«Назарбаев» мектебінің тоғызыншысы Шымкенттен ашылды

Ақжайық шағынауданынан ашылған зияткерлік мектебінің директоры болып Қаракөз Әбдірахманова тағайындалған
Мектептің іші жатын, оқу бөлмелері және зертханалар мен тіл үйрету блоктарына бөлінген
Мектептің іші жатын, оқу бөлмелері және зертханалар мен тіл үйрету блоктарына бөлінген

Шымкентте физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі ашылды. Бүгін пайдалануға берілген білім ошағы елімізде ашылуы тиіс 20 Назарбаев мектебінің тоғызыншысы болып табылады.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Баспасөз қызметінің сөзінше, әлемдік талаптарға сай білім ордасы 720 оқушыға арналған. Алайда мұнда іріктеуден сәтті өткен 530 бала оқытылмақ. 120 орындық жатақханамен, асхана, зертханалармен қамтылған зияткерлік орнының директоры болып Қаракөз Әбдірахманова тағайындалды.

Мектеп ғимараты меншікті жоспар негізінде жобаланған. Үш қабаттан, он төрт блоктан тұратын, 720 адамға арналған нысан. Күні бойы білім беруге бағытталған мектепте 360 орындық асхана жұмыс істейді.

Мектептің іші бірнеше бөлімдерге – жатын, оқу бөлмелері және зертханалар мен тіл үйрету блоктарына бөлінген. Жатын бөлімінде алыс аудандардан келіп білім алатын балаларға арналған 120 орындық жатақхана бар.

Білім беру блогында 58 оқу кабинеті, оның ішінде 18 тіл үйрету бөлмелері, физика мен химия пәндерінің әрқайсына 5 кабинеттен, 9 математика пәнінің кабинеті және 4 биология, география, тарих пен экология және өзге де пәндерге арналған кабинеттер бар. Олардың барлығы дерлік интерактивті, маркерлік тақталармен, ноутбуктермен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар мектепте жеке білім алуға арналған аудиториялар, техникалық модельдеу, өнер технологиясы, психологиялық бейімдеу, педагогикалық және ақпараттық интеграциялау технологиясы мен лекция оқуға арналған бірнеше кабинеттер бар.

Ақжайық шағынауданынан ашылған зияткерлік мектебінің директоры болып Қаракөз Әбдірахманова тағайындалған
Ақжайық шағынауданынан ашылған зияткерлік мектебінің директоры болып Қаракөз Әбдірахманова тағайындалған

Физика, хамия, биология, нанотехнология, робототехника саласының ауқымды зертханалары жас зерттеушілерге отандық және Ресей, Ұлыбритания, Германия мен АҚШ-тың алдыңғы қатарлы құрылғыларында, PASCO, PHYWE сынды және өзге де әлемдік брендтермен бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ аталмыш компания өкілдері мектеп мамандарын жаңа техникамен жұмыс істеу ерекшеліктеріне үйретеді.

Мектеп – өз оқушыларына тек мәдени-танымдық қана емес, сонымен қатар спорттық орталық болуы тиіс. Мұнда түрлі мәдени шараларды ұйымдастыру үшін 378 орындық көпфункционалдық акт залы қарастырылған. Оның негізгі ерекшелігі сол, көрермен отыратын орын – кәсіби хореографилық холлға айналады.

Одан өзге коммуникативтік қабілет, креативті ойлау мен көпшілік алдында сөз сөйлеу сынды қасиеттерді дамыту үшін мектепте TV NIS атты жеке телестудия жұмыс істейді. Мұнда балалар жеке жобаларын жүзеге асырып, мектепшілік бағдарламаларды жасап, телемонтаждың қыр-сырын меңгере алады. Шымкенттік оқушылар еліміздің тарихын тану бойынша жобаға қатысады.

