Тендерге телмірген бала аш қалмай ма?

Мемлекеттік балабақшаларда әрбір бала күніне 337 теңге 35 тиынға тамақтанады. Ал жыл сайын әрбір балаға бұл мақсатқа орташа есеппен 85 мың теңге жұмсалады.
Мемлекеттік балабақшаларда әрбір бала күніне 337 теңге 35 тиынға тамақтанады. Ал жыл сайын әрбір балаға бұл мақсатқа орташа есеппен 85 мың теңге жұмсалады.
Мемлекеттік балабақшаларда әрбір бала күніне 337 теңге 35 тиынға тамақтанады. Ал жыл сайын әрбір балаға бұл мақсатқа орташа есеппен 85 мың теңге жұмсалады.

Балалар бақшада қалай тамақтанады? Редакциямызға хабарласқан көптеген ата-ана осы сауалға жауап іздеуімізді өтінді.

Былтырғы жылдың қазан айында балабақшалардағы төлемақы 2 мың теңгеге қымбаттайтын болған. Бұған наразы болған ата-аналар шағымданып жүріп, төлемақы құнын 1 мың теңгеге түсірткені есімізде. Осыған дейін 6100 теңге төлеп келген ата-ана қазір балабақшаға баратын әрбір баласына 7100 теңге төлейді.

Сонымен, бағаға бас қатырып отырған жайымызды баяндайық. Біздің зерттеу нысанамызға алынып отырған тамақтану тақырыбы тап осы ата-ананың ай сайынғы төлемақысымен тікелей байланысты. Естеріңізде болса, сала мамандары балабақша қызметінің қымбаттауын былай түсіндірген болатын. «Тамақтанудың қазіргі санитарлық нормасы кеңестік дәуірден келе жатыр. Балалардың ас мәзірін өзгерту – заман талабы. Тамақтың сапасы және мөлшері біршама артуы керек. Бұрын мектеп жасына дейінгі әр балаға күніне 100 грамм ет тиесілі болса, бұдан былай бұл 10 грамға көбейеді. Сол сияқты көкөніс пен жеміс-жидек мөлшері де артады». Әрине, бастапқыда көтерілген баға (8 200 теңге) сол күйі қалғанда бәлкім, кеңестік мәзір өзгерер ме еді?

Алайда, ата-ана қалтасы ол құнды көтермейтін болды да, баға сәл-пәл төмендетілді. Сөйтіп мәзір сол күйі қалды. Ал қосылған 1 мың теңгені азық-түлік бағасының қымбаттауымен байланыстырдық. Балабақшалар бүгінде ата-ананың ай сайынғы төлемақысына шама-шарқыларынша әрқайсысы өз жүйесімен балаларды тамақтандырып отыр. Бүгінде бұл мәселе биік-биік мінберлерде тақырып өзегіне айналып отыр. Жақында Дариға Назарбаева бастаған бірқатар Парламент Мәжілісінің депутаттары «қымыздың балабақша мен мектептерде ас мәзіріне ену қажеттілігі» туралы бастама көтерген болатын. Өскелең ұрпақтың саулығына баса назар аударатын Якутия болса, балабақшада бие сүтін тегін беруді заңмен бекіткен екен. Ал біздің балғындар қымыз былай тұрсын жеміс-жидектің өзін аптасына екі-ақ рет көреді. Ұлттық сусынымыз болса, қымыздың ауылы алыс бізге әлі.

Ал арнайы санаттағы балабақшалардағы балалардың тамақтануы тіпті тендерге қарап тұр. Тендердің бәсекелестікті арттыратынын біз де жоққа шығара алмаймыз. Бірақ балалардың тамақтануын тендердің қалай «шешетіні» бас есепшінің сөзінен белгілі болып отыр. Кім арзан тамақ ұсынады, тендердің жеңімпазы сол. Жыл бойына балаларды азықтандыруға мүмкіндік алады. Ал арзанның сорпасы қашан татымды болған еді? Оның үстіне денсаулығы нашар балалар басқа балаларға қарағанда құнарлы тамақтандырылу керектігі айтпаса да белгілі жайт емес пе? Ал астың бағасымен емес, сапасымен, құнарлылығымен ғана «арқау» болатынын сала мамандары ескермей отырған сыңайлы.

Осынау ереже-талапты көзге шұқығандай етіп көрсетіп беретін, оның сақталуын жіті қадағалап отыратын санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мамандарының да өз уәждері бар. Біздегі балабақшалардың көбісі жекеменшіктің иесінде. Кәсібін енді бастап жатқан кәсіпкердің жұмысына бірден бақылау жасауға рұқсат берілмейді. Ісін дөңгелетіп алмайынша, СЭС мамандары бақшаның табалдырығын аттай да алмайды. Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау Комитетінің ОҚО департаментінің бөлім бастығы Раушан Қасымқұлова «бұл аралықта олардың балаларды немен, қалай тамақтандырып отырғаны бізге беймәлім. Тек түскен шағымдар бойынша ғана тексеру шараларын жүргізуге құзырлымыз.

Жалпы, балабақшалар жылына екі рет, әр 6 ай сайын тексеріліп отырады. Онда да балабақшаларға бір ай бұрын арнайы хат жолдаймыз. Онсыз тексеру жүргізуге құқымыз жоқ. Бұл аралықта балабақша тіпті күрделі жөндеу жүргізіп алам десе өз еркі. Біздің тексеріп баратынымызды сағатына дейін біліп отыратын олар мамандар барғанға дейін олқылықтарының орнын толтырып, сақадай сай отырады» дегенді айтады. Заңнамадағы осындай солқылдақ тұстар балабақшалардағы сапаны жолға қоюға қолбайлау болып отырғанға ұқсайды.

