Бойжеткен мен…

Бойжеткеннің бойындағы дәл осы өзгерісті кез келген ана назардан тыс қалдырмауы керек
Бойжеткеннің бойындағы дәл осы өзгерісті кез келген ана назардан тыс қалдырмауы керек
Бойжеткеннің бойындағы дәл осы өзгерісті кез келген ана назардан тыс қалдырмауы керек

Айсұлудың ауруханаға түскенін естіп, анасына қоңырау шалдым. Осы күнге дейін денсаулығына шағым айтып көрмеген қыздың аяқ асты ауырып қалғандығына таңданып, жағдайын сұрап жатырмын. Менің сабырсыз күйімді сезген анасы қобалжып кетті. «Бәрі де менің кінәм. Бойжетіп қалғанын сезбеппін…» дейді дауысы дірілдеп. Айсұлудың ауруханаға нендей дертпен түскенін осы сөзден-ақ ұғындым. Ол бойжетіпті…

Қыз баласы ерте есейеді дегенді бәріміз де білеміз. Бірақ есею шағында сырласуға, дос-құрбысындай болуға көңіл бөлмейміз. Айсұлудың анасы да «ұят қой, қызыма оны қалай айтамын, менен ұялады ғой» деген жалған ұяңдықтың жетегінде жүріп, қызының бойындағы өзгерістер мен ерекшеліктерді назарынан тыс қалдырды. Ал өз бойындағы өзгерістерді түсіне алмай, іштей қынжылған қыз шарасыз әрекетінің арқасында ауруханадан бір-ақ шықты. Алғаш рет етеккірі келген. Қорыққаны бар, сасқаны бар салқын суға жуына беріпті байғұс қыз. Суық өтіп, бүк түсті…

Алғашқы етеккірді медицинада «менархе» дейді.

Кез келген әйелдің алғашқы етеккірі келген күн есінде шығар. Мазасыздық, үрей, сары уайым. Бұрындары бұл тақырыпты талқылау тым әбес көрінетін-ді. Ал бүгін заман басқа. Ақпарат көп, оның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екендігін анықтау да қиын. Бойжетіп келе жатқан қыз бала үшін мұндайда анасының не әпкесінің кеңесі, қолдауы аса қажет.

Алғашқы етеккірді медицинада «менархе» дейді. Қазақшаласақ, «бірінші қан». Бойжеткеннің бойындағы дәл осы өзгерісті кез келген ана назардан тыс қалдырмауы керек. Бұл кезеңде қыз баланың ағзасынан бөлек, психологиялық жағдайы да өзгере түседі. Тұйықталып, бойын үрей билеп, ыстығы көтеріліп, көңіл күйі болмай, мазасызданады. Кейбір қыздарда іштің төменгі бөлігі ауырып, белі сыздап, жатып қалуы мүмкін.

Қыз баланың алғашқы етеккірі ағзаның физиологиялық ерекшелігіне қарай әртүрлі жаста келеді. Әдетте бұл кезең 12 мен 14 жас аралығы. Бірақ кейбір қыздарда алғашқы етеккір 16-18 жасында болуы мүмкін. Бұл жоғарыда айтылған ерекшеліктерге байланысты. Етеккір келген күннен бастап, қыз баланың ағзасы, атап айтар болсақ жыныс бездері толығымен жетіліп, өз қызметіне кіріседі. Осы кезден бастап «цикл», яғни тұрақты кезең басталады. Егер қыз баланың бойында ауырсыну сезімі немесе өзге де қолайсыздықтар болып жатса, міндетті түрде балалар гинекологынан кеңес алу керек.

Етеккірдің қалыпты болуы эндокринді жүйенің жұмысына тікелей байланысты. Егер қыз баланың етеккірі тұрақты қалыпқа түспесе, ағзасында ақау бар. Мұны ертерек емдеп жазу керек. Дер кезінде емделмеген дерт, тұрмысқа шығып, балалы болғанда түрлі патологиялық ауруларға әкеліп соғады. Сондықтан қыз баланың денсаулығын ерте кезден-ақ бақылауда ұстаған жөн. Ал енді қыз баланы бойжеткен шаққа дайындау туралы айтайық.

Балиғат жасына толған қыз анасымен сырласып үйренуі керек. Анасы қызының ағзасында орын алатын өзгерістерді түсіндіріп, етеккір белгілерінің барлығын да ескертіп отыруы керек. Мәселен, алғашқы етеккірдің белгілері 2-3 ай алдын білінеді. Мұндайда іштің төменгі бөлігі ауырады. Ауырсыну сезімі аптасына бірнеше рет қайталануы мүмкін. Сонымен қатар жыныс мүшесінен ақшыл немесе сарғыш сұйықтық бөлінеді. Кей жағдайда бұл бөліндінің иісі болуы мүмкін. Мұндай кезде гигиеналық тазалықты өте қатаң сақтау керек.

