Оңтүстік жастары Шығысқа жол тартпақ

Облысымызда 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны 772,0 мыңнан астам адамды құрайды, ол облыс халқының 29,4%-ы. Оның ішінде ауыл жастары 470,5 мың болса, қала жастары – 301,8 мың.

Жастар арасындағы жұмыссыздық біздің облыста түбегейлі шешіле қойған жоқ. Содан да болар Шымкент қаласындағы «еңбек биржасын» жағалап жүрген жұмыссыз жастар жетерлік. Олардың жағдайларымен жақынырақ танысу үшін, І.Жансүгіров көшесіндегі «құл базарындағы» замандастарымызды іздеп бардық. Жол жиегінде қолдарына «пакет» асылған топ-топ жамағатты көзіміз шалды. Ойлағанымыздай-ақ, бұл тобырдың басым бөлігін жастар құрайды екен. Бізді алғашында «клиент» деп ойласа керек, көлігімізге жапа-тармағай жармасып міне бастады. «Не жұмыс? Қайда барамыз?» деген сауал оларды қызықтырмайтын да секілді. Соңынан біздің кім екенімізді, жөнімізді білген олар мұнда жұмыс іздеп тұратындарына ұялатындарын жеткізді. Сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты. «Ерігіп тұрған жоқпыз, нан табу үшін осы жерді жағалаймыз», – деді бірі. Көліктен тез-тез түсіп, келесі тоқтаған көлікке тағы да осы әдеттері бойынша асығыс-үсігіс, өзгелермен таласып мініп алды. Тіпті жұмыс ақысына да келіспеді. Байқағанымыз, мұндағы бәсекелестік ештеңені ойлауға мұрша бермейтіндей.

Облысымызда 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны  772,0 мыңнан астам адамды құрайды, ол облыс халқының 29,4%-ы. Оның ішінде ауыл жастары 470,5 мың болса, қала жастары – 301,8 мың.
Облысымызда 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны 772,0 мыңнан астам адамды құрайды, ол облыс халқының 29,4%-ы. Оның ішінде ауыл жастары 470,5 мың болса, қала жастары – 301,8 мың.

Өзін Нұрқанат Тәжібаев деп таныстырған жігіт 5 жылдан бері осында нәпақасын тауып жүргенін айтты. «Қалтамда дипломым бар, бірақ жұмыс сұрап қайда барсам да ақша сұрады. Ата-анам мүгедек адамдар, сондықтан менің демеушім де жоқ, амалсыз күн сайын сүйретіліп осында келемін, әйтеуір нанымды табамын» – деп төмен қараған 26 жастағы азамат тұрақты жұмысты армандап жүр.

Ал осы кезде Елбасының «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасы аясында шұғыл Шығыс Қазақстандағы шаруа қожалықтарынан зоотехник-селекционер (1 бірлік), инженер-құрылысшы (1 бірлік), агроном-селекционер (2 бірлік), ет өнімдерінің технологы (3 бірлік), бас энергетик (1 бірлік), тоңазытқыш құрылғылары ісінің инженері (1 бірлік), ауылшаруашылығы бойынша экономист (1 бірлік), су құбырларының инженер механигі (1 бірлік), бухгалтер (1 бірлік) мамандықтары бойынша жас мамандарға сұраныс түскен. Несі бар, кезінде Кеңес жастары КСРО-ның түкпір-түкпірінен жиылып БАМ-ды бірге салмады ма? Оның қасында Шығыс Қазақстан өз еліміздің бір пұшпағы емес пе?

Онымен қоса биыл Өскемен қаласында индустрияландыру аясында жұмыс жасайтын, Қазақстандағы ең ірі «Өскемен құс» фабрикасында жұмыс істеуге 120 жас маманға, «Зайсан» платинасының құрылысына 2013-2015 жылдары аралығында 2000-нан астам жас маманға сұраныс келіпті. Шарт бойынша жұмысқа барған жастарға жаңа үй беріледі, жалақысы біліктілігіне сәйкес 50 -150 мың теңге көлемінде қарастырылған. Бұл ұсыныстың ерекшелігі де сол кез келген жасты жұмысқа шақырады. Жоғары білімді болуы міндетті емес деп көрсеткен олар арнайы оқу-даярлау курстарын өздері жүргізетіндерін де мәлімдепті. Бұл жайында бізге өңіріміздегі «Жастар орталығы» мекемесінің басшылығы хабарлады. Айтуларынша 2012 жылы да осындай сұраныс болған. Сөйтіп өткен жылы жоба аясында 15 жас маманға Шығыс Қазақстан облысының түрлі салалары бойынша мамандығына сәйкес жұмыстар ұсынылып, 5-еуі тұрақты жұмысқа қалыпты. Тіпті отбасымен көшіп барып, шаруасын дөңгелетіп жүргендер де бар екен.

