Ешкім келмейтін ФАП-ты не үшін салған?

Мәселе басқа да...

Шаян ауылының аумағына кіргенімен, Күлтөбе өзінше бір елді мекен. Бұл ауылда 4-5 жыл бұрын тұрғындардың тілегі бойынша жеке азаматтың демеушілігімен ФАП (Фельдшерлік-акушерлік пункт) бөлімшесі салынып, ішінде құрал-жабдықтар, залалсыздандыру, егу-таңу, босану және фельдшер бөлмелеріне дейін қарастырылған болатын. Дегенмен, әлі де бұл орын ФАП бола алмай келеді. Себебі, ФАП болу үшін бөлімшеде терапевт-дәрігер, акушер, медсестра және фельдшер қызмет етуі керек. Ал бүгінгі таңда мұндағы медициналық тіректе тұрғындарға тек бір фельдшер ғана қызмет көрсетеді. Бірақ біздің айтайын деп отырғанымыз бір ғана дәрігердің істейтіндігінде емес. Мәселе басқа да…

Бұл ауылда 4-5 жыл бұрын тұрғындардың тілегі бойынша жеке азаматтың демеушілігімен ФАП (Фельдшерлік-акушерлік пункт) бөлімшесі салынып, ішінде құрал-жабдықтар, залалсыздандыру, егу-таңу, босану және фельдшер бөлмелеріне дейін қарастырылған болатын
Бұл ауылда 4-5 жыл бұрын тұрғындардың тілегі бойынша жеке азаматтың демеушілігімен ФАП (Фельдшерлік-акушерлік пункт) бөлімшесі салынып, ішінде құрал-жабдықтар, залалсыздандыру, егу-таңу, босану және фельдшер бөлмелеріне дейін қарастырылған болатын

Жуырда ауданның бір топ мәслихат депутаттары осы ғимаратқа барып, жағдаймен танысып келген болатын. Сөйтсе бұл орында жылыту жүйесі мүлдем қосылмаған болып шықты. Ал фельдшер күн шуағына шығып далада отыр. Суық болғандықтан мұнда ем іздеген жандар өте сирек бас сұғады екен. Бұл мәселені естіп, біз де журналистік зерттеу жасау мақсатында аталған ғимаратқа барып, істің мән-жайын көзбен көрдік.

Самал Қасымова
Самал Қасымова

Ғимаратқа кірген бойда көзге бірден қабырғалардың жарылғаны шалынды. Ақ қабырғада тарам-тарам әжім секілді торлаған сызықтар саны көп. Және ол сызықтар қалыңдай бастаған. Дәл кіре берістің едені бірнеше сантиметрге төмен түскен. Ал іші тастай суық. Мұнда науқастар дертінен айығудан гөрі, сау адамның сырқаттанып шығуы әбден мүмкін. Біз осы мәселелерді назарға алып, бөлімшеде фельдшер болып істейтін Самал Қасымованы (суретте) сөзге тарттық.

– Менің келгеніме 3 айдан асты. Содан бері көрген күйім осы. Биылдыққа бір рет те жылыту жүйесі жұмыс істемеді. Істемегеннен бұрын кезінде суы қатып, содан жылыту батареялары жарылып кеткен. Одан қалса мұнда от жағатын пеш те жоқ. Мән-жайды айтып емханаға барғанда ол жақтағылар «көмір бөлінбейді, тоқ пешпен отыра бер» деді. Ал мендегі бір ғана тоқ пештің күші бір бөлмені де жылытуға жетер емес. Ішінің суық болғандығынан мұнда адамдар келе бермейді. Ауырғандар орталық ауруханаға барады немесе үйіне жедел жәрдем шақыра салады. Мені тек үлкен кісілер үйіне шақыртады. Олардың үйіне барып, дәрісін егіп, қан қысымын өлшеп беріп тұрамын. Менің тілегім бұл жерге мамандар келсе, тұрғындарға ФАП ретінде қызмет көрсетілсе. Ғимаратты кәсіпкер Эдик Бегманов қайта жөндеуден өткізіп береміз деп уәде берді. Мүмкін алдағы уақытта барлығы дұрысталып қалар, – дейді фельдшер Самал Қасымова.

