Мәжбүрлік

Ана мен балаға деген қамқорлық сөз жүзінде қалмаса екен

«Бала дегенде ананың шығарға жаны қалмайды» деген ұғым бүгінде жоққа шыққандай. Баласын сатқан ана. «Баламды балалар үйіне өткізгім келеді». Екі күннің бірінде осындай ақпараттарды құлағымыз шалатын болды. Бұл не безбүйректік пе?! Мейманасы тасыған мейірімді кездестіру де қиынның қиыны болғалы қашан. Алайда ана он екі тамырын идіріп, тар құрсағын кеңейттірген өз баласын көзі қиып қалай сатады?

Ана мен балаға деген қамқорлық сөз жүзінде қалмаса екен
Ана мен балаға деген қамқорлық сөз жүзінде қалмаса екен

Ақпанның орта белінде Алматы жақта бір әйелді баласын сатуға әрекет еткені үшін полиция ұстап, бүкіл елге масқара етіп көрсетті. Әлгі бейбақтың үш баласы бар. Төртіншісін жаңа босаныпты да құнын 6 мың доллар деп саудалауға кірісіпті. Полицияның құрығына ілігіп, кісендеулі күйінде кетіп бара жатқан сол келіншек «кешіріңдерші, мен бұлай істеуге мәжбүр болдым. Енді қайталамаймын» деп шырқырап бара жатты. Мәселенің мәнісін кейін білдік қой. Байғұс әйел үйдегі жұмыссыз күйеуінен көресіні көрген. Оны қойшы, анау үш баланы аштан өлтіріп алмас үшін төртінші перзентін сатуға бел буыпты. Мәжбүрлік! Дәрменсіздік! Амалдың жоқтығы.

Кешегі аптада «өз ұлдарымды балалар үйіне өткіземін» деген Жанерке есімді келіншектің жанайқайы естіген жанның төбе шашын тік тұрғызғаны рас. Алдымен әйелді жазғыруға асықтық. «Қалай ғана дәті барады солай етуге» деп. Сөйтсек, мәселе тағдыры тәлкекке түскен Жанеркеде емес екен. Бәріне кінәлі мәжбүрлік. Төрт жыл бұрын тағдырлары тоғысып, сүйіктісімен бас қосқанда балалар үйінде тәрбиеленген Жанерке бақыт деген осы шығар деген-ді. Туған-туыс, ағайын жиналып оның беташар тойын өткізгенде жетімдіктің дәмін татып бойжеткен қыз алдағы өмірінің осылайша тағы да бұралаң жолға салып жіберетінін қайдан білсін-ай?! «Ел қатарлы отбасы боламыз. Балалы-шағалы болып, бақытты күн кешеміз» деп қиялдады.

Енді, міне, ерлі-зайыптылардың арасына сына қаққан ененің балалар үйінің түлегіне еш ішіжылымаған. Ақыры жас жұбайлар ажырасып тынады. Өкініштісі сол, екі құлыншағын жетектеп, басар жері, барар тауы жоқ болса да Жанерке барын салып, екі ұлын өсіріп бағады. Біреудің үйін ақтап берсе, енді біреудің ыдысын жуады. Кафе-мейрамханаларға жалданып көрді. Күнде тапқан нәпақасы наннан артылмайды. Оның өзін медет тұтқан мұңлықтар бірде тоқ, бірде аш күнелтеді.

Бірақ Жанерке де адам ғой. Ит тірлік шаршатып-ақ жіберді. Титықтаған келіншек түнімен аш құрсақ жатып, таңға дейін «нан, мама қарным ашты, нан берші» деп ыңырсыған екі баласын қалай жұбатарын білмейді. Шыбын жаны шырқырап, ондайда байыз таппай кетеді. Жүйкесі жұқарды. «Бүйткенше, балаларымды балалар үйіне өткізейін. Тым болмаса ол жақта тамақтары тоқ, көйлектері көк болады ғой» деп шешті. Амалсыздық. Мәжбүрлік. Байқайсыз ба, көбімізді соңғы кезде осы екі себеп тұйыққа жиі тірейтін боп кетті. Неге?

«Бала дегенде ананың шығарға жаны қалмайды» деген ұғым бүгінде жоққа шыққандай
«Бала дегенде ананың шығарға жаны қалмайды» деген ұғым бүгінде жоққа шыққандай

