Көлік базарының бастығын өлтірген кім?

Құзырлы органның мәлімдемесінен кейін араға бірер күн салып, Әлия Жұманованың жақын туыстары баспасөз мәслихатын өткізді
Құзырлы органның мәлімдемесінен кейін араға бірер күн салып, Әлия Жұманованың жақын туыстары баспасөз мәслихатын өткізді

Қасақана кісі өлтіру қылмысы үш жылда әзер ашылды. Шымкентте 3 жыл бұрын көз жұмған кәсіпкердің өліміне қатысты жаға ұстатарлық жайт анықталды.

Осыдан үш жыл бұрын қаладағы ірі автокөлік базарының қожайыны Рашид Жұманов жұмбақ жағдайда қайтыс болады. Сот-медициналық сараптама нәтижесі оның «Аминазин» препаратынан уланып өлгенін анықтаған. Полицейлер бұл қылмысты әуелде «кәсіпкердің дүние-мүлкіне көз салып жүрген жақындары жасаған болуы мүмкін» деп топшылайды.

Сөйтіп 5 адамнан тұратын тергеу тобы жылдар бойы анықтау жұмысын жалғастырады. Марқұмның қабірін қайта аршып, мәйітті тағы да тексертеді. Тексеру нәтижелерін қорытындылай келе, облыстық ІІД тергеу басқармасының бастығы Н.Дауылбаев «күйеуінің спиртті ішімдік ішетінін білетін әйелі күн сайын «ащы» суға жүйкеге әсер ететін тыныштандырғыш дәрілерін қосып беріп отырған» деген күдігі болғанын жасырмайды. Полицейлер тергей келе, кәсіпкердің әйелі Әлия мұндай әрекетке қызғаныштан барғанын анықтаған. Дәйекті дәлелдерден қауіптене бастаған айыпталушы тергеушілер жинақтаған құжаттарды үптеп кетуге де әрекет жасаған.

Облыстық ІІД тергеу басқармасының мамандарының дегеніне сенсек, әйел бұл ойын орындату үшін учаскелік инспекторды пара беріп көндірген. Инспектор департамент ғимаратына кіріп, тергеушінің қызмет бөлмесінің есігін бұзып, одан сейфін бұзып, қылмыстық істі ұрлауға бекінген. Абырой болғанда, қылмыстық іс сейфте болмай шығады. Алайда, полицейдің қылмыстық іске қатысты құжаттарды ұрламақ болған «операциясы» ғимарат ішіндегі бейнекамераға айна қатесіз басылып қалған. Бақандай үш жылға созылған қасақана кісі өлтіруге қатысты тергеу жұмыстары тәмамдалуға жақын қалды. Іс бір айдан соң сотқа жөнелтіледі. Кәсіпкердің өліміне айыпты деп танылған әккі әйелі мен оған көмектескен тәртіп сақшысының «сазайынын» сот беретін болады.

Алайда, Әлияның туған-туыстары бауырларын қорғауда. Құзырлы органның мәлімдемесінен кейін араға бірер күн салып, Әлия Жұманованың жақын туыстары баспасөз мәслихатын өткізді. Олардың пікірінше, полицейлердің сөзі негізсіз, тағылған айыбы дәлелденбеген. Олар «кәсіпкер Рашид Жұмановты өз әйелі улап өлтірді» деген айыптаумен мүлде келіспейді. Журналистермен жиында оқиғаға қатысты құжаттарды ІІД-інен ұрламақ болған полицейдің әрекеті де сөз болды. Алайда, жиналғандардың ешқайсысы шендіге мұндай тапсырыс бермегенін айтуда.

Мақпал РЫСБАЕВА