Оқиға Төлеби ауданында болған. Жетінші сыныпта оқитын бала сабақтан соң үйінде асылып қалыпты. Оның мүрдесін бауыры қорадан тауып алды. Бірақ 13 жастағы ұл баланың неліктен мұндай қадамға барғаны әзірге белгісіз.
Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің оқушылары қайғылы оқиғаны жақсы біледі. Жеткіншек күні кеше ғана өздерімен бір аулада ойнап жүрген еді. Толық мәлімет алу үшін директорға жолыққанымызда жаназадан келіп отырғанын алға тартып, камерасыз сөйлесуді ұсынды. Бірден оқиғаның мектептен басқа жерде болғанын айтты.
Пернебек Асанов, мектеп директоры: «Ата-анасы мектепке ешқандай кінә артып отырған жоқ. Кеше кешкісін естіп, бас қасында болдым. Сыныптастарына да кіріп, көңіл айттық. Бүгін мектепте қаралы күн жарияланды».
Ұстаздар баланың өз-өзіне қол жұмсағаны біз үшін жұмбақ жағдай деп отыр. Сондықтан бала өліміне білім ордасының қатысы жоқ деп ақталуда.
Ал сынып жетекшісіне оқушысының өлімі қатты батса керек. Көзіне жас алып жүріп, кеше ғана үй тапсырмасын алып кеткен оқушысының отырған орнын көрсетті. «Кеше ғана, күліп-ойнап жүрген ақкөңіл, кішіпейіл баланың осындай жағдайға барады деп кім ойлаған. Оқушым Ғалымжан Бекболаттан мұндай күтпедім»,-дейді жеті жыл марқұм болған жеткіншекті тәрбиелеген ұстазы.
Мектеп ұжымы үшін күтпеген суицид қатты әсер етсе керек. Өзін мектептің мұғалімімін деп таныстырған кісі ортаға киліге кетті. Діттегені бұл оқиғаны телеарнадан көрсетпеу екен. Неге деп сұрағанымызда, мектептің абыройы үшін деп қысқа қайырды.
Бір анығы — жасөспірім өз үйінің қорасында асылып қалған. Қазір осы оқиғаны құзырлы орган тексеріп жатыр. Ал мүшел жасқа енді толған баласын жер қойнауына тапсырған ата-ананың халі мүшкіл. Олар мектепті кінәлап отырған жоқ.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=qSVfoHU4918[/youtube]