Азаматтар салық төлеуде әлі де салғырт. Шымкент қаласы Абай ауданы бойынша салықтан жалтарған 300 мыңдай мүлік иесі салықшылардың қара тізіміне ілікті. Енді уақытылы төлемеген борышкерлер сот алдында жауап береді.
Бүгінде салықшылар салық төлемей отырғандардың үйіне сан рет сандалып табан тоздырумен жүр. Ал қазына тиесілі қаражаттан қағылып отыр. Мамандардың сөзіне сенсек, былтырғы жылы аудан бойынша жер, мүлік салығына 66 млн теңге түсуі керек болса, оның 6 миллионын салықшылар әлі күнге өндіре алмаған. Борышкерлердің арасында тіпті мүлік салығына 5-6 жылдан бері төлемей жүргендері де баршылық. Жұмысбасты салық төлеушілер көбіне салық төлеуге уақыттары жетпейтінін алға тартады екен. Сондай-ақ сала мамандары бүгінде үй иелерінің мүліктерін бағалатуда түрлі құйтырқылықтарға барып жүргендерін де жасырмайды. Қомақтырақ несие алу үшін үй бағасын әдейі қымбатқа бағалататын қожайындар мүліктің нарқы өскен сайын салығының да көтерілетінін ескере бермейді екен. Онымен қоса салықтан жалтарушылар тұрып жатқан баспаналарын құзырлы органға тіркетпейтін де көрінеді. Алайда ондай азаматтар салықтан бөлек айыппұлды қоса төлейді, – дейді мамандар.