Имамдарға — қатаң сөгіс

341
ОҚО бас имамы
ОҚО бас имамы
ОҚО бас имамы

Сайрам ауданы Қайнарбұлақ ауылының имамына қатысты қылмыстық іс бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қалың елге желдей есті. Имамның жасаған әрекеті діни басқармаға да жегілікті халыққа да абырой әпермеді. Діни басқарма өкілдері болған жағдайдың анық-қанығына көз жеткізді.

Халықты дүрліктірген окиғадан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажұлының бұйрығымен имамдарға жіберген өрескел қателіктері үшін қатаң сөгіс жарияланды.

Алдымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы Бейбіт Мырзагелдиев қарауындағы діни қызметкерлерге бақылауды әлсіретіп, имамдарды Бас мүфтидің бұйрығымен тағайындалған мешіттен басқа мешітке рұқсатсыз, өз бетінше ауыстырып, ақырында БАҚ бетінде діни басқарма мен дініміздің беделін түсіруге әкеп соқтырған тәртіптік теріс қылығы үшін Еңбек Кодексіне сәйкес, тәртіптік жаза ретінде қатаң сөгіс алды.

Сонымен қатар, Шымкент қалалық «әл-Біләл» мешітінің бас имамы Талғат Әсембайға қарауындағы діни қызметкердің өткен жылдың шілдесінен бері заңды түрде босамастан жұмыстан кетіп қалуына жол бергені үшін сөгіс берілді. Сол секілді Сайрам ауданының бас имамы Рахматилла Жүмаділлаевқа Қайнарбұлақ елді мекеніндегі «Насрулла» мешітінде имамның ұзақ мерзім бұйрықсыз қызмет етуіне жол беріп, оларға бақылауды әлсіретіп алғаны үшін қатаң сөгіс жарияланды.

Бүгінде діндарлардың жұмысын ширатуға ден қойыла бастады. Осындай келеңсіз жағдайлар орын алмас үшін бұдан былай өңірлердегі имам-молдалармен тығыз байланыс орнатып, олардың жұмысын жіті қадағалап отыру шарасы қолға алынды. Алдағы уақытта тіпті имамдар бірнеше талап бойынша аттестация тапсырып, дәрігерлер мен психологтардың тексерулерінен өтуі мүмкін.

Имамдарды аттестациядан өткізу шарасы біздің облыстан басталады. Бұған медицина, психология салаларының білікті мамандарын жұмылдырылу көзделуде.