Қыз баланың алғашқы етеккірі ағзаның физиологиялық ерекшелігіне қарай әртүрлі жаста келеді. Әдетте бұл кезең 12 мен 14 жас аралығы.

Бұдан бөлек қыз баланың басы жиі ауырады. Көңіл күйі құбылмалы күйде болып, болмашы нәрсеге ашуланып, мінез танытуы мүмкін. Мұндайда оған ұрысып, жекіп тастауға асықпаңыз. Қызыңыз бұл әрекеттің барлығын әдейі жасап жүрмегенін ескеріңіз. Эмоцияны бақылауда ұстау мүмкін емес.

Бұл кезеңде қыздың дұрыс тамақтануына да аса көңіл бөлген дұрыс. Ас мәзірінен тәттілерді азайтып, оның орнынан сүт тағамдары мен жеміс-жидектерді кеңінен пайдалануға тырысыңыз. Бірақ бұл мәзірді тек қызыңызға ғана ұсынбаңыз. Ол отбасының өзге мүшелерінен ерекшеленіп жүргендігін сезінбеуі керек. Бұл да қыз үшін күйзеліс тудыруы мүмкін.

«Етеккір келген жағдайда» деген жос-пар бойынша қызға арнайы төсемелерді дайындап қоюыңыз шарт. Өз бөлмесіндегі сөреге таза мақталы матадан үтіктелген төсеме дайындағаныңыз абзал. Дайын төсемелердің құрамында түрлі химиялық заттар болғандықтан, ағзаны ондай заттарға бірте-бірте үйреткен дұрыс. Қыз баланың жыныс мүшесі тым нәзік тіндерден тұрады. Сондықтан қабынуға өте бейім. Осының барлығын да қыз баласына жіті түсіндіріп, барлық сұрақтарына жауап беру керек. Етеккір күндерінде жиі жуынып отыру шарт, бірақ салқын суға емес. Бір литр суытылған қайнаған суға бір шай қасық ас содасын салып, дәрет алуға болады. Бұл ерітінді түрлі жұқпалардан сақтандырады. Жуыну барысында арнайы гельді немесе сабынды пайдаланбауға тырысу керек. Сабын табиғи микрофлораны (жыныс мүшесінің шырышты қабаты) құрғатып, қалыпты жұмысын бұзуы мүмкін.

Бойжетіп келе жатқан қызбен ашық әңгімелесу оңай емес. Сондықтан бұл жағдайға барынша дайындалу керек-ақ. Әңгімені төтесінен бастамай, алдымен қыздың сабағын сұрап, құрбылары мен достары туралы да мәлімет алғыңыз келетіндігін айтыңыз. Оның жақсы қасиеттерін мақтап, зор үміт күтетініңізді де жасырмаңыз. Еркелету – шолжақ етеді деген түсініктен арылғаныңыз жөн. Қыз баласы еркелеткенді ұнатады. Әрдайым анасының өзіне көңіл бөлгендігін қалайды. Сондықтан қызыңызға барынша жақындай түсіңіз. Құрбыңыз ретінде сыр айтып тұрыңыз.

 

Назира Нусерова
Назира Нусерова

Назира Нусерова, Шымкент қалалық №2 емханасының жасөспірімдер гинекологы

– Етеккір кезінде қызға тек физикалық тұрғыдан емес, моральдық тұрғыдан да көп қолдау қажет. Бізге келетін қыздардың басым бөлігі эмоционалдық күйзеліске түскендер. Анасына бойындағы өзгерісті айта алмайды, айтса да қолдау таба алмайды. Әсерінен стресс алады. Ал стресс кезінде етеккірідің қалыпты болуы мүмкін емес. Ауырсыну сезімі көп болады, тершең келеді. Цикл  қалыпты жағдайдан ауытқып, етеккірдің мерзімі 10 күнге дейін созылады. Мұндайда қыз ағзасына терапиялық ем тағайындаймыз. Қалыпты жағдайға келу үрдісі ұзақ уақытты талап етеді. Яғни медикаментті емнен бөлек, психологиялық та көмек керек. Көп ана осыны ескермейді. Тіпті, қызының бойжеткеніне үйренісе алмай, қатты ұрысатын аналар да бар. Әр ағзаның ерекшелігі бар. Кей қыздарда етеккір 10 жаста-ақ келеді. Мұндайда аналары аса сабырлы болуы керек. Қыз баласының ерте есеюі табиғи заңдылық. Бірақ мұнымен қыз баланың балалығы тыйылады деген сөз емес. Ол әлі де бала. Сондықтан барлығын байыппен түсіндіріңіз. Мұндайда анасынан артық көмекші, сырлас, жақын жан жоқ. Сонымен қатар гигиеналық тазалыққа жіті көңіл бөліңіз. Етеккір кезінде  жұқпаларға деген сезімталдық артады, сондықтан бұл кезде қыз балаға ауыр дене жаттығуларын жасауға, секіруге, велосипед тебуге, жүзуге болмайды. Денешынықтыру пәнінен де уақытша босатылғаны жөн.

