Көзмоншақ жайлы не білеміз?

Бүгінде босаға аттаған келінге де, оның артынан келген дүниеге де, жүйрік аттарға да, жаңа тұрғызылған тұрғын үй мен сатып алынған көлікке де көзмоншақ ілетіндер бар
Бүгінде босаға аттаған келінге де, оның артынан келген дүниеге де, жүйрік аттарға да, жаңа тұрғызылған тұрғын үй мен сатып алынған көлікке де көзмоншақ ілетіндер  бар
Бүгінде босаға аттаған келінге де, оның артынан келген дүниеге де, жүйрік аттарға да, жаңа тұрғызылған тұрғын үй мен сатып алынған көлікке де көзмоншақ ілетіндер бар

Қазақ ежелден ырымшыл халық. Әсіресе, көзмоншаққа деген наным-сенімі жоғары. Жалпы, қазекемнің көпшілік назарынан қорғанып көзмоншақ тағуы ертеден бастау алған. Олар жаңа туған нәрестенің өңіріне «көз өтпесін» деп көзмоншақ қадап қоятын. Бүгінде босаға аттаған келінге де, оның артынан келген дүниеге де, жүйрік аттарға да, жаңа тұрғызылған тұрғын үй мен сатып алынған көлікке де көзмоншақ ілетіндер бар. Негізінде наным-сенімге нәзік жандылар бір табан жақын келеді. Сол себепті болар, арулар өздерін көзден сақтау үшін түрлі сәнмен жасалған көзмоншақтарды тағатынды әдетке айналдырды. Алайда, осындай наным-сенімнің күші қаншалықты?

Өзіміз сұрастырып білген қариялардың айтуынша, қазіргі көзмоншақтардың бәрі қолдан жасалған екен. Ал нағыз көзмоншақ кез келген жерде жататын, оңай табылатын зат емес. Оның дария мен өзен-көлдердің жағасынан іздеп алып жасайтын көрінеді. Толқын ұрып шайып жағаға шығарған тастың бірнеше жерінде ақ дақтары болады деседі. Мұндай тастар басқа тастардан өзгешелеу болады. Сондықтан да оларды ажырату аса қиын емес. Зерттеушілердің пайымдауынша, көздің өткірлігіне, оның тиетініне, яғни құпия күшінің сиқырлап тастайтынына ежелгі египеттіктер өте қатты сенген көрінеді. Содан олар түрлі көз бояулар мен далаптарды ойлап тауып, жақсылық әкелмейтін көздердің нұрынан сақтану үшін қолданыпты. Әлемде көздің өткір нұры болатынына, оның адамға тиетініне Еуразия, АҚШ, Африка, Түркия, Иран, Үндістан, Монғолия, Жапония, Қытай елдерінің көп халқы иланады. Өткір көздердің қасиеттері жайында «Інжілде» де айтылады.

Зерделеп, пайымдасаң адамның басқа мүшелерінен гөрі көздері ғана оның ішкі сезімі мен санасынан хабар бере алатын күшке ие. Көптеген елдердің халқы көздің сәулесі қызғаныштан түседі деп есептейді. Мәселен, атақты қолбасшы Александр Македонский: «Адам әлемге қарап тұрған кезде оны құмарлық жеңеді. Тек адамды құмға айналдырар өлім ғана, оның көзіндегі күшті, қызғанышты жояды», – деген екен.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) көз тиюге байланысты былай депті: «Егер сендерден кісі ағайынның, не өзінің, не мал-мүлкінің өзіне қатты ұнағанын сезсе, оған берекет тілесін. Өйткені көз тию бар нәрсе». Алайда, дінімізде тұмар, талисман, түрлі жіптер мен моншақтар ілу, сондай-ақ тіл-көзден сақтайды деген оймен тағылған түрлі әшекей бұйымдарды пайдалану, кішкентай балалардың шекесіне бәле-жаладан сақтасын деген оймен күйе жағу үлкен күнә болып табылады. Өйткені мұндай әрекеттер Құран мен Сүннетте бекітілмеген. Шейх Абдур-Рахман әс-Сади: «Басқа төнген тауқыметтен құтылу немесе одан алдын ала сақтану мақсатымен жүзік, тұмар және соған ұқсас нәрселерді тағу – Жалғыз Жаратушы және Басқарушы Аллаһтың тәңірлігіне қатысты ширктің көрінісі болып саналады. Өйткені Оған жаратуды және істерді басқаруда серік қосылып жатыр…» депті. («Қаулу-ссадид» 89).

Иә, көз тию – тылсым сырға толы ежелгі наным-сенім. Оған қазір де көп халық иланып, сақтану үшін түрлі іс әрекеттерге барады. Бұл жөнінде дінімізде де ойланарлық ұстанымдар бар. Адамның өмірін көзмоншақ сақтап, бәле-жаладан, тіл-көзден қорғайды деген жалған ойдан арылатын кез келген сыңайлы. Айту бізден, нәтиже шығару сізден, құрметті қыз-келіншектер!

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