Кентау қаласының тұрғындары орталық базардың бұзылуын талап етуде. Олар тіпті, көшеге шығып, наразылық шарасын ұйымдастырды. Айтуларынша, орталық даңғылда орналасқан сауда орны көлік қозғалысына кедергі келтіріп, қаланың экологиясына да айтарлықтай зиян әкеледі. Сондықтан да оны көшіру қажет деп санайды.
Кенді қаланың орталығындағы жалғыз даңғылдың сәнін базар бұзып тұр. Шеттен келген ағайын аяқ алып жүре алмайды, ал жергілікті тұрғындар ешқандай талапқа сай келмейтін бұл базардың орнын ауыстыруды талап еткелі, талай ай емес, жылдардың жүзі болған.
Әлиайдар Тойшиков, Кентау қаласының тұрғыны: » Ол базардың ішінен ыстық судың ең негізгі магистралі өткен. Теплотрасса ТЭЦ-5-тен шығатын. Ешқандай заңға сәйкес емес, тазалық жөнінен де негізінде көшіру керек қой».
Қаланың бас жоспары бойынша базар орнында гүлзар орналасуы керек дейді бас сәулетші. Сөйтіп, бұл маң демалыс орнына айналуы тиіс екен.
Ал ақшаға құныққан кәсіпкерлер базардың аумағын тіпті 3 гектарға ұлғайтып алған көрінеді. Жергілікті билік өкілдері болса, «соттың жауабын күтіп отырмыз» деп ақталды.
Санобар Саниева, Кентау қаласы әкімі аппаратының заңгері: «Сот процесі жүріп жатыр. ҚР Жер кодексінің баптарына сәйкес. Соттаулар тек қана сот арқылы жүргізіледі. Сол себепті соттың шешімі шыққан соң біз бұл туралы жұмыстар атқарамыз».
Негізі бұған дейін қалалық әкімдіктің заңгерлері базар қожайындарымен екі рет соттасып үлгерген.Жеңіп те шыққан екен. Бірақ сауда орнының иесі бұл жерді мемлекет меншігіне қайтаруға асығар емес. Ол санитарлық талаптарды орындамағаны үшін ғана айыппұл төлеп, барлығынан құтылып отыр.
Орталық көше ашылсын, тұрғындарға жағдай жасалсын деп талап етке кенді қала тұрғындары жылдар бойы шешілмей келе жатқан түйінді облыс басшылығы шешіп берсе дейді. Сондай-ақ олар өз уәжін Елодаға дейін жеткізуге де дайын.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=juF5_SNztw8[/youtube]