Заңгер оқырмандар сауалына жауап береді

Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ
Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ
Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ

Оқырмандарымыздан редакцияға келіп түскен сауалына, тұрақты авторымыз, ОҚО «Тәуелсіз заңгерлер» ҚБ-нің төрағасы Дінмұхамед Қылышбаев жауап береді.

Сұрақ: 

– Мемлекеттік мекеменің шешіміне қалай шағымдануға болады, егер олардың жоғары тұрған инстанциясы да шағымды дұрыс қарамаса?

Жауап: 

– Егер мемлекеттік мекемемен қабылданған шешім Сіздің құқықтарыңызды, бостандықтарыңызды немесе заңды мүдделеріңізді бұзған болса, онда Сіз сол мекеменің жоғары тұрған инстанциясына немесе прокуратураға шағымдануға құқылысыз.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің 278-бабына сәйкес Сіз мемлекеттік органның шешіміне сот тәртібімен шағым келтіре аласыз.

Сонымен қатар жоғары тұрған органдар мен ұйымдарға, лауазымды адамға алдын ала жүгіну, сотқа арыз беруге және соттың оны мәні бойынша қарауға қабылдауына және шешуіне міндетті шарт болып табылмайды.

Сотқа келесі негіздер бойынша арыз беруге болады:

Егер мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің шешімдерінің, әрекеттерінің немесе әрекетсіздігінің нәтижесінде:

1) азаматтың және заңды тұлғалардың құқықтары, бостандықтары және заңмен қорғалатын мүдделерi бұзылған;

2) азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ заңды тұлғаның құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерiн жүзеге асыруына кедергі жасалған;

3) азаматқа немесе заңды тұлғаға әлдебiр мiндет заңсыз жүктелген немесе олар заңсыз жауапқа тартылған алқалық және жеке-дара шешiмдер мен әрекеттер (әрекетсiздiк) болса.

Сіз өз құқықтарының, бостандықтарының және заңмен қорғалатын мүдделерiнiң бұзылғаны туралы өзіңізге мәлiм болған күннен бастап үш ай iшiнде сотқа арызбен жүгiнуге құқылысыз. Арыз беріп жүгінуге арналған үш айлық мерзімді өткізіп алу соттың арызды қабылдаудан бас тартуына негіз бола алмайды, себебі мерзімнің өткізіліп алу себептері сот отырысында арызды мәні бойынша қарау кезінде анықталады.

Алайда, сот мерзімнің өткізілгенін негізге алып арыздың қанағаттандырудан бас тартуы мүмкін. Сот істі бір ай ішінде Сіздің немесе сенімді өкіліңіздің, прокурордың және шешімімен әрекеттеріне дау айтылып отырған мемлекеттік мекеменің қатысуымен қарайды.

Егер сот Сіздің арызыңызды орынды деп табатын болса, онда мемлекеттік мекеменің Сіздің құқықтары мен бостандықтарыңызды және заңмен қорғалатын мүдделерiңізді бұзуға жол берілген бұрмалаушылықты толық көлемінде жоюға міндеттілігі туралы шешім шығарады.

Ал егер сот дау айтылған шешімдер мен әрекеттер заңдарға сәйкес, мемлекеттік органның өкілеттігі шегінде шығарылып жасалғанын және азаматтың және заңды тұлғаның құқықтары, бостандықтары және заңмен қорғалатын мүдделерi бұзылмағанын анықтаса, арызды қанағаттандырудан бас тартады.

Мемлекеттік мекеме сот шешімі алынған күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірілмей оны орындағаны туралы Сізге және сотқа хабарлауы тиіс.

Сот шешімін уақытылы орындамағаны үшін немесе орындаудан бас тартқаны үшін мемлекеттік мекеменің лауазымды қызметкерлері жауапқа тартылуы мүмкін.

Сондай-ақ мұндай арыздар ерекше талап қою тәртібімен қаралады.

Арыз Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің 150 және 151 баптарындағы нормаларға сәйкес толтырылып тапсырылады және осы кодекстің 3- тарауында белгіленген соттылық ережелері бойынша беріледі.

Аудандық соттардың сотта іс қарауына жатқызылған арыздарды азаматтың тұрғылықты жеріндегі сотқа не әрекетіне дау айтылып отырған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның, лауазымды адамның, мемлекеттік қызметшінің орналасқан жеріндегі сотқа беріледі.