Қаланың тазалығын мойнына алғандар міндетіне селқос қарайды

376
Қоқыс жәшігін өртеп те жіберген
Тұрғындар наразылық білдірді
Тұрғындар наразылық білдірді

Қаланың тазалығын мойнына алғандар міндетіне селқос қарайды. Абай ауданына қарасты Гагарин және Добролюбова көшесінің тұрғындары осылай деп шағымданып жатыр. Аулаларындағы қоқыс контейнерлері екі-үш күндеп тазаланбайтындығы былай тұрсын, орны дұрыс таңдалмаған.

Көпқабатты үйден 10 метр қашықтықта тұрған қоқыс жәшігінен күні-түні сөнбейтін көк түтін тұрғындардың денсаулығына кері әсер етіп жатса керек. Жазда терезесін аша алмайтын ағайынның жанайқайына биліктен жауап жоқ. Сан рет Абай ауданы әкімдігіне арызданған оларға жауап та берілмеген. Ал қоқыс жәшігіне жету мұңға айналған. Тас жолдың тесілгені соншалық, жаңбыр суы жиналып, көлге айналған.

Қоқыс жәшігін өртеп те жіберген
Қоқыс жәшігін өртеп те жіберген

Оның үстіне көшенің барлық қаңғыбас иттері де, қаңғыбас адамдары да осы маңда. Өйткені уақытылы тазаланбайтын қоқысқа үймелеп, тұрғындардың үрейін ұшыруда. Алайда, қоқыс тазаланбайды деген жұрттың сөзін жауапты орган жоққа шығарды.

Хайрулла Қалжанов, «Спец автотранспорт» ЖШС-ның қызметкері: «Бір күнде екі рет тазалаймыз. Контейнерлерді әктеп, сырлаймыз да. Бірақ, өздері ішін өртеп, бықсытып қояды. Оның орнын ауыстыру біздің қолымыздан келмейді. Ол тұрғын үй және коммуналдық бөлімнің жұмысы».

Осылайша тазалыққа жауапты «Спец автотранспорт» компаниясы тұрғындардың шағымын негізсіз деп санайтынын ілдірді. Олардың қоқыс жәшігінің орнын ауыстыруға құзыры жоқ екен.