Шымкентте физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі ашылды. Әлемдік талаптарға сай білім ордасы 720 оқушыға арналғанмен, мұнда іріктеуден өткен 530 бала ғана білім алуға мүмкіндік алып отыр. Ал білім орнының директоры болып Қаракөз Әбдірахманова тағайындалды.
Меншікті жоспар негізінде жобаланған мектеп ғимараты үш қабаттан, он төрт блоктан тұрады. Мектепте 360 орындық асхана жұмыс істейді. Сондай-ақ мұнда оқу бөлмелері және зертханалар мен тіл үйрету блоктары бар. Жатын бөлімінде шалғай аудандардан келіп білім алатын балаларға арналған 120 орындық жатақхана қаралған. Білім беру блогында 58 оқу кабинеті, оның ішінде 18 тіл үйрету бөлмелері, физика мен химия пәндерінің әрқайсына 5 кабинеттен, 9 математика пәнінің кабинеті және 4 биология, география, тарих пен экология және өзге де пәндерге арналған кабинеттер бар. Олардың барлығы дерлік интерактивті, маркерлік тақталар-мен, ноутбуктермен қамтылған. Сонымен қатар мектепте жеке білім алуға арналған аудиториялар, техникалық модельдеу, өнер технологиясы, психологиялық бейімдеу, педагогикалық және ақпараттық интеграциялау технологиясы мен лекция оқуға арналған бірнеше кабинеттер бар. Ал физика, химия, биология, нанотехнология, робототехника саласының ауқымды зертханалары жас зерттеушілерге отандық және Ресей, Ұлыбритания, Германия мен АҚШ-тың алдыңғы қатарлы құрылғыларында, PASCO, PHYWE сынды және өзге де әлемдік брендтермен бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ әйгілі компания өкілдері мектеп мамандарын жаңа техникамен жұмыс істеуге үйретеді.
Білім ордасында салтанатты кештер ұйымдастыруға да жақсы жағдай жасалған. Мектеп ішінен 378 орындық көпфункционалдық акт залы қарастырылыпты. Одан өзге оқушылардың креативті ойлау мен көпшілік алдында сөз сөйлеу сынды қабілеттерін дамыту үшін мектепте «TV NIS» жеке телестудия- сы жұмыс істейді. Мұнда балалар жеке жобаларын жүзеге асырып, мектепішілік бағдарламаларды жасап, телемонтаждың қыр-сырын меңгере алады. Назарбаев зияткерлік мектептерінің кітапханалар қорына Шымкент қаласынындағы мектептердің де кітап мұрағаттары кіреді. Мұнда ең үздік оқу-методикалық құралдар, отандық баспадан шыққан классикалық және көркем әдебиеттің алтын қоры іріктеліп алынған. Көптеген кітаптар жақын уақытта цифрлы нұсқаға көшіріліп, әр оқушы электронды абонемент арқылы «Абай жолы» немесе «Анна Каренина» сынды туындыларды кез келген мобильді құрылғыдан оқи алады. Мектеп кітапханасының негізгі мақсаты – кітапты сақтап қою ғана емес, сонымен қатар балалардың ізденісін дамытып, мәліметтерді сараптап, сұрыптайтын ақпараттық орталыққа айналу. Ал дене-шынықтыру сабақтарын өткізу мен спорттық секциялар жұмысы үшін кіші және үлкен спорт залдары, тренажер, скалодром, футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, теннистік корт пен жүгіру жолдары қарастырылған. Келешекте бұл жерде түрлі сайыстар мен қалалық біріншіліктер ұйымдастырылады дейді ұжым өкілдері. Сонымен қатар оқушылардың хореография, музыка, гимнастика, шахмат, шашка, теннис, техникалық шығармашылық үйірмелеріне, сондай-ақ IELTS тестін тапсыру дайындығы үшін эллективті курстарға қатысуға да мүмкіндігі бар.
Ал физика-математика және химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектептеріне жалпы конкурстық іріктеу негізінде аймақтың ең үздік педагогикалық кадрлары таңдалып алынды. Конкурсқа Шымкент, Түркістан, Тараз, Кентау қалалары мен Қазығұрт, Арыс, Сарыағаш, Төлеби мен Шардара аудандарынан жалпы саны 571 үміткер қатысқан. Алайда, конкурстық комиссия зияткерлік мектептерде жұмыс істеуге лайық деп небәрі 116 мұғалімді ғана ұсынған. Ал үздік мектепте оқуға өтініш білдірген оқушылардың саны 2226 болса, конкурстық іріктеудің екі кезеңі бойынша 530 үміткер «Өркен» грантын иеленуге лайық деп ұсынылды. Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне оқушыларды іріктеу конкурсына 1802 өтініш келіп түсті. Конкурстық іріктеудің екі кезеңінің қорытындысы бойынша 360 үміткер «Өркен» грантын иеленуге лайық деп ұсынылды.
Бүгінде Қазақстанның 7 қаласында – Астана (екеу), Талдықорған, Көкшетау, Семей, Өскемен, Орал мен Қарағандыда жалпы саны сегіз бірдей зияткерлік мектеп жұмыс істейді. Сонымен қатар Алматы (екеу), Петропавл, Қостанай, Павлодар, Атырау, Қызылорда, Тараз, Ақтау, Ақтөбе қалаларында мектептердің құрылысы жалғасуда. Ал Шымкентте жуық арада тағы да бір зияткерлік мектебі зейінді оқушыларға есігін айқара ашпақ. «Нұрсәт» шағынауданында салынып жатқан зияткерлік мектептің ашылу салтанаты осы жылдың сәуір айына қарай ұйымдастырылады деп күтілуде.
Мақпал РЫСБАЕВА
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=Mgx36fSWiPM[/youtube]