Тіршілік коллизиясы

Кешегі аптада Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрының ұжымы көрерменге жаңа қойылым ұсынды. Ол Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағаш» пьесасы бойынша сахналанған осы аттас спектакль

Кешегі аптада Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрының ұжымы көрерменге жаңа қойылым ұсынды. Ол Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағаш» пьесасы бойынша сахналанған осы аттас спектакль. Автордың бұл шығармасын қазақ театрларының біразы қойған болатын. Расымен де айтары бар шығарма. Жалықтырмайтын тақырып. Қоюшы-режиссер Иманәлі Сапаров пьесаны біраздан бері сахналауды жоспарлағанымен сәті биыл ғана түскенін айтады.

Кешегі аптада Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрының ұжымы көрерменге жаңа қойылым ұсынды. Ол Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағаш» пьесасы бойынша сахналанған осы аттас спектакль
Кешегі аптада Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрының ұжымы көрерменге жаңа қойылым ұсынды. Ол Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағаш» пьесасы бойынша сахналанған осы аттас спектакль

Сахна оқиғасы мынадай. Ауладағы бір түп алманың түбіне жайылған дастарқанға бар дәмдісін қойып Дәметкен ана (әртіс – Раушан Салова) жүр. Бауырларын тағатсыздана күткен кенжесі Мақсат (әртіс – Ержан Закиев) анасының туған күніне аға-әпкелерін шақыртқан. Осы бір басқосудың ұйытқысы өзі болғанына риза сезімде. Тек жылына бір рет келсе келді, келмесе қара шаңыраққа бас сұқпайтын бауырларының бұл жолы біраз күн аялдауын армандайды. «Көп күн бірге болсақ қой» дейді. «Балаларын алып келсе ойнатар едім, қасыма алып жатар едім…». Тағдыр тәлкегімен ұшқыш боламын деген арманы орта жолда қиылып, қанатынан айырылған құстай мүгедектер арбасына танылған Мақсаттың өмірге деген құлшынысы зор. Барша адамнан ізгілікті, мейірімді, жақсылықты күтеді. Айтпақшы, жас әртіс Ержан Закиев бұған дейін ұлы сазгер Шәмшінің бейнесін сомдағаны бар. Енді, міне, «Бір түп алма ағашта» мүгедек Мақсаттың рөлінде. Шеберлікпен ойнағаны сонша, қойылым аяқталып, көрермен шапалақ ұрғанша әртістің мүгедек еместігін көрермен аңғармады.

Не керек, бір түп алманың түбіндегі дастарқанға Мақсаттың аға-әпкелері жиналды. Басқосуға себепші болған аналары Дәметкеннің туған күні басталды. Осы жерде ана мерейтойына жиналған ұл-қыздардың бір-бірімен сөзге ілінісіп, көреалмаушылықтары, тартып жүрген тұрмыс тауқыметтері ақтарыла берді. Әрине, кез келген отбасында болатын, бауырлар арасындағы керісу сахна төрінен көрсетілуі көрерменге көп ой салды. Аңсап күткен ананың көңілін су сепкендей басу, сағынған бауырдың үмітін ақтамау, күнделікті тұрмыстағы жағдайлар қаз-қалпында көрсетілуімен де бұл қойылым көрерменнің көңілінен шықты деуге болады.

Мақсат кітапты көп оқитын бала. Зерек, ойы ұшқыр. Сол айтады: «Баяғыда бір түп алма ағашы болыпты. Күндердің күнінде алма жемісін бере бастапты. Қожайын қуанып, суарып, бар уақытын сол ағаштың маңайында өткізеді екен. Алма ағашы өсе-өсе бұтақтары пайда болыпты. Олар да алма бере бастапты. Алма ағашы қуанып, міне, менің үрім-бұтағым көбейді, енді мен қожайыныма жемісті екі еселеп, үш еселеп беретін болдым деп айқайлайды екен. Сонда өсіп жетілген бұтақтары:

– Бұлай болмайды екен, сен өзіңше, біз өз бетімізше өмір сүрейік! Біз болмасақ сен қайдан ғана алма беретін едің, – депті. Алма ағашы таңданып:

– Қалайша, сендер менің түбірімнен дамыған жоқсыңдар ма, менен қоректенесіңдер, бұларың қалай? Қожайыным суарғанда суды ең алдымен мен сіңіремін. Содан соң сендерді нәрлендіремін. Қалайша сендер өз беттеріңмен боласыңдар, – деп күйінеді екен. Күйінгеннен алма ағашы бірте-бірте сола береді. Алма ағашы сола бастаған сайын бұтақтардың да шыбын жандары шырқырайды:

– Әй, ағаш, сен дұрыс айтасың, біз сенен жаралдық, сенен тарадық, сен біздің түбірімізсің, – деп жалынатын көрінеді. Қожайын да ағаш сола бастаған соң суармай қойыпты. Бұтақтары қанша жалынып өтінгенімен алма ағашы қайта көгермеген, күнге күйіп кеткен көрінеді. Бұтақтар да күйіп кетіпті».

Сахнада бейнеленген өмір
Сахнада бейнеленген өмір

Автор осы монолог арқылы бір-бірімен жауласа кететін бауырларды ынтымаққа, татулыққа шақырады. Ал қоюшы-режиссер Иманәлі Сапаров талай рет сахнада қойылып, тіпті кейбір әртістердің өнердегі бағын ашқан спектакльді қолға алуыма себеп көп болды дейді. Алдымен кейбір отбасындағы жағдайларды көзбен көру түрткі болған. Мәселен, қалталы азаматтардың кейбірі өзінің туған бауырына көмектесуді білмейтіндігі, жастардың бойында бауырмашылдық, ағайынгершілік қасиеттің жоғалып бара жатуы себеп болған. Сөйлесуге уақыт таппайтындар көбейген. Спектакль театрдағы кейбір жас әртістердің де шығармашылығын шыңдауға септігін тигізген секілді. Дәметкеннің күйеу баласы Зарқынбек рөліндегі Мейрамбек Нұрәлиев өзіне жүктелген образын келісті ойнады. Арасында өзінің іс-қимылы арқылы, кейіпкер сөзін қызықты жеткізуге тырысты. Әдеттегідей тәжірибелі актер Еркін Шымырқұлов Ерғали рөлін көрермендерге салмақты жеткізе білді. Аға мен қарындас арасындағы ұзаққа жалғасқан ұрыс соңы ағаның қарындасына қол жұмсауымен аяқталды. Осыдан кейін шырмалған оқиғаның да түйіні шешіле бастады.

Залда тыныштық. Сахнадағы көрініске көрермен кіріп кеткендей. Осы кезде жанымда отырған көрермен кейуананың ақырын басып, шығып бара жатқанын көзім шалды. Сахнадағы өмірдің күнделікті өмірден айырмасы алшақ емес. Ана жүрегі шыдамаса керек.

Спектакль аяқталды. Риза болған көрермендер орындарынан тұрып құрмет көрсетіп, ұзақ қол шапалақтап тұрды. Әртістер де көрермендерге қайта-қайта иіліп әлек. Бірақ… әдеттегідей өнер адамдарына ықыластан кейінгі үлкен сыйлық саналатын гүлді ешкім бермеді. Өкінішті…

Ғалия Мұхамбетқызы