Жастар Мұқағалиға арналған әдеби кеш өткізіп, еске алды
Шымкенттік жастар "Мұқағали - мәңгілік ғұмыр" әдеби кешін ұйымдастырып, ақынның жырларына жан бітіре оқыды
Шымкенттік жастар «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» әдеби кешін ұйымдастырып, ақынның жырларына жан бітіре оқыды

Мұқағали Мақатаевтың өмірден өткеніне 37 жылдың жүзі болды. Ақпан айында туған ақынды бүгінде жастолқын жырларын оқып еске алады. Кітаптарымен сырласады. Шымкентте Мұқағалиды еске алуға арналған шаралар көп ұйымдастырылады. Жастардың кеші ерекше сезім мен сырға толы.

Жастар қауымы «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» тақырыбы аясында өткен әдеби кеште ақынның сарқылмайтын шабыт пен сағынышықа толы өлеңдерін де шарықтата шырқады. Жырларына жан бітіре оқыды. «Шаң басқан архивтерден табылармыз» деген Мұқағали өлеңінің  идеясы шындыққа жанасуына жол бермейміз десті олар.

Ақбілек Мыңбаева, филология факультеті деканының орынбасары: «Ақиық ақынның жырларын тыңдап, тамсанып, тәнті болып  отырмыз. Достарымыз да тамаша орындап жатыр. Ең бастысы ақынның жырлары ешқашан ұмытылмаса екен дейміз. Мен Мұқағалиды поэзияның патшасы дер едім. Қалай болғанда жүрекпен жазған өлеңдері, туындылары біздің жанымызды емдейді, қайсібірін оқысақ та ерекше сезім мен ынтызарлыққа толы, тұңғиықта, тереңдеп барып әділдік пен мөлдірлікпен үндеседі». 

Әллә Қуаныш, студент: «Мен қазақ поэзиясында Мұқағалиды Абайдан кейінгі ақын деп білемін. Солай деп танып, мойындаймын. Сонымен қоса Мұқағали Мақатаевқа деген шексіз құрметімді оның өлеңдерін жаттап, өзіне арнау жазу арқылы білдіремін деп ойлаймын. Себебі қазақ поэзиясының алтын парақтарын толықтырған қаламгерге қандай құрмет көрсетілсе де дұрыс, орынды. Өкініштісі сол көбісі ақынның көзі тірісінде қадіріне жете алмады ғой. Сондықтан еңбектері мен естеліктеріне, есміне құрмет көрсетіп, ақынның аманатын ардақтауымыз қажет деп ойлаймын».

Жастолқын мұзбалақ ақынды осылай таниды. Ал 18 жасар Сымбат Орынтай ақынның «Бақыт дегенің» әнін нақышына келтіре орындады. Көңілді ырғақта орындалғанымен, мән-мағынасы, төркіні тереңде жатыр.

Сымбат Орынтай, студент: «Ең алғаш Мұқағали Мақатаев бұл өлеңді жазғанда мектеп қабырғасында оқып

Сымбат Орынтай ақынның әнін орындағаны үшін бақыттымын дейді
Сымбат Орынтай ақынның әнін орындағаны үшін бақыттымын дейді

жүрген оқушы болған екен. Сол кезде ұстаздары «Бақыт деген не? осы тақырыпқа шығарма жазыңдар» дегенде Мұқағали осы жыр жолдарын жазыпты. Ал мен сахна төрінде осы өлеңді орындап жатқанда өзімді бақытты сезіндім, Мұқағалидай ақынымыздың әнін айтып тұрғаным үшін. Сондықтан осы әнді орындап жатқанымда көз алдыма барлық бақытты кездеріміз, сәттеріміз, бәлкім мұңайған сәттеріміз болса да өмірге келіп, қазақтың жерінде өмір сүріп жатқанымыз үшін қуанып, сол кездегі шаттығым елестеді. Осы өлеңім арқылы көпшілікке бақыт дегеннің не екенін ұқтырдым-ау деген ойым бар».

Поэзия патшалығында қанатын кеңге жайып, өмірін өлеңмен өрбіткен сөз зергерін ұрпағы осылай еске алады. Ақынның санаға жарық сәуле түсіретін жырлары жұртшылық жадында мәңгі жасай бермек.