Өткен аптада Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев аймақ тұрғындарымен есепті кездесуін өткізді.
Алдымен атқарылған жұмыстарды сөз етіп, одан соң ауылда атқарылған тірліктер мен орын алған кемшіліктерге де баса назар аударды. Соның ішінде атқарылған жұмыстардың негізгі дегенін атап өтсек. 2012 жылы қала бюджетінің көлемі 20 млрд 747 млн теңге болса, бұл көрсеткіш 2011 жылы 16 млрд 697 млн теңгені құраған. Сонымен бірге өткен жылы қаланың жалпы өңiрлiк өнiм көлемі 64 млрд 549,4 млн теңгеге жетіп, 2011 жылмен салыстырғанда 22,1%-ға артқан. Оның ішінде ауылшаруашылық саласына – 32,7%-ы, өнеркәсіп саласына – 12,4%-ы, негізгі капиталға бағытталған инвестицияға – 33,5%-ы және өткізілген тауарлар мен көрсетілген қызметке – 21,4%-ы тиесілі.
Осындай ауқымды істер қатарында 2012 жылы 6 мектеп, 3 ауылдық емхана, 1 спорт кешені бой көтерсе, бұл көрсеткіштер 2013 жылы да еселене жалғасын таппақ.
Мәселен, өнеркәсіп саласында ірі, орта және шағын 34 кәсiпорында 8059,2 млн теңгенiң өнiмi өндiрiлiп, Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасының индустрияландыру картасы аясында 912,0 млн теңге көлемінде 4 жоба іске қосылған. Жаңа кәсiпорындардың ашылуы, өндiрiстiң кеңеюi есебiнен 974 жаңа жұмыс орны ашылып, тұрғындар жұмыспен қамтылған.
Елбасы Жолдауында айтылған «Өңірлерді дамыту» басымдығын жүзеге асыру мақсатында Түркістан қаласында индустриялды аймақ ашу жұмыстары қолға алынып, ол қала шетіндегі 103 гектар жерге орналастырылған. Қазіргі таңда, мұнда жалпы құны 3 млрд 640 млн теңгені құрайтын 3 инвестициялық жоба тарту жұмыстарымен бірге қажетті инфрақұрылым желілері жүргізілуде.
Осы орайда тоғыз жолдың торабында орналасқан өңірдегі шағын және орта бизнес субъектiлерiнiң белсенді іс-әрекеттегілерінің саны 10702 бірлікті құрап, 2011 жылмен салыстырғанда 10%-ға артқан.
Ал өңірлік өнім көлемінің үштен бір бөлігін құрайтын аймақтағы ауылшаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 21 097,9 млн теңгеге жетіп, есепті кезеңмен салыстырғанда нақты көлем индексі 14,2%-ға артқан.
Өңірдегі егістік алқап көлемін арттыру мақсатында, Түркістан қаласы бойынша 2012 жылы су нысандарының жұмыс істеу қабілетін қайта қалпына келтіру жұмыстарының арқасында «Майдантал» су қоймасы күрделі жөндеуден өтіп, оған қоса аймақтағы 7 каналдың 21 шақырымы қайта қалпына келтіріліп, қосымша 3600 гектар суармалы жерді толығымен игеруге қол жеткізілген.
Ал «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 549 бас ірі қара мал алынып, тапсырма 57%-ға артығымен орындалыпты.
Осындай жұмыстармен бірге, білім саласында жаңа 6 мектеп ғимаратының құрылысынан бөлек, тозығы жеткен 23 мектеп пен 2 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, білім саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше назар аударылған.
Ал өңірдегі туризм саласын жетілдіру мақсатында, Ежелгі Сауран қалашығына баратын 1,1 шақырым жол құрылысы мен инфрақұрылымын қалыптастыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізілсе, Үкаша ата кесенесіне баратын 12 шақырым жол мен Гаухар ана кесенесіне баратын жолдар жөнделіп, туристердің сұранысына сай жұмыстар жүргізілген. Ал «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» аясында қаламыздағы Қ.А.Ясауи кесенесінің маңында жерленген қазақ даласының ел билеген хан-батырлары, билері мен игі жақсыларының есімдері жазылған пантеон ескерткіші орнатылды.
Ендеше 2012 жылы қала аумағында жалпы саны 34 көшеге орташа жөндеу жұмыстары және 14 нысанда ауызсу құбырының құрылысы жүргiзiлген. Нәтижесінде барлығы 41 елді мекеннің ішінде құбыр суы бар елдi мекендердiң саны 25 болса, бүгiнгi күні жалпы қала халқын таза ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші 60%-ға жеткізіліпті.
Қорыта келгенде, атқарылған жұмыстармен кеңінен танысқан Түркістан қаласына қарасты 12 ауылдық округтегі тұрғындар қала әкімінің өткен жылы атқарған жұмыстарына оң бағаларын берді.
Осылайша Елбасының тапсырмасымен іске асып келе жатқан әкімдердің халық алдында есеп беру кездесулері Түркістанда биыл өзгеше өтті.
Мәлік Дәулетов