«Сорсай» иіріміне судан келер қауіп жоқ

Шамасы келетіндер шатырларын өз ақшасына жауып алған

Былтырғы қыс мезгілі қаталдығымен есте қалса, биылғы қыс бірінің үстіне бірі қабаттасып жауған қардың қалыңдығымен ерекшеленіп тұр. Оның үстіне біресе қар, біресе жаңбыр жауып, жұртты әбігерге салуда. Өткен жылғы қыс маусымында да қар қалың түсіп, ол қар көктемде тез еріп, арты топан суға ұласып кеткені белгілі. Сол тасқын су ауылдан жырақ жатқан Ақбастау ауылына су жеткізетін «Дарбаза» каналына да өз әсерін тигізген болатын. Жақында осы ауылда болып, мән-жайды біліп қайттық.

«Сорсай» иіріміне судан келер қауіп жоқ
Шамасы келетіндер шатырларын өз ақшасына жауып алған

Ақбастау ауыл округіндегі 14 шақырымға созылып жатқан «Дарбаза» каналының 1 км келетін «Сорсай» иірімі бірнеше жылдан бері күрделі жөндеуді қажет етіп келген. Себебі, өткен ғасырдың 80-жылдары салынған каналдың дәл осы бөлігі уақыт өте келе сыр бере бастаған. Одан бөлек, дәл осы иірімде каналдың астындағы, қырдан аққан еріген қар суы өтетін құбыры бітеліп қалған. Осыдан кейін сол аралыққа су жиналып, канал астындағы топырақ біртіндеп шөге бастаған. Қалт-құлт етіп тұрғанда «жығылғанға жұдырық» болып, өз деңгейінен төмен түскен арнадан жаз айында ағын су тасып, сыртқа төгілген су арнаның жанындағы топырақ үйіндісін шайып, үгіте берген. Міне, осыдан барып канал апаттық жағдайға ұшыраған. 1350 гектарға су жеткізіп, одан бөлек ауыл ішін ағын сумен қамтамасыз етіп, Ақбастау ауылының халқын асырап отырған бұл каналдың күйі ауыл жұртын қатты толғандырған болатын. Ертеден пайдаланып келе жатқан бұл су арнасына дер кезінде көңіл бөлінбесе диқандар егін егуден тысқары қалатын еді…

Бірақ уайымның барлығы артта қалды. Басшылардың ықпалымен дер кезінде қолға алынып, нәтижесінде қажетті сметалық құжаттар әзірленіп, оған облыстық бюджеттен 6,800 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстарын облыстық «Табиғатты қорғау» МКҚК ұтып алып, күз мезгілінде бастап жіберген. Осының арқасында каналдың 1 км келетін бөлігі цементпен 50 см етіп биіктетіліп, каналдың екі шеті топырақпен нығайтылды. Жаңбыр мен қар суы жүретін астыңғы құбыры ауыстырылып, құбырдың үсті қайтадан үгітілмес үшін тау тасымен қаланып, таптау жұмыстары жүргізілген. Ақбастау ауылының тұрғыны, каналды қалпына келтіру жұмыстарына бригадирлік еткен Аймахан Мүсірәлиевтің айтуына қарағанда бұл маңызды жоба болған көрінеді.

«Жаз қамын қыс ойла» деп бекер айтылмаса керек. Дер кезінде қолға алынған жұмыстың арқасында Ақбастау аймағында осылайша «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» сауапты іс атқарылды. Айтпақшы, канал апаттық кезінде қажетті су жеткізе алмағандықтан ауылдықтарға жаз мезгілінде судың тапшылығы қатты сезілетін. Ал енді биыл керісінше диқандардың суармалы егістік алқабын кеңейтіп, дәнді дақылдарды молынан егуге мүмкіндік туып отыр.

Бағлан НҰРАЛЫҰЛЫ

Сіз не дейсіз?

Аймахан Мүсірәлиев
Аймахан Мүсірәлиев

Аймахан Мүсірәлиев, бригадир

– 1 шақырым келетін «Сорсай» иіріміне 20 тонналық жүк көлігімен 80 көлік топырақ, 36 тонна цемент, 400 тонна таудың тасы жұмсалды. Басқа да қажетті құрылыс материалдары пайдаланылды. Бұл іске бір кран, бір жүк көлігі, 10 адам атсалысты. Толықтай бітіруге 1 айдан астам уақыт кетті. Жұмыс сапалы атқарылды деп айта аламыз. Себебі, биылғы қыс мезгілінде еш жері бүлінбеді. Ақбастау жұрты енді судан тапшылық көрмейді. Канал көктемде егістікке толық су жеткізуге дайын.