Қазақтың біртуар композиторы Мұқан Төлебаевтың туғанына биыл 100 жыл. Бала кезінде ақ өз ортасында шығармашылық дарынын байқатқан композитор «Мен сені сүйемін» және «Ақ мақта, «Сағыну», «Келші сәулем», .т.б көптеген туындылармен қатар Л. Хамиди және Евгений Брусиловскиймен бірге Қазақ КСР-і әнұранын жазып шыққан. Осыған орай Гайдар атындағы орталықтандырылған кітапханада композитордың бір ғасырлық мерейтойына арналған шара өтті.
«Кітапханада М.Төлебаев туралы жазылған шығармалар өте көп. Оның шығармашылығын жастар арасында насихаттау мақсатында өткізіп отырған шара»,- дейді кітапхана қызметкері Арайлым Жақсыбаева.
Облыстық саз колледжінің студенттері М.Төлебаевтың мұрасындағы фортепиано мен скрипкаға арналған поэмасымен қоса лирикалық туындыларын орындады. «Тос мені тос», «Кестелі орамал», «Келші сәулем» әндерін шырқады. Сондай-ақ кеште қазақ музыкасын опера тілінде сөйлетіп, өмірге әкелген «Біржан сал мен Сара» атты ең ірі еңбегі туралы сыр шертілді.
«Біз өнер саласында білім алып жүргендіктен де болар, ол кісінің шығармаларын, әндерін жиі орындаймыз. Ал қарапайым халық ол кісі туралы аз біледі деуге болады. Сондықтан осындай шаралар көптеген орталықтарда, білім ошақтарында жиі өткізілсе екен»,- дейді ОҚО саз колледжінің сутденті Әділжан Әлімжан.
Ал шараға қатысқан мектеп оқушылары да бұл кештен ерекше әсер алғанын айтады. Олар қазақ музыкасын кәсіби деңгейге көтеріп, өшпес мұра қалдырған дарын иесінің өмірімен тереңірек танысып, шығармашылығына үңілуге мүмкіндік алды.
«Мен осы кешке қатысқаныма өте қуаныштымын. Өйткені музыка, күй өнеріне деген сүйіспеншілігім арта түсті. Біртуар композитор туралы көптеген мәліметтерден хабардар болдым»,- деп, өз ойымен бөлісті оқушы Сымбат Бердібекова.
Айта өтейік, 2013 жыл ТҮРКЦОЙ халықаралық ұйымының ұйғарымымен М.Төлебеав жылы деп жарияланды.