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің кітапханалар қорына Шымкент қаласынындағы мектептердің де кітап мұрағаттары кіреді. Мұнда ең үздік оқу- методикалық құралдар, отандық баспадан шыққан классикалық және көркем әдебиеттің алтын қоры іріктеліп алынған. Көптеген кітаптар жақын уақытта цифрлы нұсқаға көшіріліп, әр оқушы электронды абонемент арқылы «Абай жолы» немесе «Анна Каренина» сынды туындыларды кез-келген мобильді құрылғыдан оқи алады. Мектеп кітапханасының негізгі мақсаты – кітапты сақтап қою ғана емес, сонымен қатар балалардың ізденісін дамытып, мәліметтерді сараптап, сұрыптайтын ақпараттық орталыққа айналу.

Дене шынықтыру сабақтарын өткізу мен спорттық секциялар жұмысы үшін кіші және үлкен спорт залдары, тренажер, скалодром, футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, теннистік корт пен жүгіру жолдары қарастырылған. Келешекте бұл жерде түрлі сайыстар, конкурстар мен қалалық біріншіліктер ұйымдастырылады. Сонымен қатар оқушылар хореография, музыка, гимнастика, шахмат, шашка, теннис, техникалық шығармашылық үйірмелеріне, сондай-ақ IELTS тестін тапсыру дайындығы үшін эллективті курстарға қатыса алады.

Жалпы, Назарбаев Зияткерлік мектептері «Менің Отаным – Қазақстан» атты тақырыптық композицияда рәсімделген. Ол «Менің Отаным – Қазақстан» серясындағы көркем суреттерден, белгілі тұлғалардың портреттік көрмесінен, Қазақстан туралы кескіндемелері бар декоративті паннолардан тұрады.

Шымкент қаласындағы физика-математика және химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептеріне жалпы конкурстық іріктеу негізінде аймақтың ең үздік педагогикалық кадрлары таңдап алынды. Мұғалімдерді іріктеудің негізгі және қосымша кезеңдері 2012 жылы тамыздың 25 мен 29, және қарашаның 19 мен 21 аралығында, сондай-ақ, 2013 жылы қаңтардың 16 мен 25 аралығында өткізіліпті. Конкурсқа Шымкент, Түркістан, Тараз, Кентау қалалары мен Қазығұрт, Арыс, Сарыағаш, Төле би мен Шардара аудандарынан жалпы саны 571 үміткер қатысты. Конкурстық комиссия Зияткерлік мектептерде жұмыс істеуге лайық деп 116 мұғалімді ұсынды. Оның ішінде 101 пән мұғалімі бар. Болашақта іріктелген мұғалімдер екі мектепке жұмыс істеу үшін бөлінетін болады.

Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне оқушыларды конкурстық іріктеу – қазақ және орыс топтарының 7, 8, 9 сынып оқушылары үшін 2013 жылдың 06-14 қаңтары аралығында өтті. Жалпы конкурсқа қатысу үшін 2226 өтініш келіп түсті. Конкурстық іріктеудің екі кезеңі бойынша 530 үміткер «Өркен» грантын иеленуге лайық деп ұсынылды.

Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне оқушыларды іріктеу конкурсына 1802 өтініш келіп түсті. Конкурстық іріктеудің екі кезеңінің қорытындысы бойынша 360 үміткер «Өркен» грантын иеленуге лайық деп ұсынылды.

Бүгінде Қазақстанның 7 қаласында – Астана (2 мектеп), Талдықорған, Көкшетау, Семей, Өскемен, Орал мен Қарағандыда жалпы саны 8 Зияткерлік мектеп жұмыс істейді. Сонымен қатар Алматы (2), Петропавл, Қостанай, Павлодар, Атырау, Қызылорда, Тараз, Ақтау, Ақтөбе қалаларында мектептердің құрылысы жалғасуда.

Жалпы, Шымкентте мұндай мектептің саны екеу болмақ. Оның бірі Ақжайық шағынауданынан ашылған осы білім ордасы болса, екіншісі Нұрсат шағынау ауданында салынып жатыр. Оның ашылу салтанаты осы жылдың сәуір айына қарай ұйымдастырылады деп күтілуде.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=Mgx36fSWiPM[/youtube]