Бұл - спирттік өнімдер сақталатын арнайы қойма

Шымкентте бір тонна спирттік өнімнің көзі жойылуы мүмкін! Оның құны аз емес, 1 млн. теңгеден асып жығылады. Спирттік өнімдер қаладағы сауда орындарынан тәркіленіп алынған. Өйткені прокурорлар мен салық басқармасының тексеруі барысында оның лицензиясы болмай шықты.Қазір тәртіп сақшылары осы заңсыз сатылған өнімдерге байланысты соттың шешімін күтіп отыр.

Бұл - спирттік өнімдер сақталатын арнайы қойма
Бұл – спирттік өнімдер сақталатын арнайы қойма

Бұл – тәркіленген өнімдер сот шешімі шыққанға дейін сақталатын арнайы қойма. Мұнда қаз-қатар жиналған спирттік өнімдердің жалпы құны миллиондап саналады. Осыншама шөлмектер бір ғана Әл Фараби ауданына қарасты сауда орындарынан табылыпты. Енді заңды белшеден басқандар жазаға тартылатын болады.

Әл Фараби аудандық салық басқармасы акцизделген өнімдерді әкімшіліктендіру бөлімінің бас маманы Нүркен Алтынбековтың айтуынша, жеке тұлғаларға кесілетін айыппұлдың көлемі 20 айлық-есептік көрсеткішке дейін жетеді. Лауазымды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер 40 айлық-есептік көрсеткіш, ал ірі мекемелердің 100 айлық-есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеуі мүмкін.

Құзырлы органдар мұндай көңіл-көтеру орындарын жылдың басынан бері тексеріп келеді. Үздіксіз жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде көптеген былықтың беті ашылған. Тағы бір себеп – қылмыстық әрекеттердің көбеюі болып отыр. Әл Фараби ауданы прокурорының көмекшісі Бекжан Құлатаев соңғы уақытта қылмыстық оқиғалардың, әсіресе, ойын-сауық орталықтары маңында орын алу фактілері жиілеп кеткен. Сондай келеңсіздіктің алдын алу үшін рейдтер қолға алынған.

Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта ірі сауда орындары спирттік өнімдерді сатудың тиісті талаптарын барынша сақтауға тырысып жүр. Себебі, заңнан қалыс кетсе, оңбай жазаланатындарын біледі. Бұл тұста жеке азаматтардың әлі де заң талаптарынан хабары жоғын айту керек. Сондықтан мұндай тексерулер жыл бойына жалғаспақ.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=QeVPK6kaytw[/youtube]