Шымкентте қылмыс саны 5 пайызға өскен

Қайрат МОЛДАСЕЙІТОВ. Шымкент қаласының әкімі
Қайрат МОЛДАСЕЙІТОВ. Шымкент қаласының әкімі
Қайрат МОЛДАСЕЙІТОВ. Шымкент қаласының әкімі

Шаһар басшысы бір жыл бойы атқарған жұмысын жіпке тізіп, есеп беруде. Бүгінгі жиыннан белгілі болғаны Шымкентте қылмыс саны күрт көбейіп барады. Онымен күрес нәтиже бермей жатса керек. 2011 жылмен салыстырғанда шаһардағы қылмыс саны 5 пайызға өскен.

Өткен жылы өнген істің бірі ауылшаруашылық өнімінің түсімі 2 есеге артқан. Бюджетті толықтыру барысында да ауыз толтырып айтарлық жұмыстар жасалып, қазына 4 млрд теңгеге артық толыпты. Соның арқасында шаһардағы 21 көп қабатты үй күрделі жөндеуден өткен. Осы сандар сөз болған жиында қарапайым қарашадан гөрі халық қалаулыларын қаланың қоқысқа лық толып бара жатқаны алаңдатты.

Қайролла Сәрсенов, қалалық мәслихаттың депутаты: «Елдімекендердегі санитарлық тазалықтарды қамтамасыз ету үшін 9 контейнердің орналасуын, уақытылы жиналуын қамтамасыз ету керек. Қалада егеуқұйрықтардың көбейіп бара жатқаны қаланың тұрғындарын алаңдатуда. Сондықтан бюджеттен қаражат бөлініп, жүйелі түрде жасалуы қажет деп есептеймін».

Бітпей қалған қоқыс полигоны биыл аяқталады. Әкім бұл мәселеге нүктені осылай қойды. Мұнан бөлек, депутаттар Қошқар ата маңындағы ретсіздікті де сөз етті. Бұл проблеманың шешімі табылады деді Қайрат Қүсейінұлы.

Қайрат Молдасейітов, қала әкімі: «Биыл 2 км-ге Қошқар атаны абаттандыру ісі жүргізіледі. Құдықтардың басынан бастап Ордабасы алаңына дейін. 400 млн. теңге қаралып қойылған биыл құрылысқа. Болашақта ойлайм, Қошқар ата елдің сүйіп демалатын орнына айналады. Сондай-ақ Бадам өзенінің бойында сондай абаттандыру жұмыстары жүреді. 3 км ол жерде. Демалатын, керек болса, шомылатын жағдай жасалады ол жерге».

Бір қынжыларлығы, 2012 жылы қылмыстың саны 5 пайызға өскен. Қуандыратын — коммуналдық түйіндердің тарқап келе жатқаны. Былтыр, 14 шағынауданға таза ауызсу жетсе, 8 елдімекен мемлекет жарығымен қамтылыпты.

Талғат Әмірбеков, қалалық мәслихаттың депутаты: «Қалада көлік кептелісі көп. Соның кесіренен 01,02,03 қызмет көрсетушілері оқиға орнына дер кезінде жетпейді. Жедел жәрдем 2 сағатта жетсе, полицейлер тіпті бәрі біткен соң келеді. Соның кесірінен қаншама қайғылы жағдайлар орын алып жатыр. Қайрат Қүсейінұлы осы мәселеге назар аударсаңыз екен. Мұнда Әл-Фараби аудандық әкімдігінің қызметкерлеріне де алғысым шексіз. Ал жалпы, қорытынды есепке +5 деген баға қоямын».

Депутаттар әкімнің күнделігін бестікпен толтырып жатқанда, қараша қанағаттанамыз деді. Онысы, алдағы атқарылар күрмеулі істердің көптігінен болар деп топшыладық. Қайрат Молдасейітов мұнан соң ендігі сейсенбіде Еңбекші ауданында есеп беретін болады.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=VtqsMyxKIW4[/youtube]