ТҮЙІН:

Балалар мен жасөспірімдердің ағзасы үнемі өсіп, дамуда болады. Оларды дұрыс тамақтандыру денсаулығын нығайтып, дене және ойлау қабілетінің дамуына мүмкіндік береді, еңбек ету мен болашақта сабақ үлгерімділік қабілетін арттырады. Дәрігерлер егер тамақтану дұрыс ұйымдастырылмаса, тиімсіз, яғни жеткіліксіз болса, ағзада метаболизм, зат алмасу бұзылып, оның айналадағы ортаның зиянды әсеріне және әртүрлі жұқпалы ауруларға қарсы тұрарлық қабілеті (иммунитеті) төмендейді. Сондықтан да өскелең ұрпақ ой-санасының, дене құрылысының қалыпты жағдайда дамуы үшін уақытылы, сапалы тамақтануы керек. Алайда, күйбең тіршілікпен жүріп баламыздың күн бойына қалай тамақтанып жатқанын бақылауға да ала алмайтынымыз жасырын емес. Бірақ бір анығы, бақшаға баламызды қалтамыздың қалыңдығынан жібермейміз. Бауыр етіміз – баламыз уақытылы тамақтанып, уақытылы демалуы үшін, тәрбиешілер қадағалауында болып, ой-өрісінің, салт-санасының дұрыс жетілуі үшін, жалпы, болашақта толыққанды азамат болып өсуіне жағдай туғыза алады деген үмітпен балабақша қызметіне жүгінеміз. Тек сала мамандары ата-ананың осы сұранысының үдесінен шықса игі…

Мақпал РЫСБАЕВА

Айжамал Еспенбет
Айжамал Еспенбет

Айжамал Еспенбет, Шымкент қалалық білім беру бөлімінің бас есепшісі

– Бүгінде Шымкент қаласы бойынша осы санаттағы тіл мүкістігі бар, БЦС ауруына шалдыққан, көзі әлсіз көретін, ақыл-есі кеміс балалар мен ата-аналары туберкулезге шалдыққан балаларға арналған 7 балабақша бар. Ол жерлердегі тамақтануға жекеменшік сауда фирмалары арасында тендер өткізілу арқылы шешіледі. Биылғы жылы осындай балабақшалардағы балаларды тамақтандыру мақсатына мемлекет есебінен 90 млн теңгенің қаражаты бөлініп отыр. Қалалық білім беру бөлімі тендерді электронды түрде өткізіп береді. Тендердің талабы белгілі. Баға ұсынысы жағынан қай фирма төмен баға ұсынса, соны жеңімпаз етіп жариялаймыз.

 

Айнұр ЖҰрманова
Айнұр ЖҰрманова

Айнұр ЖҰрманова, «Сандуғаш» балабақшасының меңгерушісі

– Балалар 3 мезгіл тамақтандырылады. Таңертең ботқа, түстікке міндетті түрде ыстық тамақ пен жеміс шырындарын, бесіндіге сүзбе, қаймақ беріледі. Онымен қоса аптасына екі рет  жемістер үлестіреміз. Әрбір балабақша қалалық білім бөлімі берген тамақтану мәзірі калькуляциясына сүйенеді. Ал азық-түліктерді жеткізіп беру үшін жеке фирмалармен жұмыс істейміз. Қай сауда ұйымымен жұмыс істейтінімізді алдымен бекітіп аламыз. Мәселен, нан өнімдерін тасымалдайтын фирма бөлек, сүт өнімдерін жеткізіп беретін фирма бөлек.  Осындай 5-6 жекеменшік сауда орындарымен жыл сайын келісімшартқа отырамыз. Әрине, балаларды бұдан да құнарлы етіп тамақтандыруға болады. Мәселен, жемістерді күн сайын, дәруменге бай қаймақ, сүзбелерді молырақ беруге болатын еді. Бірақ азық-түлік құны қымбат қазір. Ата-ананың әрбір балаға беріп отырған 7 мың теңгесі осы мәзірге ғана жетеді.

 

Раушан Қасымқұлова
Раушан Қасымқұлова

Раушан Қасымқұлова, МСЭҚ Комитеті ОҚО департаментінің бөлім бастығы

– Балабақшалардағы бұл жағдай сала мамандарының ойынан шығып отырған жоқ. Салыстырмалы түрде соңғы екі жылдағы тексеру шараларының нәтижесін алып қарайық.  Мәселен, 2011 жылы 395 балабақша есепте тұрған, оның 383 тексерумен қамтылып, зертханалық тексеруге тағам құнарлылығына 578 сынама алынған. Микробиологиялық зертханаға 1846 тағам алынып, оның 19 санитарлық талаптарға сәйкес келмей шыққан болатын. Тексерулер қорытындысы бойынша 129 айыппұл салынып, 94 санитарлық нұсқама берілген, 22 қызметкер жұмыстан шеттетіліп, 1 балабақша қызметі уақытша тоқтатылған еді. Ал 2012 жылы 562 балабақша есепте тұрған болса, оның 562 тексерумен қамтылып, зертханалық тексеруге тағам құнарлылығына 709 сынама алынған. Микробиологиялық зертханаға 2688 тағам алынған болса, оның 43 санитарлық талаптарға сәйкес келмеген. Тексерулер қорытындысы бойынша 326 айыппұл салынып, 139 санитарлық нұсқама берілген, 39 қызметкер жұмыстан шеттетіліп, 6 балабақша қызметі уақытша тоқтатылған.