Мемлекет қаржысы талан-таражға түсті. Жұмыспен қамту бағдарламасы жұмыссыздық мәселесін шеше алған жоқ. Ал «Жастар тәжірибесіне» жолдама алу үшін жалған құжаттар өткізген пысықайлар тіпті дипломдарды да қолдан жасағаны анықталды. Ал құжаттары сырттай қабылданған азаматтар бағдарлама қатысушысы екендіктерін орган қызметкерлерінен естіген. Бұл туралы бүгін облыстық прокуратура өкілдері мәлім етті.
Жалпы, республика бойынша бұл мақсатқа қаралған қаражаттың қомақтысы біздің облыстың еншісіне тиесілі. Мәселен, былтырғы жылы республикалық қазынадан осы мақсатқа 46,5 миллиард теңге бөлінсе, оның 40 пайызы бізге біздің облыстың бюджетіне келіп түскен. Алайда, атқарылған жұмыстардың көрсеткіші қомақты қаржыға сәйкес келмей отыр.
Бүгінде облыс бойынша әлеуметтік көмек алушылар қатары 18 мыңды құраса, оның 5 мыңнан астамы жұмысқа қабілеттілердің санатында. Әлеуметтік бағдарламалар мен жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы былтырғы жылы олардың небәрі 1 мыңын ғана бағдарламаға қатыстырып, 892-н ғана жұмыспен қамтыған. Ол аз болса, жұмыспен қамту барысына тексеру жүргізген прокуратура өкілдері өптеген заңбұзушылықтар мен қылмыстардың да бетін ашып беріп отыр.
Қадағалаушы орган былтырғы жылы басқарма мен бағдарлама қатысушылар арасында жасалған 25 әлеуметтік келісім шарттың жалған екенін анықтаған. Соңғы тексерулер нәтижесі дәл осындай екіжақты келісім шарттардың 166-н жалған екенін көрсетті. Сонымен қатар кәсіптік оқыту мен біліктілікті арттыру бойынша жасалып жатқан шаралардан нәтиже болмай тұр. Мәселен, бір ғана Кентау қаласы бойынша 4 мамандықпен 100 адам қайта даярлықтан өткенімен олардың біріне де екі қолға бір күрек табылмаған.
Бұл сала мамандарының еңбек рыногын қаншалықты зерттеп-зерделейтінен хабар берсе керек. Сорақысы сол — басқарма тіпті жұмысы бар азаматтармен де екі тараптық әлеуметтік келісім шарттар түзген. Жұмыспен қамтушылардың ізіне май шам алып түскен қадағалау органы осылайша «жоспарды асыра орындадық » деп жылдық есебін берген басқарманың былтырғы жұмысының былықтарын ашып берді. «Мемлекет қаржысын оңды-солды жұмсағандарға тиісті шаралар көрілетін болады» деді прокурорлар.