Мемлекеттен берілетін медициналық препараттарға деген қолжетімділік қаншалықты? Осы сауалға жауап іздеген Мақтарал аудандық прокуратурасы аудандық орталық емханаға тексеру жүргізді. Тексеру барысында сала мамандары бірқатар құқық бұзушылықтардың бетін ашты. Жалпы, ҚР Денсаулық сақтау министрі бұйрығымен бекітілген тізілімдеме бойынша 1 жасқа дейінгі нәрестелердің барлығы «Витамин Д3» препаратымен қамтылуы тиіс. Алайда, ауданның қалалық емханасында бұл талап деңгейінде іске асырылмай отыр. Ақ халаттылар тиесілі пациенттерге препаратты таратпаған.
Аудандық орталық емхана, Асықата, Атакент, Мырзакент емханалары 1 жасқа толмаған 418 нәрестеге «Д3-витаминін» мүлде үлестірмеген болып шықты. Сондай-ақ ауданда 2 айға дейінгі жаңа туылған нәрестелерге тиесілі ана мен бала дәрі қобдишасына да қол жеткізе алмай жүргендер көп. Мәселен, Мақтарал аудандық орталық емхананың №51 учаскесінде өткен жылы 77 сәби дүниеге келген болса, оның оннан астамына дәрігерлік қобдиша берілмеген. Сол секілді кәмелетке толмаған жасөспірімдерге бөлінген дәрігерлік қобдишаны үлестіруде құйтырқылықтар бар. Ал ақ халаттылардың көше аралап, балалар денсаулығын бақылау жұмысы да көңіл көншітпейді.
Аудандық орталық емханада тіркеуде тұрған балалардың амбулаторлық карталарын ішінара тексеру барысында дәрігер-педиатрлар мен медбикелердің сәбилердің денсаулығын байқау мақсатында үйлерге бармағаны белгілі болды. Сөйтіп сала мамандарының аналар мен 5 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек көрсету нұсқаулық талаптарын сақтамағаны анықталды. Мәселен, өткен жылдың тамызында туылған сәбидің денсаулық жағдайына не учаскелік дәрігер не медбике бірде-бір рет бақылау жүргізбеген. Қадағалаушы орган заң бұзушылыққа жол берген 26 медбике мен дәрігерді түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартса, прокурорлық актілер негізінде 1 жасқа толмаған 418 нәрестеге «ДЗ-витамині» үлестіріліп берілді.
Нұржан Боранбаев, Мақтаарал ауданының прокуроры, әділет кеңесшісі