Шымкентте «Көктем аруы-2013» байқауы аяқталды. Сұлулар бәсекесіне 22 ару қатысып, ақтық жобаға 14-і ғана жолдама алған. Байқаудың басты талабы қазақ қызының қазақшасы судай болуы керек. Ұйымдастырушылар соңғы кездері жастардың ана тіліне шорқақ боп бара жатқанын ескерсе керек. Осындай шарт енгізді. Сонымен қоса 16-25 жас аралығындағы сұлулардың бойы 170 см-ден кем болмауы ма назарға алынды.
Шымқалада тұңғыш рет қолға алынған «Көктем аруы-2013» байқауының шарты бойынша ең алдымен арулар өз өнерлерін паш етуі керек. Бірі домбырада құйқылжыта күй тарта, енді бірі шарықтата ән салды. Ал 16 жасар үміткер Бағила Шаяхметова жыланды мойнына орап, Шығыс биін нақышына келтіре биледі.
Бағила Шаяхметова, үміткер: “Мен жыланнан қорыққан жоқпын, себебі ол менің серіктесім сияқты болды. Бірге би биледік. Қайта бидің соңында ән аяқталмаса екен деп тілеп тұрдым. Жылан деген әуенді жақсы көреді ғой. Ал мен бас жүлде алу үшін тіпті жолбарысты да алып шығуға бармын. Барыс, арыстаннан да қорықпайтын едім. Бұл байқау мен үшін үлкен маңызға ие деп білемін. Сол үшін де мен бар жігерімді жұмсап, мақсатыма жетемін деген ойдамын”.
Үздіктердің үздігі атану үшін бойдың ұзындығы ғана емес, ойдың ұшқырлығы да қажет. Бірақ дәл осы шартта сұлуларымыз оңбай сүрініп жатты. Ал көрермендер жағы арулардың ақылын сынауға келгенде қазылар алқасының пікірімен келіспей қалды. Әділдік жоқ дейді.
Алихан Жақсылық, көрермен: “Бұл байқаудың басты мақсаты қазақ қыздарының сұлулығы мен ақыл-парасатын, білімін көрсету. Салт-дәстүрімізді, тарихмызды дәріптеу. Байқау осы мақсаттарды көздегенімен де, қазылар алқасы қыздардың тек сыртқы келбетіне ғана назар аударуда, ақылы мен білімін бағалап жатқан жоқ. Осы жағы барлығымызды қынжылтып отыр. Араларында сұлу әрі білімді сұлуларымыз да бар ғой. Соларға да жақсы бағлар қоюылуы керек”.
Гүлжәзира Дүйсенова, көрермен: “Менің ойымша қарапайым ғана сұрақтарға жауап бермеген қыздарға жоғары балл қоюға болмайды. Олардың бағасын мынау білімділермен салыстыруға келмейді ғой. Дәл қазір бағалау әділ болып жатқан жоқ”.
Шымкенттің 14 аруының ақылы мен көркін бағалау 5 адамнан құралған қазылар алқасына жүктелген. Дизайнер, халықаралық сән үлгісінің жеңімпазы Марат Нәлжігітұлы, модель, “халықаралық класс” атағының иегері, Fashion Hause inter Kazaksh байқауының 1-орын иегері Жәмиля Расулова, актер, режиссер Шапағат Орынбаев, “Нұр Отан” ХДП ОҚОФ “Жас Отан” Жастар қанатының атқарушы хатшысы Заңғар Үсіпахметов, Шымкент қаласы қазақ тілін оқыту, салт-дәстүрді және өнерді насихаттау орталығының директоры Нұрила Жұманова байқауға қазылық етті. Сонымен «Көктем аруы-2013» байқауының бас жүлдесін 19 жасар ару Хадиша Фахридинова жеңіп алды. 1-орынды Айсана Назарова иеленді. 2-орынға Бағжан Жасұзақ лайық деп табылды. 3-орын Жұлдызай Әбдразақоваға бұйырды. “Көрермендер көзайымы” арнайы жүлдесін 16 жасар ару Бағила Шаяхметова жеңіп алды.
Нұрила Жұманова, қазылар алқасының төраймы: “Бұл жерде ешқандай таныс-білістік, туыс-жекжат дегендер болған жоқ. Мен сайыстан 1 күн бұрын қазылар алқасына шақырылдым. Қасымдағы қазылар алқасының мүшелерін де онша танымаймын. Барлығы да өз саласының білгірлері деп қойған шығар енді осында. Үздік суырылып шықты ғой. Сондықтан байқау барынша әділ өтті деп айта аламын”.
Бас бәйгені алған ару енді «Шымкенттің ханшайымы» атану үшін барын салмақ. Өйткені ол қаланың сұлулар сайынысында бағын сынайды.