Мәселе басқа да...
Мәселе басқа да…

Самал бөлмесінде сырт киіммен жұмыс істеуге мәжбүр. Оның үстіне өзінің аяғы ауыр. Ал кешегі қаңтардың қақаған аязында бұл орында жұмыс атқарған Самалдың халін көзге елестетудің өзі қорқынышты. Үш айдан бері дірдектеп қызмет істеп жүрген бұл қыздың жағдайы ешкімді толғандырмағаны қалай? Ғимараттың суықтығының бір айғағы мұнда үш айдан бері 30-ақ адам көрінуге келген. Мүмкін олардың суық жерге екінші рет келуге құлқы да болмаған шығар, кім білсін…

Самал Қасымова Шымкент қаласындағы мемлекеттік фармацевтика академиясының медицина колледжін «фельдшер» мамандығы бойынша үздік бітіріпті. Алғашқыда Тасқұдық ауылындағы Тасқұдық жалпы орта мектебінде және сол ауылдағы ФАП-та дәрігерлік қызмет істеп, тәжірибе жинапты. Жанұялық жағдайына байланысты Шаян ауылына ауысқан. Мұнда оны осы бөлімшеге 0,5 (жарты) ставкамен-ақ жұмыс істеуге жіберген. Бізге тәжірибелі дәрігер қыз қалың көпшілік ортасында, өзге әріптестері секілді бар білімін салып халыққа шынайы қызмет көрсеткісі келетінін жасырмады. «Бұл жерде білгенімді ұмытып қалам ба деп қорқам. Ал жаныңда әріптестерін болса тәжірибе алмасасың, біліміңді одан әрі жетілдіресің», – дейді Самал Қасымова.

Есімхан Тұрабеков
Есімхан Тұрабеков

Аталған мәселелерді алға тартып, аудандық емхананың бастығы Есімхан Тұрабековке (суретте) жолығып, жағдайды түсіндіріп беруін сұранған болатынбыз.

— Биыл қыс мезгілінде бізге келген 634 тонна көмірдің 3 тоннасын сол медпунктке бөлгенбіз. Бірақ медпункттің қызметкерлері көмірді өздері келіп алмаған. Және де осы уақытқа дейін маған ол жердің суық екені жөнінде хабарламаған. Дәл қазіргі жағдайда бұл бөлімшенің жағдайының осындай екенін енді біліп отырмын. Негізі ауруханадан елді мекен 5 шақырым қашықтықта орналасса ғана бір ФАП ашуға болады. Ал ауылда адам саны 50 мен 800 аралығында болса бір медпунк жетеді. Бұл Күлтөбе елді мекені Шаян ауылының аумағында болғасын көп тұрғындар ауырса бірден емханаға келе салады. Бұл жерге медпункттің керегі де жоқ. Бірақ кезінде сол елді мекеннің бір-екі ақсақалдары аурухананың алшақтығын алға тартып, ФАП ашылсын деген бастама көтерген. Сондықтан тұрғындардың тілегіне орай жеке кәсіпкер есебінен медициналық ғимарат салынған. Ал мен ол орынға сол тұрғындардың тілегі бойынша 0,5 (жарты) ставкамен бір санитар, бір фельдшерді ұстап отырмын. Бірақ ФАП ешқашан болмайды. Тек медициналық тірек қана қызмет көрсетеді. Ал оның жарылған қабырғаларына мен жөндеу жұмыстарын жүргізе алмаймын. Себебі, ол ғимарат жекеменшікте. Сондықтан ғимарат мемлекеттік меншікке өтіп, емхананың балансына алынса ғана мен оған көңіл бөле аламын, – дейді аудандық емхананың бастығы Есімхан Тұрабеков.

Бес жыл бұрын салынған ғимарат құлағалы тұр
Бес жыл бұрын салынған ғимарат құлағалы тұр

Не керек, емхана басшысы ол жердегі жағдайды бізден біліп, таңданып қалды. Сөйтіп, сол күннің ертесіне ол жерге көмір жеткізілетінін, ал егер қажетті жылыту пеші жоқ болса немесе жылыту батареялары істен шықса да, тоқ көзімен істейтін жылыту пешін апарып, әйтеуір дәрігерді тоңдырмайтынына, ғимараттың жылы болатынына сендірді. Сол уақытта біздің көзімізше тиісті қызметкерлеріне жағдайды тез арада реттеуді де тапсырды. Қажетті жағдай жасалатынына сенейік! Дегенмен, бұл мәселе аяқасты қалмай үнемі біздің назарда болып, алдағы уақыттағы жұмыс нәтижесін біліп отыратын боламыз.

Бағлан НҰРАЛЫҰЛЫ

Суреттерді түсірген М.КӘТТЕБЕКҰЛЫ