Осы орайда «Жастар орталығы» мемлекеттік-коммуналдық мекемесінің директоры Ханай Әшірбеков «Оңтүстік жастары көбіне қарапайым жұмысқа тартылмайды, талпынысы аз» деп ренішін білдірді. Бірақ бір қызығы осылай деп «арызын» айтқан басшы бір рет болса да «еңбек биржасына» барып, сондағы жастарға ұсыныс жасамаған. Тыныс-тіршілігімен де таныспапты. Жұмысқа зәру замандастарымыздың жағдайын айтқанда, «иә, жоспарда» деген жауапты ғана алдық. Осылайша қоғам назарынан тыс жас толқын өздері «еңбек биржасы» деп атайтын көше бойында қысы-жазы телміріп, жұмыс сұрап тұр әлі. Сондықтан Жастар сая- саты мәселелері басқармасы мен «Жастар орталығы» мамандары осы замандастарымызға мол мүмкіндікті арнайы барып түсіндіруі қажет-ақ. Ал құжат қабылдау қаламыздағы «Жастар орталығы» ғимаратында жалғасуда.

Мөлдір БЕКЕЕВА

Жадыра Дәуренбеков
Жадыра Дәуренбеков

Жадыра Дәуренбеков, қалалық жұмыспен қамту орталығының бөлім бастығы

– Өткен жылы жастарды алғашқы тәжірибесінен өту үшін 406 мекемеден 4 мыңға жуық орынға сұраныс түскен. Ал биыл 2100 жас маман жастар практикасымен қамтылады деп отырмыз. Олар үшін 129 мекемеден 2005 орынға сұраныс бар. Сондықтан құжат қабылдау науқаны жалғасып жатыр.

 

 

 

Нұрқанат Тәжібаев
Нұрқанат Тәжібаев

Нұрқанат Тәжібаев, жұмыссыз

– Үйдің бүкіл жұмысын жасаймыз, ішіндегі жөндеу жұмыстары деген сияқты. Еден салу, «обой», «кафель», сырлау керек болса оны да жасаймыз… Жалпы айтқанда жұмыс таңдамаймыз. Күніне 5-6 мың теңге табамыз, егер түк жоқ дегеннің өзінде 2 мың теңге табамыз. Кейде тіпті клиент болмай қалатын кездер де көп. Бірақ бұған да үйреніп қалдық, амал жоқ қой енді… «Түйеге жантақ керек болса, мойнын созар» деген, құжаттарыңды реттеп, тиесілі мекемелерге бармайсың ба? – дейді кейбіреулер. Менің де тұрақты жұмыс істегім келеді. Зейнетақы қорымның жүріп тұрғанын қалаймын. Бірақ ол үшін қалтаң қалың болуы керек. Көп мекемелерге барып, жұмыс іздедім. Бірақ барлығы да ақша дәметті, өзім ақша таппай жүргенде оларға қайдан тауып беремін?! Күдерімді үздім. Иә, бізге де басқа қалалардан жұмыс бойынша ұсыныспен осында келетіндер бар. Бірақ ол жаққа барудан да қорқасың, себебі алдап кетеді, келісімшартқа қол қойдырып алады да, келісілген айлығыңды бермейді. Неше түрлі жағдайларды естіп-көріп жүрміз. Одан да тыныш құлақ дейміз де жүре береміз, әйтеуір. Басқа амалымыз да жоқ қой, алған дипломымның жемісін көрмедім.

Ұлтусын Омарова
Ұлтусын Омарова

Ұлтусын Омарова, жас маман

– Мен ветеринарлық медицина мамандығының иесімін. Алла бұйыртса, Шығыс Қазақстан облысының сұранысы бойынша сол жаққа барып, жұмыс істеп, біліктілігімді арттыруға ниеттеніп отырмын. Себебі қазір жас мамандарды тәжірибесіз еш жерге жұмысқа алмайды. Сондықтан Шығысқа барып, өзімнің тәжірибемді, біліктілігімді арттырғым келіп отыр. Әрі онда үй мәселесі жөнінен, жалақы жағынан бар жағдайды қарастырып қойыпты. Бұл мен үшін өте тиімді.