Түлкібас ауданының Балықты ауылында орын алған қайғылы оқиға жұрттың жағасын ұстатты. Полицияның дерегіне сүйенсек, осы ауылдың тұрғыны Бақтығали Қасабаев түнгі сағат үш жарымдар шамасында өзінің көршісі, «Бидай» ЖШС-нің төрағасы Фаридин Қыдыровтың қорасындағы жинаулы тұрған шөбіне от қойған. Сосын өртті сөндіруге үйден жүгіріп шыққан отбасы мүшелерін шетінен ата бастаған. Қас-қағым сәтте оның кезенген қаруынан үш адам қаза тапқан, тағы үш адам ауыр жарақат алған. Атылғандардың бірі – 12 жасар бала. Екіншісі – жиырмаға толған жас жігіт. Ал шаруа қожалығы төрағасының өзі тағы бір ұлы және інісі ауруханаға жеткізілген. Ал Бақытқали осыдан соң Арыс өзенінің жағасына барып, өзін-өзі атқан.
Түлкібас аудандық орталық ауруханасына жеткізілген жәбірленушінің бірі – 22 жастағы Байрам Қыдыров та осы оқиғадан соң бірнеше күннен кейін көз жұмған. Миына оқ тиген оған дәрігерлер ота жасапты, дегенмен одан жағдайы жақсармаған. Дәрігерлер өкпе тұсына оқ тиген тағы бір адамның жағдайы ауыр деп отыр. Жалпы, қанды оқиғаның себебі бүгінде бүкіл ел аумағында қызу талқыланып жатыр. Көршілердің сөзіне сенсек, марқұм Б.Қасабаевқа тиесілі жер телімі арқылы Қытайға тартылған мұнай құбыры өтеді екен. Қытайлар жерді пайдаланғаны үшін қомақты қаржы төлейтін көрінеді. Осыны білген Фаридин Қыдыров көршісін алдап-арбап, оның иелігіндегі жерді өзіне қаратып алған көрінеді. Олар жер үшін көршісіне ақша беруге де келіскен. Артынан уәдесінен айнып, сөзбұйдаға сала берген. Осылай табаны күректей бес жыл өтеді. Бірақ бәрібір іс Қадыровтың пайдасына шешілген.
Марқұм Бақытқалидің жесірі Маржан Нарымбаеваның сөзіне қарағанда, көршісі олардың отбасына 1,5 млн теңге беремін деп уәде еткенімен ақшаны да жерді де бермей алдап кеткен. Тіпті, Бақытқалидың жағасынан алып, талай рет балағаттаған да. Жейтін нан таппай қалған Маржанның өзін де көршісін де балағаттап, қуып жіберген көрінеді. Ал Фаридин Қыдыровтың сөзіне сенсек, Бақытқали оған доқ көрсетіпті.
Бақытқалидің тағы бір көршісі оған атын баққызып, жеме-жемге келгенде ақысын бермей кеткен. Ал бұл кезде баласы мен әйелі ауырып, олардың ем-домына қаржы таппай қиналған кезі-тін. Осыдан кейін ол оқыс қадамға барған. Көршілерінен көңілі әбден қалған ол алдымен өзінің жылқысын баққызған адамның мал қорасына от қойыпты. Қорада 12 жылқы күйіп-жанып, күлге айналған деседі. Сосын кезек Фаридин Қыдыровтың отбасына келген.
Жалпы, жергілікті жұртшылық бұл қанды қылмысқа марқұм Б.Қасабаев көршілердің шектен тыс әрекеттерінен әбден мезі болғаннан кейін, шыдамы таусылғаннан барған дегенді алға тартады. Қазір осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.