Оңтүстік Қазақстан облысына осыдан екі жыл бұрын шетелден асылтұқымды сиырлар әкелінгені естеріңізде шығар. Бір емес, екі емес, мыңға жуық австралиялық, америкалық герефорд, ангус атты етті, сүтті сиырларды сатып алған едік сол кезде. Алғашқылардың бірі болып осы істі қолға алған «Алтын дән» ЖШС-і мен «Ақсанат Инжиниринг» ЖШС-і болатын. Бүгінде аталмыш орта бизнес өкілдері шаруасын жолға қойып отыр. Жақында аталмыш серіктестіктерге барып, шетелдік сиырлардың жай-күйін біліп қайттық.
Сиыр иелері асылтұқымды сиырларының арасында үлкен шығын бола қоймағанын айтады. Уақытылы тексеруден өткізіп, қажетті ем-домдар жасалып тұрады екен. Дегенмен Оңтүстіктің таулы аймақтарының ауа райы-на бейімделу сиырларға біраз қиындық туғызған көрінеді. Аздап шығын да орын алған. Амандық болса Оңтүстікке әкелінген сол сиырлар биыл екінші мәрте төлдемек. Өткен жылғыдай төлдету мерзімінің созылып кетуін болдырмау мәселесі жан-жақты қарастырылып, мал дәрігерлері асылтұқымды сиырлардың барлығын бір мезгілде ұрықтандырыпты.
Біздегі мал дәрігерлері бүкіл елді шулатқан Солтүстіктегі Австриядан сатып алынған Сементаль сиырларынан табылған вирустық диарея біздегі Австралиядан әкелінген Ангус пен Герефорд сиырларынан кездеспегенін айтады. Себебі Австрия мен Австралияның атаулары ұқсас болғанымен жер шарындағы орналасу белдеуі мүлдем бөлек. Оның үстінде екеуі екі құрлықта жатқан шалғай елдер. Дегенмен, қауіптің қашанда алыста жүрмейтінін ұмытпау керек тәрізді. Шынын айту керек, соңғы кездері әсіресе биыл шетелдік ірі қараларды көп мөлшерде сатып алып, елімізге жерсіндіруге деген көзқарас өзгеріп отыр. Алғашқыда осы ең тиімді тірлік болғалы тұр деп атойлап шыққан Ауылшаруашылығы министрлігі де өздерінің қателік жасағандарын ақырындап мойындап келеді. Жалпы, сиыр дауы елімізде қашан және қалай шықты? Өткенге аздап шолу жасасақ…
Осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекет 2015 жылға қарай 60 мың тонна ет экспорттау керектігі туралы бастама көтерген болатын. Ол үшін бірінші кезекте шетелден асылтұқымды мал сатып әкеліп, осы арқылы мәселенің түйінін шешуге болатындығы айтылған еді. Осылайша шетел шарлап, асылтұқымды, оның ішінде етті көп беретін сиырларды елге тасу науқаны басталды да кетті. Шартарапты шарлаған реформаның басы-қасында жүргендер Австралия асып, Америкаға, Канадаға да барып қайтты. Құр қайтқан жоқ, мыңдаған сиырлармен бірге келді. Енді етке қарық болатын болдық деп қуандық. Бірақ қуаныш ұзаққа созылмады.
Келген кезден бастап қазақ жеріне үйренісе алмаған «зарубежный» сиырлардың біразы ауруға шалдығып, шетінен қырыла бастады. Былтыр ғана Австриядан әкелініп, Солтүстік Қазақстанның «Леонов» және «Полтавское» шаруашылығында күтіп-бапталып жатқан 722 бас сиырдың барлығы ауру болып шықты. Аттай қалап жүріп мұхиттың ар жағынан алдырылған ірі қаралар мал болып жарытпады. Министр Мамытбековтің беделіне үлкен нұқсан келтірді. Бұл сиырлар бізге үйреншікті аусыл мен бруцеллезбен ауырса мейлі ғой, аты да заты да беймәлім вирустық диарея мен шмалленберг деген су жаңа аурумен науқастаныпты.
Ең қорқыныштысы, бұл беймәлім вирус адамға да жұғуы мүмкін екен. Сондықтан ел Үкіметі екінші ақпан күні әрқайсысы 5-6 мың доллар тұратын 722 бас ірі қараны бұзауымен қосып бәрін өртеп жіберу туралы қаулы шығарды. Ал Ауылшаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Нығмат Жақыпбаев ірі қаралардың Австриядан ауырып келгенін мәлім етті. Оның айтуынша, екі қожалыққа әкелінген сиырдың онға жуығы шмалленберг ауруынан өліп, бірқатары төлін тастап қойған.