Оң-солын әлі танымайтын, бесіктен белі шықпай жоқшылық пен мейірімсіздіктің дәмін тататындай Нұрасыл мен Нұрисламның не жазығы бар?! Ақ қар, көк мұзда дірдектеп жаурап жүргенде, тамақ таппай қатқан нан кеміріп отырғанда сол екі ұлдың әкесі қалай тыныш ұйықтады екен? Келінін «детдомский» деп кемсітіп, баласынан ажыратып алған ана екі немеренің бұл күйін біле тұра қалай шыдап жүр? Жанеркені келін етіп алған бүкіл әулеттің бас көтерер ақсақалы, жас отбасының басындағы жағдайдан хабардар ауыл биі мұндай жағдайға қалай көз жұмады екен. Биік мінберден жастар тәрбиесіне, отбасы құндылығына жанашырлық танытып аталық сөз арнайтын сол азаматтар неге Жанеркеге қол ұшын созуға асықпаған?! Әлде ардагерлер кеңесі тек әкім-қаралардың есебін тыңдап, талқылаудан қолдары тимей жүр ме екен…

Әрине, өзгеге кінә арту оңай. Бірақ қазақ «жесірін жылатпаған, жетімін қаңғыртпаған» дегенді айтқанда жауыр етеміз. Іс-жүзінде осы сөзге лайықты болсақшы.

Абырой болғанда біздің қоғам түбегейлі қатігездерден тұрмайды екен. Ет жүрегі елжірейтіндер бар білем.

«Отырар» телеарнасынан Тассай ауылында баспана жалдап тұратын Жанеркенің аянышты тұрмысы туралы көрсетілген сюжеттен соң оған қолғабыс етіп, көмектескісі келетіндер табылуда. Алайда бұл тағдыр дегенді қойсаңызшы, маңдайы әбден тасқа тиіп қалған Жанеркеде адамдарға деген сенім азайған. «Алдап кетпесіне кім кепіл, қайтадан далада қалсам, балаларымды қалай асыраймын» дейді егіліп. Балалар үйінде өскен қыздың екі ұлын балалар үйіне беруге қимайтыны анық. «Бірақ аш жүрмейтін болады ғой» деп күрсінеді. Ол «маған көмектессін» деп отырған жоқ. Тұрақты жұмыс тапсам өзім-ақ асырайтын едім дейді. Жалға алған баспанасының да ақысын төлей алмағандықтан далада қалғалы отыр. Жанын жеп бара жатқан мәжбүрлік те осыдан.

Түйін:

Телеарна тілшілері сюжет түсіруге барғанда Жанерке бар мұңын айтуға да ұялыпты. Жасқаншақтап, «жұрт не дейді?» деп ұялғанын айтып келді тілшілеріміз. Дәл осы «жұрт не дейдімен» талай келіншек соры ашылмаған күйі іштен тынып жүргенін ескерсек, біздің бүгінгі қоғамда дәрменсіздер мен амалсыздар қаншама?! Мәжбүрлік меңдеп барады.

Жанеркеге жанашыр адамдар табылғанына қуанып отырғанымызда, жергілікті гезеттердің бірінен «дәрігерлер егіз босанасың деді. Бірақ мен оларды баға алмаймын. Бала керек адамдар асырап алам десе беруге дайынмын» деген жас келіншектің сырын оқып таң қалдық. Бұл мәжбүрліктен құтылудың жолы бар ма?

Айтпақшы, Жанеркеге әлі де көмек керек. Қайырымды адамдар қол ұшын созамын десе редакциямен хабарласуына болады. Тағдыры тәлкекке түскен Жанеркені жалғыз қалдырмайық. Ең бастысы екі құлыншақ анасының жанында болуына көмектесейік. Онсыз да тастандылар көп емес пе, олардың санын көбейтіп, қатігез ұрпақ тәрбиелеуге жол бермесек екен.

Ай-Қаракөз СИҚЫМБАЕВА

Ал осы кезде…

Елбасы Н.Назарбаевтың наурыздың 1-і күнгі Жарлығына сәйкес енді Қазақстанда «Отбасы күні» деген мерекелік дата бар. Ол қыркүйектің екінші жексенбісі болып белгіленді. Енді жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісінде әрбір қазақстандық отбасы құндылығын паш еткізер мерекені атап өтетін болады.

 

Жанерке Темірбаева
Жанерке Темірбаева

Жанерке Темірбаева, жалғызбасты ана

– Екі баламды да жетімдер үйіне өткізсем бе деп едім. Кейде қатқан нан жеп, кейде кешке дейін аш отыратын күндеріміз жиі болады. Қолымнан келгенінше әрекеттеніп жатырмын. Біреулердің үйін жинап, ыдыс-аяғын жуып беремін. Еңбек етіп, нанымызды тауып жесек екен деймін. Осындағы кафелерге барып, ыдыс, еден жуамын. Кафе қожайындарының кейде түнгі уақытқа дейін ұстайтын кездері болып қалады. Ал балаларымды қамап кетемін. Жұмыс істеп жүріп солар бірдеңеге ұрынып қалды ма деп уайым шегемін сосын. Қиналып кеттім. Мені түсініңіздерші… Сот жүзінде ажырасқанымызбен күйеуім алимент төлемейді. Сот орындаушылар, «оның ешқандай дүниесі жоқ, қалай төлейді?» деп шығарып салады мені. Енді не істеймін?!