Созақтағы дүлей дауылдың орнын қалпына келтірген мердігер компаниялар биліктен ақшаны қайтарып беруін талап етуде. Осыған дейін екі жақ мердігерлерге қаражатты арнайы қорға жиналған ақша есебінен береміз деп келіскен еді. Енді келе бұл қаржыны мақсатсыз жұмсалған болып саналатыны белгілі болған. Сөйтіп кезінде көмек қолын созған компаниялар ақшасыз отыр.
Кенжехан Төлебаев, жұмылдыру дайындығы, АҚ, авариялар мен дүлей зілзалалардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру басқармасының бастығы: «Егерде біз бәрін қордан төлеп қойсақ, қордың ақшасы басқасына жетпей қалады. Ал республикадан келген қаражатты оларға төлей алмаймыз. Өйткені ол мақсатсыз болып есептеледі.Сол себепті менің ұсынысым, республикалық қаралған ақша келгенше екеуін бірге реттейік. Әйтпесе қордан беріп қойып, басқасының орнын жаба алмай қаламыз».
Үйін жөндеуге қанша шатыр, қанша ағаш жұмсалғанын тұрғындар қағазға түсіру керек. Соған қарай мердігер компаниялардың шығыны есептеліп, кәсіпкердің қарызы республикадан берілетін қаражаттан қайтарылмақ. Комиссия төрағасының орынбасары осындай ұсыныс айтып отыр. Алайда Сәкен Қаныбеков бұл мұны қолдамай тастады.
Сәкен Қаныбеков, ОҚО әкімінің орынбасары: «Барлық ақшаның сұрау бар. Олай болса тағы да есептеңіздер. Мүмкін жалпы 23 миллионды емес, заңгерлермен дәлелдеп, кеңесіп, құжатты дайындап ішінен 5 миллионды беруге болады десеңіздер, алғы төлем ретінде беруге болады. Өйткені келісім шарт жасалды ғой мердігермен қанша материал алатыны туралы. Олай болса солай етейік, заңға сәйкес.»
Миллиондаған шығын әкелген апаттардың орнын толтыра алмай жатқанда, Ордабасы ауданындағы олқылықтар тағы төтенше жағдайға әкелуі мүмкін. Арыс өзенінің жиегіндегі қиыршық тас пен құмды заңсыз тасымалдағандар сан рет ескерту жасалса да әрекетін тоқтатар емес. Бұл өз кезегінде өзен арнасының бұзылуына әкеп, су алу қаупін төндіреді делінді жиында. Ал білдей аудан әкімі заңсыздықты тоқтату қолымнан келмейді депті.
Сәкен Қаныбеков, ОҚО әкімінің орынбасары:»Дәл орталықта тура Қараспанға бұрылатын жерде жол ашып, заңсыз тас тасып жатыр. Соны көріп тұрып, менің шамам келмейді дегеніне мен таң қалып отырмын. Біреуің ол жаққа барып көрмейсіңдер. Жолды да білмейді тіпті аудан әкімі».
Ал оңай жерден олжа тапқандардың есіргені соншалық әрекеттерін тоқтатпай жатыр. Ауданнан жиынға келген өкілдер болса бұл іспен құқық қорғау органдары айналысып жатыр дегенді айтып құтылды. Не керек, жиында қос мәселеге де толық нүкте қойылмай, проблемалар басы ашық күйінде қалды.