Базаркүл Мархабаева 8-шағынауданында екі пәтерді жалға беріп, күн көруде. Айтуынша, отағасы екінші топтағы мүгедек. Қылмыскерлер мен жезөкшелердің ордасына айналған деген шағымнан соң, жергілікті билік мұнда тәртіп орнатуды құқыққорғаушыларға тапсырған. Алайда тұрғындар шенділер қызметтерін асыра пайдаланды деп отыр. Олар Абай аудандық полиция бөлімінің қызметкері жауапқа тартылсын деген талаппен келіпті.
Базаркүл Мархабаева, 8-шағынауданның тұрғыны: «Подъезге кіре берген едім полицей иығымнан ұстап, жұлқылап, сүйрелеп көлікке отырғызды. Оның жанында басқа да полиция қызметкерлері болды. Олай жасауға қандай құқығы бар. Үйіме еркін кіріп, шыға алмасам, Қазақстанның азаматы ретінде құғымының тапталғаны ма? Полицейлер рейдті желеу етіп, біздің құқығымызды таптауда. Оларды жауапқа тарту керек».
8-шағынауданның тұрғыны: «Менің сіңлім жүкті. Оған да қарамаған, полицейлер сүйреген. Қандай құқы бар. Ондай қызметкерлер құқыққорғау органдарында жұмыс істемеуі керек».
Абай аудандық ішкі істер бөліміндегілер 8-шағынауданындағы рейдтік тексерулер нәтиже бергенін, алайда бөлім қызметкерінің заңсыз әрекеттері расталмағанын алға тартуда.
Нұрмахан Халғасов, Абай аудандық ІІ бөлімінің бастығы: «Бұл азаматшаның арызындағы фактілер расталмады. Сондықтан ешқандай шара көрілмеді. 60 полицей рейдке шығып , 2300 адамның құжаттары тексеріліп жіберілді. Бір қылмыскер ұсталды».
Прокуратура өкілі бұл факті бойынша тексеру жүргізілетінін айтып заң шеңберінде шара көрінетінін арызданушыға жеткізді.
Әріпхан Пірімбеков облыстық прокуратураның басқарма бастығы: «Егерде полиция қызметкері сіз айтқандай балағаттап,сүйреп, қызметін асыра пайдаланғаны расталса, онда ол жауапқа міндетті түрде тартылады».
Қоғамдық қабылдаудың төрағасы мәселені бақылауына алатын болды. Ал Арыстан келген бір отағасы баласының өліміне қатысты шығарылған сот үкіміне көңілі толмайтын айтып, әділдік іздеп келіпті.
Нұралы Нұржанов, Арыс қаласының азаматы: «Былтыр 1-ші қыркүйек күні баламыз мектептегі алғашқы қоңырауға кеткен еді. Сол соңғы көргеніміз болды. Оны жерлесі өлтіріп кеткен. Айыпталушы ұсталып, сот оны 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Үкім шығарғанда кәмелетке толмағаны ескерілген. Біз бұған үзілді-кесілді қарсымыз. Аз жыл берді. Біз жалғыз баламыздан айрылдық. Әділдікті «НұрОтандағылар» орнатады деп келдім».
Арызданушылар жетекші партия НұрОтанға сеніп, үміт артуда.