Тұрғандардың бір-ақ тілегі бар

Бүгін Сайрам ауданы, Тассай елді мекенінің тұрғындары наразылық шарасын ұйымдастырды. Ауылдағы жалғыз жолдың сапасыздығынан зәрезап болған олар жаппай наразылыққа шықты. Ашуға мінген ауылдықтар облыстық маңызы бар жолдардың бірін жауып тастады. Айтуларынша елді мекенде бар жолдың өзін, жүк көліктері талқандап тастаған. Ал жергілікті әкімдік көрмес, түйені де көрместің кейпінде.

 

Жабылған жолдың салдарынан ауыр жүк көліктері тізіліп қалды
Жабылған жолдың салдарынан ауыр жүк көліктері тізіліп қалды

Наразылық шарасына 100 ден аса тұрғын шықты. Олардың барлығы осы жолдың жоқтығынан әбден шаршадық дейді. Оның үстіне бар жолдың өзін сол маңдағы цемент зауыты мен каръердің жүк көліктері талқандап тастаса керек. Ашынған ағайын биліктен үн болмаған соң жолды жауып тастады. Сөйтіп облыстық маңызы бар жолда бір неше сағат бойы қатынас тоқтап қалды.

Орынбек  Төлегенов,Тассай елді-мекенінің тұрғыны: «HOWO-лар бір-бірімен жарысып өткен кезде, бала түгілі бізді де ұшырып жібереді. Қанша адам өлді. Жақында ғана бір камаз жеңіл көліктің үстіне мініп кеткен. Жалғыз жолымыздың быт-шытын шығарды. Тыңдап жатқан бір адам жоқ, зарымызды».

Екі каръердің ортасында орналасқан бұл елді-мекеннің тұрғындары жиырма жылдан бері осындай қорлыққа шыдап келіпті. Тіпті балаларының жүк көлігінің астында қалып қаза табу оқиғалары жиілеген. Шетелден ата жұртқа келген ағайын, елімізде осындай қорлық көреміз деп ойламадық деп зар жылайды.

Зинарат Сейтімова, Тассай елді-мекенінің тұрғыны: «Елімізге жиырма жыл бұрын көшіп келгенді, дәл мұндай күйге түсеміз деп ойламадық. Көргеніміз күніміз құрысын. Жолымыздың шиқанын шығарып жіберді. Дүркіреп камаздар өткенде үйіміз құлап қалмаса болғаны деп отырамыз. Ал балалар мектепке кеткенде бір камаздың астында қалып кетпесін деп, қарауылдап жүргеніміз».

Тұрғандардың бір-ақ тілегі бар
Тұрғандардың бір-ақ тілегі бар

Олар ауыл әкімін де танымайтын болып шықты. Ақ жағалылар мүлде келмеген екен мұнда. Қараша шу көтеріп еді, шенеунік жетіп келді. Бірақ, жолға көлденеңнен тұрып алған көпшілік көңілдегі өзекті сауалдарына мардымды жауап ала алмады.

2009 жылы соңғы рет жөндеуден өткен жолға биыл бюджеттен қаржы бөлінеді дейді әкім.

ауыл әкімі
ауыл әкімі

Хусанхан Ахметханов, Сайрам ауыл-округінің әкімі: «2009 жылы жөнделді. Бір айдың ішінде ауыр жүккөліктері тас-талқанын шығарды. Содан соң, ауданға шықтық, аудан облысқа шықты, бірақ заң бойынша бір жылда екі рет ақша бөле алмайды екен. Содан үш жылдан кейін бюджеттен қаржы қарастырамыз деген. Сондай уәделері бар».

Жауапқа қанағаттанбаған тұрғындар аудан әкімі келмей жолды ашпайтындықтарын жария етті. Өйткені Сайрам ауданының әкімі Уалихан Қайназаровты бір жыл бойы күттік дейді. Ол да ат ізін салмаса керек.

Бірақ ауыл әкімі уәдені үйіп төгіп, халықты сабырға шақырды. Ауылға көңіл бөлеміз деді. Ашуға булыққан ағайын бұл жолы да сенді. Егер нәтиже шықпаса енді бір күннің өзінде бір неше жолды жауып наразылық акциясын өткізбекші.

Сайрам ауылына қарасты Тассай елді мекенінде жол мәселесі жалғыз проблема емес. Мұнда мектеп қирағалы тұр дейді тұрғындар. Ал балабақша атымен жоқ. Қала іргесінде тұрсақта көгілдір отын мәселесі де шешілмей келеді дейді олар.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=HcemFLWyhXk[/youtube]