– Тұрсын аға, қазір елді латын қарпіне көшу мәселесі алаңдатып отыр. Тіпті соңғы 10 жылдың бедерінде қызу талқыланып келе жатқаны мәлім. Көпшіліктің пікірі әртүрлі. Сіздің көзқарасыңыз қалай?
– Бұл қазақ ұлтының алдында тұрған таңдаудың ең жауаптысы, әрі әр адамға тікелей қатысы бар шешім. Мен қазіргі жағдайда латын қарпіне көшуді толығымен қостаймын. Ресей тарапынан жүргізіліп жатқан ақпараттық-саясаттық әкімшілік ұйымдардың ықпалы болмай тұрғанда тез шешілуін қалар едім. Түркия, Қытай, Моңғолия, Ресейде қазақ халқының үштен бір бөлігі қоныстанған. Бұл үлкен ұлттық ұйытқы. Дегенмен, осы мемлекеттердегі қандастарымыздың ана тіліне қысым жасалуы ойлантарлық жағдай. Ал оларды ортақтастырудың бірден-бір жолы латын қарпіне көшу. Латын әрпін білмейтін адам қазір дүниежүзінде кемде-кем. Тағы бір мәселе бар. Елімізде бір мекеме мен екінші мекеменің, тіпті баспасөз орындарының өзі жазған хаттарын жіберу үшін қаншама қиындыққа түседі. Ортақ әріп жоқ. Ал банк, экономика, тағы да басқа жүйелер кирилл қарпінде тұрғанымызда қазақ тіліне көше алмайды. Өйткені оның ең бастапқы негізінде қазақ қарпі тұрған жоқ. Тек сауда тұрғысынан ойластырылған мәселелер. Ал ол біздің халықаралық қарым-қатынасымызды толық өтей алмайды. Осы күнге дейін шетелге хат жіберіп, хат алу өте қиын.
– Кейбір ғалымдар латынға бірден бой үйретіп кете алмаймыз деген пікір айтады..
– Әрине 5-10 жыл аға ұрпақ, 4-5 жыл ортаңғы ұрпақ, 1 жыл жас буын қиналады. Ал өсіп келе жатқан балаларға бұл ешқандай кедергісі жоқ. Он жылдың ішінде осы үш буын да бір деңгейге жетеді деп ойлаймын. Қаламгерлер, оқу жүйесіндегілердің арасында осы уақытқа дейінгілер кирилл қарпінде жазылған дүниелер оқылмай қалып қояды деген де пікір бар. Менің пайымдауымша, қазіргі заманның технологиясын ескергенде бұл қиын шаруа емес. Біз жаңа кітаптарды шығарып жатырмыз ғой. Сол жаңа кітаптардың орнына бір романды 15 минуттың ішінде кирилл қарпінен латынға түсіруге болады. Сондай жылдамдықпен жүзеге асырсақ, өткенге өкінбейміз деп ойлаймын. Сол өткеннің ішінде біздің ойымыздағы, бойымыздағы көптеген кәкір-шүкірлер кириллицамен бірге қалып қалса, тіпті жақсы болар еді. Сондықтан латын қарпін саудаға салмай, ұйымдасқан түрде жауапкершілікпен кірісу керек. Осы ретте мені алаңдататын бір мәселе бар. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде өткен мәжілісте «Болашақ латын әліпбиін қабылдағанда негізінен түбірі бар жиырма алты ағылшын әрпінің негізінде сөйлеу керек. Жаңадан әріп жасап қажеті жоқ» деген пікір айтылды. Ағылшын әрпін алуды қостаймын, бірақ оның жазылу формасында нақтылық қажет. Біз кирилл қарпін қабылдағанда бұрын бір-бірінің сөзін, жазуын түсіне беретін өзбек, татар, башқұрт, қарақалпақ, түркімен, әзірбайжан елдері кейін мүлдем түсінбей қалды емес пе? Өкінішке қарай, біз санамызбен, жұлын-жүйкемізбен, оқу-тоқуымызбен де Ресейге бауыр басып қалдық. Біздің бүкіл ұлттық діліміз, тіліміз, көзқарасымыз Ресейдің көзқарасымен қалыптасып келе жатыр. Ал тәуелсіз ұлт болу үшін өзіңді басып тұрған алғашқыны сілкіп тастау керек. Бұл бізді психологиялық жағынан дербестікке үйретеді.
