snapshot20130207135742Ауданда көршілер арасындағы жер дауы жасөспірім баланың тағдырына келіп тірелді. Көксәйек ауылындағы 11 жасар мектеп оқушысы осыдан жарты жыл бұрын ауыр қылмысқа айыпты деп танылған болатын. Көршілері оны баламызды зорлады деп арызданған. Ал ұлы айыпталған ана шындық іздеп шыр-пыр. Айтуынша, көршісі жерді тартып алу үшін жала жауып отыр. Бала өмірін ойыншыққа айналдырған үлкендермен біздің арна тілшілері тілдесуге тырысты.

Зулхумар Артықова ұлының жәйімен талай табалдырықты тоздырды. Бармаған жері қалмады. 11 жасар баласының ешкімді зорламағанын, кінәлі еместігін қалайда дәлелдемекші. Жинақтаған құжаттарынан бүгінде бірнеше кітап шығаруға болады. Ұлы оқитын мектептің ұстаздары да, тіпті арыз жазып кейіннен оны қайтып алған кейбір көршілері де жас жеткіншектің кінәсі жоқтығына сенімді.

Оқиға 2012 жылдың 23-ші шілдесі күні Төлеби аудандық ІІБ-не бір емес бірнеше Көксәйектік ата-анадан арыз түскенінен басталған. Олар Зұлхұмар Артықованың ұлы балаларымызды зорлауға әрекеттенді деп шағымданыпты. Ал келесі күні бұл әрекетке көршісінің айтуымен барғандарын мойындап, көпшілігі шағымдарын қайтарып алған. Ал бұл кезде жасөспірімдердің ісі бойынша аудандық комиссия баланы «қылмыскер» деп тауып, құжаттарын да рәсімдеп үлгерген. Тергеу әлі аяқталмаса да, оқушы баланың тағдырын үлкендер осылай шешіп қойған.

Бұл іске балалардың құқығын қорғау департаменті де қанық. Мамандар оқиғаға қатысты бірнеше рет шағым жазып, келіспейтінін білдірген. Әзірге еш нәтиже жоқ.

Ғалия Жүсіпбекова, балалардың құқығын қорғау департаментінің бастығы: «Бала кінәлі емес, мұны баламен арнайы жұмыс істеген психолог мамандар да растап отыр. Алайда бізді ешкім тыңдағысы келмейді».

Зұлхұмардың үйінде қазір ешкім тұрмайды. Есесіне, Полицейлер жарты жылдан бері мұнда кезекшілікте тұр. Ұлымды зорлады деп айтқанынан қайтпай отырған көрші болса бос тұрған баспана маңына қарай ауласын кеңейтіп алғанға ұқсайды. Әкімшілік соты бұл әрекеті үшін оған екі рет айыппұл да салыпты. Арызданушының өзінен мән-жайды сұрағанымызда, сөйлесуден бас тартты.

11 жасар ұлы айыпты деп танылған ана жергілікті соттан әділдік таппай, енді жоғарғыдағы құзырлы органдарға арызданамын деп отыр.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=G4tuni1Nyag[/youtube]