Шымкенттегі үйдің ауласын су басты

272
Адамдар су кешуге мәжбүр

Қыстың қақ ортасында толассыз жауған жауынның салдарынан Шымкенттің біраз жерін су басты. Әсіресе, 21-шағынаудандағы жағдай қиын. Мұндағы көпқабатты үйлердің тұрғындары тіпті подъездің табалдырығынан аттап, сыртқа шыға алмайды. Олардың проблемаларын айтып, жергілікті биліктен көмек сұрап жүргендеріне бірнеше жыл болған. Осындағы халықтың күнделікті әрекеті — арықтардан аттап өту. Ал жаңбыр жауса киімдерінің етегін көтеріп, суды кешуге мәжбүр болады. Ал ауланы басып қалған суды көліктер қақ жарып өтсе, толқын үйге дейін кіреді. Барлығы да арықтың дұрыс қазылмауынан дейді тұрғындар.

Коммуналдық қызметшілер қашыртқы арық қазып берген. Алайда оны жоғарыдан төмен емес, керісінше жасапты. «Жоғары қарап су аға ма» деп ашынады тұрғындар. Әсіресе жас балаларға қиын тиюде. Мектепке барған олар кешке үйлеріне суға құлап, киімдері малмандай болып келеді екен. Ең қауіптісі — аулада трансформатор тұр. Соған су тиіп, кез келген уақытта жарылыс бола ма деп зәре-құты қалмайды тұрғындардың. Бұған дейін бірнеше рет атылып та кетіпті. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген.

Адамдар су кешуге мәжбүр
Адамдар су кешуге мәжбүр

Кезекті рет шақырту бойынша келген жұмысшылар толып қалған арықты тазалап жатыр. Жауын жауса, көрген күніміз осы дейді. Қыс бойы арық-каналдарды тазалап, су тасқынының алдын алатын мамандар мұндай жағдайға тұрғындардың өздері кінәлі деп отыр. «Сол маңда қоқыс тастайтын орын бар. Бірақ адамдар қоқыстарының барлығын арыққа тастауға жаман үйреніп алған. Ал су толса шу көтеріп шыға келеді».

Дегенмен, халық мұнымен келіспейді. Олар кезекті рет арықтардың дұрыс қазылмағанын айтып, әкімдікке шағымданбақ.

 

 

 

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=R0EV4ircgKg[/youtube]