасауға ұмтылып отырады.

Күн энергиясымен қуаттанған көлік сырты ескі болғанымен, ішінің барлығы да жап-жаңа. Тіпті, қозғалтқышының өзіне заман талабына сай автоматтандырылған жүйе орналастырылмақ.

– Көлікті Түркістаннан Кентауға дейін айдап келдім. Күн бұлтты болған жағдайда аккумуляторға жиналған токтың күшімен жүз шақырымға дейін жүре береді. Ал күн шығып тұрса, ешқандай мәселе туындамайды. Сонымен қатар, генератормен және кез келген жердегі разедка арқылы заряд ала алады. Машина экологиялық, әрі экономикалық тиімді – дейді құрастырушы.

Түркия мемлекетінен келіп, қазақ балаларын кәсіби білім алуға баулып жатқан маман иесінің бұл алғашқы туындысы емес. Бұған дейін бензинмен жүретін және күн энергиясынан қуат алатын мотоциклді құрастырып, іске қосқан. Астанада өткен көрмеге қойылған көліктер алғашқы жүлдені де жеңіп алыпты. Екі машинада патенттелгенімен, оларға арнайы атау берілмеген. Қазіргі кезде көліктер оқу орнының мұражайына қойылған.

Бір айта кетерлігі қарапайым мұғалім тек көлік құрастырмайды. Шебер бұған дейін университет ауласы мен котежіндегі сексен жарықшам мен прожекторларды күн энергиясына қосқан. Сондай-ақ үлкен киіз үйдің төбесіне күн энергиясының айналмалы құрылғысын орнатқан. Яғни шығыстан шыққан күннің көзімен бірге қуат алатын құрылғыда айналып отырады. 220 вольтпен жарақтанған үй ішінде теледидар көріп, музыка тыңдауға толығымен жағдай жасалған. Бүгінгі күні Сатылмыш Чайыр күннен энергия алатын аристон құрастыру үстінде.

Қайрат Зайнишев, Кентау қаласы

Сатылмыш Чайыр
Сатылмыш Чайыр

Сатылмыш Чайыр, мұғалім

– 1930 жылы шыққан машиналардың суретіне қарап отырып құрастырдық. Негізгі мақсатымыз – ескі көлікті жаңа технологиямен жарақтандыру болды. Күн энергиясын қабылдайтын құрылғыны Қытайдан, ал аккумуляторды Италиядан алдырдық. Сапасы өте жоғары. Содан жарамсыз болып қалған «Жигули» машинасының қаңқасын қырқып, қайта жалғай отырып ойымыздағы көлікті құрастырып шықтық. Қазір тек әрлеу, әдемілеу жұмыстарын жасаудамыз.