Бұл ауруға қарсы күресу ем-шаралары әлемде жоқ көрінеді. Ауа арқылы тарайды екен. Сондықтан сиырлардың өкпесіне аммиак егіліп, өлтіріледі. Ал өлген малдың денесі өртеліп жіберіледі.
Дегенмен, Австрия билігі Солтүстік Қазақстан облысына әкелінген ірі қара бізден кеткенде сау болды деп, барлық айыптауларды жоққа шығаруда. Бұл туралы Қазақстандағы Австрия елшілігі хабарлаған. «Австрия өз тұтынушыларының қауіпсіздігі мен жануарларының денсаулығына ерекше ден қояды. Сондай-ақ әлемнің түпкір- түпкіріне мал экспорттайтын жоғары дамыған ауылшаруашылық секторын да мақтан тұтады. Ғылыми дәлелдерге сүйене отырып, Австрия өз тарапынан бұған дейінгі мәлімдемелерді жоққа шығарады. Австриялық малды импорттау кезінде Қазақстанның агроқауіпсіздігіне нұқсан келтірушілер «Полтавское» және «Леонов» шаруашылықтарының» өздері», – депті Австрия тарабы.
Сонымен қатар, Австриядан экспорттау кезінде сиырларға шмалленберг диагнозы қойылмағанын, Австрия сиырлардан вирус анықталғаны үшін Қазақстан билігінен кешірім сұрамағанын алға тартып отыр.
Тағы бір айта кетерлігі «Қазагроның» сырттан көп көлемде мал сатып әкелу туралы жасап жатқан жобасына екі жыл бұрын аграрлық сала ғалымдары мен Ауылшаруашылығы министрлігінің сол кездегі басшылығы қарсы болыпты. Бірақ оны ешкім ескермеген. Отандық фермерлердің Австриядан асылтұқымды мал сатып аламын деп орасан шығынға қалуының бір себебі осы көрінеді. Ауылшаруашылығы министрлігінің бұрынғы басшысы Ақылбек Күрішбаев осындай мәлімдеме жасауда.
«Екі жыл бұрын «ҚазАГРО» ҰБХ-ның елге сырттан көп көлемде мал сатып әкелу туралы жасап жатқан жобасына аграрлық сала ғалымдары мен Ауылшаруашылығы министрлігінің сол кездегі басшылығы қарсы болған болатын», – дейді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, бұрын Ауылшаруашылығы министрі болған Ақылбек Күрішбаев. Оның айтуынша, сол тұста асылтұқымды малшаруашылығындағы қалыптасқан жағдайға байланысты тек отандық малдардың тұқымын жақсарту, селекциялық процестер үшін сырттан шектеулі көлемде ғана тек жоғары сапалы асылтұқымды мал сатып алу туралы ұсыныс жасалыныпты.
«Біз сол кезде мал импортына байланысты басқа елдердің тәжірибесін талдап қарадық, соның ішінде көрші Ресейде импорттық малдармен бірге аса қауіпті карантиндік аурулар кіргенін ескердік. Біздің ұсынысымызға орай, осы олқылықтарды ескерген Ресей Федерациясының жетекші ғалымдары мен малшаруашылығы мамандарының хаттары мен ұсыныстары берілген еді. Бірақ өкінішке қарай, ғалымдардың дәлелдемелерін ешкім естіген жоқ!», – дейді ол. Сондай-ақ бұрынғы министр осы қателіктің салдарынан кеткен шығынды Австрия билігі төлемейді деген пікірде. Ол: «Австриялық тараптың біздің мемлекеттік бюджет пен фермерлердің жіберген шығындарына өтемақы береді деп ойламаймын. Бұл жерде осы малдарды әкелуге шешім қабылдаған адамдардың, соның ішінде біздің ветеринарлық қызметтің басшылары кінәлі. «Сенсең де, тексер» деген қағиданы ұстану керек еді», – дейді.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ
Ақылбек Күрішбаев, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры
– Менің ойымша, қазір шешімін күткен басты тақырыптардың қатарына төмендегі жайттарды жатқызар едім. Біріншіден, бұл өте қауіпті аурудың ошағын тез арада жойып, республиканың басқа аймақтарына таралуын болдырмау керек. Екіншіден, соңғы екі жылда елге әкелінген малдарды экзотикалық аурулардың осындай және басқа түрлеріне де мұқият тексерту қажет. Үшіншіден, елге көп көлемде малдарды әкелуді тоқтатып, алдында біздің ғалымдар ұсынғандай өзіміздегі асылтұқымды малшаруашылығының селекциялық жұмыстарының жетілдірілуіне мән беруіміз қажет.