– Аға, бүгінде Алаш қайраткерлерінің өмірін толық зерттеп, зерделеуге не жетіспей жатыр? Халықтың алаш идеясы хақында таным-түйсігі кеңейіп жатыр ма, әлде…
– Алаш идеясы бір күндік идея емес. Ол сонау әлімсақтан бергі, бұрынғы көшпелі, одан кейінгі түркі, одан кейінгі қазақ мемлекеті болып құрылған кездегі аңсар мен арманнан, тарихтың сабағынан, бодандықтың бодауынан тексеріліп отырып құрылған идея. Біртұтас алаш идеясы кеше де, бүгін де, ертең де, қазақ қазақ болып тұрған кезде мәңгілік қазаққа қызмет ететін идея. Сондықтан да бұл идеяны тәуелсіздігіміздің тұтқасы, нысанасы және киелі аманат ретінде қабылдауымыз керек. Оның әр бабы, әр сөзі, әр сөйлемі қазақтың тікелей қанымен, жанымен араласып жатыр. Мені таңдандыратыны, Ә.Бөкейхановтың ғылыми — экспедициялық зерттеулерінде осы қазақ өлкесінің картасы және ондағы өсетін барлық шөп терең талданып жазылған. Былайша айтқанда, қазақтың жерінде өсетін әр түп шөптің есебі бар. Сол есепке қарай отырып, қазақтың өсу, даму жолын, экономикалық мүмкіндігі ескеріліпті. Тура осы тәсілді адамның ішкі жан дүниесіне, көқарасына, рухани қажеттілігіне арналатын мұраттарды әр қандағы тамшының құрамымен есептеп, соны бір сөйлеммен қағазға түсірген. Сондықтан да, бұл идея мәңгілік және мәңгілік қазақтың мүддесін көздейді. Біз сол идеяны тұтынуымыз керек. Қазір Тәуелсіздіктің ширек ғасырға бойынғы жүріп өткен жолында біз көптеген қиыншылықтарға кездестік. Сыртқы-ішкі қысымдарға ұшырадық. Тұйыққа да тірелдік. Соның нәтижесінде ішкі-сыртқы қысымдардың ығымында кетіп, ұлттық белгіміз, нысанамыз, киеміз, қасиетіміз, күнкөрісіміз болып табылатын талай құндылықтардан айырылып қалдық. Бізде бір өте жағымсыз мінез бар. Белгілі бір қабылданған қаулы, шара, келісім туралы пікіріңді білдіріп, оның кемшілігін айтсаң, сен Үкіметке қарсы шыққан адам болып көрінесің. Сол жұрт сырт айналады. Жонын көрсетеді. Оның іші басқаны ойлайды, бірақ жаңағы пікіріңді қабылдамаған сияқты болады. Бұл басын құмға тығып алып, ештеңені көрмеймін, көрген жоқпын деген түйеқұстың әдеті сияқты. Егер де сол тұстардағы пікірлердің біразы ескерілсе теміржолдың торабын сол жерде бұрып жіберуге болады. Ал қазір бұрылатын жер өтіп кетті. Тауға шыр айналып, жаңағы торапқа қайтадан келеміз. Ал оған қаншама уақыт керек.
– Ойыңызды ашып айтсаңыз..
– Ашып айтқанда, көп мәселелер саясат пен ұлттық идеологияларды ажырата алмауымыз болып тұр ғой. Мәселен, асығыстықпен кеткен дүниенің бірі Еуразия идеясы. Бұл идеяны 15 жылдан бері байрақ қылып іліп келеміз. Мен тұрақты түрде өз қарсылығымды айтып келемін. Еуразия идеясы қозғалысының басында крестің белгісі бар. Шығысты шоқындырып жаулауға арналған қозғалыстың символы іспетті. Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынып отырған экономикалық Еуразиялық идеясы бұл мүлдем басқа жағдай. Ол сауда-саттық, алмасу. Онсыз ешқандай мемлекет даму деңгейіне көтерілмейді. Ал Президенттің өзі ешқашан да саяси бірлестік болмайды деп мәлімдеме жасап жүр. Ұлттық идеология мен идея ұғымдарынан да қазір көпшілік шатасатын болды. Мен қазіргі уақытта ұлттық идеология бар екеніне көзім жетпей отыр. Өйткені идеология деген ұғым бізде тәуелсіздік алғаннан бас-тап, мәселе ретінде ұлттың алдына қойылған емес. Мысалы, бір сұхбатта қазақ тілін ұлттық идеология дәрежесіне көтеру керек деген ұсыныс айтылды. Ол мүлдем қате пікір. Өйткені қазақ тілі қазақтың жаны, ділі болмысы. Бірақ тіл ұлттық идеология бола алмайды. Ол ұлттық идеологияның алдаспаны, қаруы. Меніңше, бүгін-кеше де, ертең де осы талапқа толық жауап беретін ол біртұтас алаш идеясы.
― Қазіргі қоғамдағы діннің жайы да күрделі тақырыпқа айналды. Белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков ағамыз «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген еді. Біз осы діннің қадір-қасиетін ұғына алдық па? Кейінгі қабылданған Дін туралы заңның кейбір тармақтарымен келіспейтіндігіңізді айтқан едіңіз..
– Дін қасиетті сенім. Сол қасиетті сенімді қорлауға ешқашан да жол бермеу керек. Ашығын айтайын, мен жоғары лауазымды азамат емеспін. Елдің азаматы ретінде өз көзқарасымды ашық айтқым келеді. Менің пайымымша, бұл заң асығыстау қабылданған секілді. Кейбір тұстары қоғамның наразылығын тудырғанын білесіздер. Әсіресе, хиджаб турасында ойымды айта кетсем. Егер қыз баланың таңдауы әбүйірін көрсетпей оранып жүру болса, ол дұрыс. Жүрегінде иманы бар әйел затын құрметтей білуіміз ләзім. Ұрпақ тағдырына бірден-бір жауапты да ол біздің асыл аналарымыз. Жоғары оқу орындарындағы, қоғамдық орындарда басына орамал таққан, көйлек кигендерді қуып шығу ол қателік. Келешек ұрпақтың тағдырына алаңдауымыз керек қой. Одан кейін, сүннетті ұстанып сақал қойғандарға үрке қараудың жөні жоқ. Елдегі террористік, экстремистік жағдайларды дінге байланысты емес, жеке қылмыстық іс ретінде қарастыру керек дегенді айтып келемін.
– Оңтүстікке алаштың біртуар ұлы Әлихан Бөкейханұлының туған күні қарсаңында жолыңыз түсіп отыр екен. Жалпы, бұл өңірге жиі-жиі келіп тұрасыз ба?
– Шымкент өңірі жайында көзқарасым әманда түзу. Жұмыс бабымен, жиі-жиі келемін ғой. Халқы еңбекқор, бауырмал екендігі бәрімізге мәлім. Жасыратыны жоқ, мұнда келсем көңіл-күйім көтеріліп қалады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан – Тағабай ҚАСЫМ