Мемлекеттік тілді білмейтін азаматтарды жұмысқа алмау керек

Балқия КӨМЕКБАЕВА, Тілдерді дамыту басқармасының бастығы
Балқия КӨМЕКБАЕВА, Тілдерді дамыту басқармасының бастығы
Балқия КӨМЕКБАЕВА, Тілдерді дамыту басқармасының бастығы

Мемлекеттік тілді білмейтін азаматтарды жұмысқа алмау керек. Тіл мамандарын даярлауда кездесетін өзекті мәселелер тақырыбында өткен жиынға келгендер бүгін осындай ұсыныс айтты. Облыстағы өзге ұлттардың 84 пайызына өз тілінде білім алуға мүмкіндік берілген. Неге енді өзге ұлттар қазақ тілін тиісінше құрметтемейді деп ашынды Тіл басқармасының бастығы Балқия Көмекбаева.

Мұнан бөлек, жиында сырттай білім алушы студенттердің де жайы сөз болды. Сандарды сөйлетсек, бүгінгі таңда жоғарғы оқу орындарындағы ізденушілердің 42 пайызы, орта арнаулы оқу орындарындағы студенттердің 14 пайызы сырттай білім алып келеді екен. Бұл білікті кадрлардың азаюына себеп деді басқосуға жиылғандар.

Қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырған. Мысалы, бүгінгі Еуропада көп тілді меңгерушілік жалпыға ортақ норма болып саналады.

ТМД мен Орталық Азияның көшбасшы мемлекетіне айналған Қазақстан үшін үштұғырлы тіл — елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуда бірінші баспалдағы. Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады.

Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің еңсесін көтеретін, осы елге тірек болар, арқа сүйер азаматтарымыз — сіз бен біз тәрбиелеп жатқан бүгінгі ұрпақ. Елбасы «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін — білім» — деді.

Семинардың басты мәселесі — жоғары және орта оқу орындарында тіл мамандарын даярлау барысында кездесетін өзекті мәселелерді анықтап, олардың шешу жолдарын табу, мамандарды даярлауда қолданылатын жаңа технологияларды насихаттап, оларға тиімді оқыту әдісін ұсыну.
Білім беруді реформалау жағдайындағы айрықша өзекті мәселелердің бірі — қазіргі қоғамдағы мұғалімнің қызметі. Ол қандай болу керек? Оның педагогикалық құзы¬рет¬тілігін қалыптастыру үшін шығарма¬шы¬лық және тиімді еңбек етуіне қандай жағдай жасалуы керек?

Қазіргі мектеп қоғамдық өзгерістерге тез икемделетін, жаңалыққа құмар мұғалім¬дерге аса зәру болып отыр, сол себепті кез келген инновациялық тапсырмаларды шешуге ойлы, шығармашылық тұрғысы¬нан қарай¬тын аса қабілетті мамандар қа¬жет.
Елбасының тапсырмасына сәйкес он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығуы тиіс. Осы бағытта тіл саласы ұстаздарына да қойылатын талап күшейе түседі.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген М.Әуезов. Тілді үйрену отбасынан, балабақшадан, мектептен бастау алатыны белгілі.

Орыс, өзбек, тәжік мектептеріндегі қазақ тілі мұғалімдерінің біліктілігін көтеру, тілді оқытудың сапасын арттыру, оларға қойылатын талапты күшейту керек.
Тілді сапалы оқытатын білікті ұстаздарды жұмысқа тарту мәселесін де назардан тыс қалдыруға болмайды.

Облыста 12 жоғары оқу орны бар. Оның ішінде, 5 жоғары оқу орнында 408 студент қазақ тілі және әдебиеті (оның ішінде 145-сі сырттай), 62 студент орыс тілі және әдебиеті (оның ішінде 14-і сырттай), 884 студент екі шет тілі (ағылшын, неміс) (оның ішінде 249-ы сырттай), 30 студент испан, француз тілдері (оның ішінде 5-уі сырттай), 53 студент қытай, араб тілдерінің (оның ішінде 26-сы сырттай) мамандығы бойынша білім алуда.

2012-2013 жылдарға арналған статистикалық мәліметке сәйкес жоғары оқу орындарындағы 77774 студенттің 42,5%-ы, орта оқу орындарындағы 75645 студенттің 14 %-ы сырттай оқуда.
Білім беру сапасын жоғары дәрежеде қамтамасыз ету үшін кадрлық әлеуетті күшейту қажет.
Семинарда жас мамандарды дайындауда қандай мәселеге мән беру керек, әсіресе тіл мамандары қандай болу керек, оларға қойылатын талаптар, білімді азаматтарды қалыптастыруда білікті ұстаздардың орны мен рөлі төңірегінде пікір алмасып, ұсыныстар талқыланады.