 

Ұл баланың бұл шақтағы тәрбиесімен әкесі, ағасы немесе атасы айналысқаны жөн
Ұл баланың бұл шақтағы тәрбиесімен әкесі, ағасы немесе атасы айналысқаны жөн

…Бозбала

Бойжеткеннің өтпелі кезеңінен ұл баланың ержеткені оңай деп ойласаңыз, қателесесіз. Ұл балалардың ержетіп, физиологиялық өзгерісті бастан өткізуі қиынның-қиыны. Мұндай кезде ұлдың тәрбиесіне де, денсаулығына да үлкен жауапкершілікпен қарау керек.

Ер баланың бозбалалық шаққа қадам басуы – 15-19 жас аралығында жүреді. Қыздарға қарағанда баяу есейеді. Бірақ эмоционалды жағдайы күрделі болады. Ең алдымен дауысы жуандап, иегінде, мұрнының астыңғы бөлігінде түк пайда болады. Ағзасында тестестерон, яғни ер азаматтық гармон жетіліп, аталық безінің жұмысы күшейе түседі.

Ұйқы алдындағы эрекция яғни жыныс мүшесінің белсенділігі, таңертеңгілік эрекция жағдайларын да жіті түсіндіруіңіз керек.

 

Мұндайда бозбаланың үрпісінен сұйықтық бөліне бастайды. Сұйықтық бозбалаға біршама ыңғайсыздық туғызуы мүмкін. Іш киімінің ауы үнемі суланып қалғандықтан, бала өзін тым ыңғайсыз сезінеді. Бөлінді таңертең және кешкі уақытта үдей түседі. Бірақ күндізгі уақытта да үрпі аузы дымқылданып тұруы мүмкін. Бұл қалыпты жағдай. Мұндайда іш киімді таза ұстап, күніне екі мезгіл жуынып тұру керек. Уролог мамандар бұл кезеңді ұл баланың «белсенді даму кезеңі» деп атайды. Бұл кезеңде ұл баланың мінезі де өзгереді. Күші тасып, ақымақтықты көп жасайды. Сондықтан өтпелі кезеңде «қиын балалардың» саны күрт өсіп, жасөспірімдер арасындағы қылмыс етек алады. Ұл баланың бұл шақтағы тәрбиесімен әкесі, ағасы немесе атасы айналысқаны жөн. Себебі анасының тәрбие әдісі әсер етпеуі мүмкін. Оның үстіне ұл бала анасына шешіліп сыр ақтара бермейтінін ескеру керек. Бозбаланың ағзасындағы өзгерістерді де ұялмай сұрау керек. Дәретке шығуы, үрпісінен бөлінетін сұйықтың мөлшері сияқты жағдайдың барлығын да ұл бала жасырмай айтып отыруы тиіс. Сонымен қатар ұйқы алдындағы эрекция яғни жыныс мүшесінің белсенділігі, таңертеңгілік эрекция жағдайларын да жіті түсіндіруіңіз керек.

Ерте жыныстық қатынас белсіздік пен өзге де патологиялық дерттерге жол ашады.

Бозбалалардың басым бөлігі дәл осы тұста адасып, жаман әдеттеніп кетуі мүмкін. Өз үрпісін үйкеу арқылы жыныстық құмарлықты арттырып, анонизммен әуестеніп кетуі де ғажап емес. Сондықтан ұл баланы жыныстық қатынастан аулақ ұстау керек. Мұрт тебіндеу жыныстық қатынасқа дайын екендігінің белгісі емес. Ер бала жыныстық қатынасқа 18 жастан кейін ғана дайын болатындығын ескеру керек. Бірақ қазіргі кезде бұл ережені орындап жатқан бозбала жоқ. 15-16 жасында-ақ жыныстық қатынасқа түсіп, денсаулығына зиянын тигізіп жатады. Ерте жыныстық қатынас белсіздік пен өзге де патологиялық дерттерге жол ашады. Мұны бозбалаға жіті түсіндіріп, ұғындыру керек. 16 жастан басталған төсек қатынасы 25 жасқа келгенде сыр береді. Нағыз белсенді болатын шақта, ер-жігіттің сексуалды ахуалы нашарлай түседі. Бұл дәлелденген дәйек. Аталық безінің жұмысы әлсіреп, ұрығы да сапасыздана түседі. Халық арасында айтылатын «әлсіз еркектен қыз бала ғана туылады» деген сөз бекер айтылмағандығын да ескерген дұрыс сияқты. Ұлыңызды бозбалалық шақтан ер-жігіттік кезге дейін салихалы түрде тәрбиелеуге тырысыңыз, әкесі.

Ақмарал Мырзахметова